22:52
Рухани-танымдық сүрлеулер

АУА РАЙЫН ҚҰСТАР ДА БОЛЖАЙ АЛАДЫ:

  1. Қараторғай келді дегенше, көктем келді дей бер. Мезгілінен ерте келсе, көктем шуақты, кеш қайтса, күз қолайлы, қыс жұмсақ болмақ. Аспанда ұшып жүріп, түрлі қимыл жасай берсе, топтанып ұшса, күз ұзаққа созылар. Жүнін үрпитіп мазасызданса, күн райының бұзыларын, топтанып ұшып, тез қоны аударса, кешікпей жел тұрарын, топтанып алып шырылдаса күн көзінің ашылар нышанын білдіргені.
  2. Шымшық біткен таңертеңнен шиқылдаса, түнде аяз болады. Ал бәрі қосыла жиі-жиі шиқылдағаны, күн жылынарын күткендері.
  3. Ұзақ – қарға көктем құсы. Олар ерте оралса, көктем қолайлы. Теректің ұшар басына қонып отырса, күн жылынып, орта тұсына қонып, бұтақ арасына тығылатын болса, аяз күшейерінің белгісі болмақ. Жазда көкке жайылғанын көрсең, кешікпей-ақ жаңбырды күте бер, ал қыста тұмығн қанатының астына тығып тұрғанын көрсең, аяз боларын біл.
  4. Қарға ерте көктемде қарға шомылса, күн жылынады. Олар ағаш бұтақтарына жайғасып, не шуылдай топтасып ұшса, күн суытып, боран соғарын, жаз кезінде аузын ашып қарқылдай берсе, найзағай ойнарын, қыста ағаш басына қонақтап, қарқылдаса, аяз боларын, жиналып алып, шуласса, қар жауарын, бастарын әр жаққа қаратып, бейғам отырса, күннің желсіз ашық боларын, ағаш діңгектеріне жақын қонақтап отырса, күннің желді боларын білдіргені деп түсіну керек.
  5. Кәдімгі тауық та өз әрекеттерімен, күн райының өзгерістерін білдіреді. Мысалы, жаңбырлы күні қораз таң ата шақырса, күн ашылады. Кешке шақырса, күн райы өзгереді. Күндіз жиі-жиі шақырса, күннің жылынарын біл. Тауықтар үстіне топырақ шашып жатса, күн шуақты болмақ. Ал құмға аунап, қанаттарын қаққылап, сілкініп, қауырсындарын тарағыштаса, жаңбыр жаумақ. Жүнін үрпитіп қыт-қыттаса, күн райы бұзылмақ. Бір аяғын бауырына жиырып, бір аяқпен қаздиып тұрса, күн суытады. Құйрығын бұлаңдатса, бұрқасын соғар. Сіркіреген жауында далада жүрсе, жаңбыр ұзаққа созылмас. Тауықтар қыста ұясына ерте қонақтаса, аяз болар. Ал жазда солай етсе, жаңбыр жауар. Сондай-ақ, тауықтар мезгілінен бұрын күзде түлесе, қыс жылы болады деген сөз.
  6. Жалпы құс біткен сайраса, келер күннің ашық боларын, тыныш болып қалса, күн күркірерін, жыл құстары топтанып қайтса, қыстың қатты боларын, көктемде тобымен бір мезгілде оралса, көктемнің ерте келерін, жер бауырлап ұшса, күн райының бұзыларын, қыста үй төңіректей қиқуласа, қарды қазса, күннің суытарын білген дұрыс.
  7. Сондай-ақ, құстар күзгі ұясын күнгей жаққа салып алса, қыс суық, теріскей, яғни көлеңке жағына салған болса, қыс жылы болмақ. Құс біткен төмендеп ұшса, ықтаса, суға түссе, үрейленіп шуласа, жем іздеуге ерте шығып кетсе, жауын жауарының белгісі деп түсінген дұрыс болады.
  8. Шулап жатқан құс біткен қиқуын тез тия қойған болса, аспанда найзағай ойнарын күткені болады.
 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 267 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: