19:22
Рухани-танымдық сүрлеулер

АСПАН ӘЛЕМІНДЕ БОЛЫП ТҰРАТЫН ҚҰБЫЛЫСТАРҒА ҚАРАП, АУАДА БОЛАТЫН ӨЗГЕРІСТЕРДІ БОЛЖАЙ АЛАСЫҢ

Аспан – ең құдіретті Жаратушының жаратылысы. Көк тәңірі – көк аспан. Аспан өзінің құдіретті тәуелсіз әрекеттерімен жақсылықты да, жамандықты да көк биігінен іске асырады.

Аспанда болар құбылыстарға күннің күркіреуін, кемпірқосақтың түсуін, таң атардағы, күн батардағы көріністер мен бұлттардың жылжуы сияқты тағы басқа да құбылыстарды жатқызуға болады. Олар мынандай:

  1. Қыркүйекте күн күркіресе, күннің жылуы ұзаққа созылып, қыста қардың мол түсуіне себебін тигізеді екен.
  2. Қазанда күн күркіресе, қыста қар аз жауады екен.
  3. Күн баяу күркіресе, жауын ұзаққа созылар.
  4. Ал қатты күркіресе, өткінші жауын жауып, найзағай жарқылдап, жай түсер.
  5. Жауыннан кейін де күннің күркіреуі алыстан жай естілер болса, келер күндері де жауын жаууы мүмкін.

Жалпы атауы жауын болғанмен де, жаңбырдың да жауу дәрежесіне қарай бірнеше атауы бар. Мысалы:

  1. Бірқалыпты толассыз ұзақ жауған жауынды, ақ жаңбыр десе, баяу сілбіреп жауған жауынды боз жаңбыр деген.
  2. Су тамшылары мұз түйіршіктеніп түссе, ол – бұршақ болады-дағы, жаңбыр тамшылары жерге мұз болып түссе, мұздақ болғаны.
  3. Атмосфералық ылғал бүркіп тұрса, былғары бүрку атанған.
  4. Күзде жауатын қалың жаңбырды қара жаңбыр деген.
  5. Қар араласып жауатын жаңбыр да қарлы жаңбыр.
  6. Будақтата төгіп, тез басылатын жаңбырды нөсер деген.
  7. Ала бұлттанып, тез жауып өтсе, ол өткінші жаңбыр болғаны.
  8. Күн шығып тұрғанды жауған жауынды соқыр жауын дейді.
  9. Жел болмастан-ақ жауған жаңбыр – сылбыр жаңбыр.
  10. Сіркіреме жауын – өте ұсақ тамшымен түсетін майда жауын.
  11. Сіркіреп жауар жауыннан мол, нөсер жауыннан саябыр жауатын жауын – сірлету.
  12. Жайлап бүркіп, баяу жауар жауын – себездеу, себізгілеу.
  13. Жайлаған ұзақ жауын – сілбелеу.
  14. Қатты жауса – селебе деген.

Кемпірқосаққа қарап та күн райын болжаған. Жалпы кемпірқосақтың ескіше, көнеден қалған атауы – ошаған. Кемпірқосақ – жаңбыр жауып өткеннен кейінгі аспан күмбезінде түрлі-түсті доға тәріздес жолақ. Жарықтың сынуынан болатын оптикалық құбылыс. Доғаланып кемпірқосақтың бір бөлігі ғана көрінеді. Оның түрлі-түсті толық көрінісін ұшақтан ғана бақылауға болады.

Күннің сәулесі жаңбыр тамшылары бұрыш жасай түсіп, қайта шағылысуынан қабаттаса көрінетін басқа кемпірқосақты қос кемпірқосақ дейді. Ай сәулесімен көрінер кемпірқосақты ай кемпірқосақ дейді.

Кемпірқосақтың көк түсінің ашық та, көп болуы күн райының нашарлауының белгісі болса, жасыл өңінің басым болуы күшті жауын әсері. Ал қызыл түсі молырақ болса, аспан ашылып, жел соғары белгілі.

Кемпірқосақ таңертең түсті болса, жауын жауардың ишарасы да, кешке көрінсе, аспан ашылып, күн райы қалыптасады.

Жауын жауғаннан кейін кемпірқосақ тез жоғалса, аспан ашылады. Ал кемпірқосақ ұзақ тұрса, күн райы өзгеріп, бұзылады. Жауын кезінде кемпірқосақ сап-сары болып көрінсе, жауын саябырлап, себізгілейді.

Кемпірқосақ солтүстіктен түссе, жауын жауатынның белгісі.

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 281 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: