12:58
Рухани-танымдық сүрлеулер

ТАБИҒАТ ТАҢҒАЖАЙЫПТАРЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҰЛТТЫҚ ҰҒЫМДАР

Маусымның қосалқы атауы, жердің отюы кезеңін меңзеген – отамалы. Күннің ең биік, түннің ең қысқа деңгейде болатын кезі – жазғы тоқырау, халық аузындағы күн ілінген күн – 22 маусымға тура келеді.

Маусымның алғашқы екі күні жауын-шашынды болса, ай бойы құрғақ, алғашқы аптасында күн құбылмалы болса, айдың екінші жартысы құрғақ боларын, күн батарда бұлт қара көкшілденіп қалыңдаса, түнде найзағай ойнарын болжауға болады.

Сондай-ақ, бұл айда жел бір жақтан ұзақ соғып, кенет бағытын өзгертсе, күн шығарда ауа қапырық болса, таңертең күн үсті-үстіне ұзақ күркіресе, ұзақ уақыт тыныш ауаның соңынан жел күшейсе, жауын жауарының нышаны деп білген. Жаңбыр жауып тұрғанда су беті көпіршісе, жауын-шашын ұзаққа созыларын, күн құмығып күркіресе, жай жаңбыр, шатырлап күркіресе, нөсер боларын білген.

Өсімдіктерден жұпар иіс аңқып, аптап ыстық биік шыңға көтерілетін, жаздың бел ортасының айы – шілде. Айдың шілде деп аталуына, маусымның екіншісі жартысы, 25 маусым мен 5 тамыз арасы, күн райының өте ыстық кезеңі, аптапты күндерге байланысты, халық арасында бұл амалды «Қырық күн шілде» атауы себеп болғандай. Үркер жұлдызы таң ата батыстан көрінетін, 40 күнге созылатын жазғы шілде – «Ұлы шілде» немесе «үлкен шілде» деп аталған.

Халық арасында қырық күн шілденің Суыр деген, ескіше – Асат деген де атауы бар. Шілденің ыстығы келесі айдың 15-16-сы шамасында Үркердің қайта тууымен бітеді.

Шілде айының алғашқы он күнінде таңертең шөп басы құрғақ болса, түнде жаңбыр, күн күркірі жаңғыра естілсе, нөсер, ал түнгі шық кеппесе, найзағай жарқылын, шық қалың түссе, аспанның шайдай ашыларын, өткінші жауыннан кейін кемпірқосақ солтүстіктен оңтүстікке тартылып, қанық қызыл түске боялса, жаңбыр жауарын күтуге болады.

Осы айдың екінші он күнінде көкек шақыруын тыймаса, жаздың ұзақ, ағаш жапырақтары сарғая бастаса, күз бен қыз ерте түсерін біле бер.

Аптап басталатын айдың үшінші он күнінде күн райы ыстық болса, алдағы желтоқсан соншама суық, қымыздық бітік шыққан болса, қыс жұмсақ болмақ.

Жаздың ортасы, жер құрғап, шөптің буыны қатып, сарғая бастаған, мал-жанға жайлы кезең – «Үркердің толғағы» аталатын амал болып есептелген.

Жаз ортасы ауып, шілденің аяқ кезі мен тамыздың бас кезіндегі ми қайнатар аптап ыстық салдарынан, шөп қуарып, жапырақтар мен өсімдік сабақтары сола бастаған, тамыз айын халық арасында «сарша тамыз» деп те атаған. Сондай-ақ халық, тамыздың бірінші жартысын – лақ сүмбіле, екінші жартысын – теке сүмбіле деп атаған.

Тамыздың орта шенінде аспанда қою қара бұлт пайда болып, күн райы салқын тартып, күз нышанының білінуін – «Таразының тууы» деп атаған. «Таразы туса – таң суыр» деген сөз орамы осыдан шыққан.

Тамыздың алғашқы күні ылғалды болса, ай жаңбырлы, жайма-шуақ болса, құрғақшылық болып, таң алдында жұлдыздар жиі жымыңдаса, екі-үш күн өте жауын жауып, үздіксіз күн күркіресе, нөсер құйып, түнгі шық кеппей қалса, найзағай ойнарын біліп қой. Ал күн қызыл құлақтанып шығып, бетін бұлт торласа, жоңышқаның гүл шоғырлары бүрісіп қалса, жаңбыр жауады да, жауыннан кейін батпақ беті көгерсе, жаңбыр қайталайтынын болжауға болады.

Тамыздың алғашқы онкүндігінің соңындағы күн райы қандай болса, соңғы төрт апта бойы сол күн райы сақталады да, үшінші он күнде жауын жауса, апта бойы сыбылыңқы, күшті жел тұрса, алдағы қыркүйек жаңбырлы болады деп күте беруге болады.

Көкжиектен таң алтын шапақтанып атса, шық таңертең мол түссе, су бетін тұман бауырласа, күн тұмандф жарып шығып, су деңгейі көтерілсе, тамыз айы ашық, жақсы күн райының сақталу белгілері деп білген дұрыс. Ал мал суды аз ішіп, желсіз күннің өзінде тоғайда шуыл болса, кемпірқосақ төмен көлбей тартылса, құстардың шуылы тоқтаса, күн райының бұзылатын нышандары деп біл.

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 258 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: