10:47
Рухани-танымдық сүрлеулер

МАЛ МОМЫНЫ – ҚОЙДЫҢ ӘРЕКЕТТЕРІНЕН КҮН РАЙЫНЫҢ ӨЗГЕРІСТЕРІН БОЛЖАУ:

  1. Жаңа басталған Жаңа жылдың Жаңа күні, бірінші күні – Ұлыс күні қой қораға алшаңдай басып, еркін кірсе, көктем ерте келмек;
  2. Таңертең тұрғанда қой желге қарсы күйсеп жатса, күн райының жақсы болуының белгісі;
  3. Қой өрісте тоқтамай тынышсызданып жүгірсе, қиы мен көңін тарпып, мазаланса, қар жауып, арты қарлы борасынға ұласарының нышаны деп білген жөн;
  4. Қой көп түшкіріп пысқырына берсе, аспанды бұлт торлап, тұманданып, жауын жауардағы ишара деп білу керек;
  5. Жауын жауып тұрған кезде, қой сілкініп, судан жүнін тазарта бастаса, жауын қойып, күн ашыларына сен;
  6. Қыс басталар кезде қойлар қорадан өздері еркін шығып, шашырай жиектеп жататын болса, сол жылғы қыстың жайма-шуақ жақсы боларының, ал қорадан шықпай шегіншектеп, маңырап, шулай берсе, күн райының бұзылар белгісі;
  7. Қойлар топталып үйездесе, күн шіліңгір ыстық болмақ;
  8. Қыс пен көктемде қой бытырап еркін жайылып жүрсе, келер күннің де жайлы боларының белгісі;
  9. Қойлар желге қарсы жайылса, күн суыту ишарасы;
  10. Қыста сойылатын қойлардың бауыр жүні ұзын өскен болса, алдағы қыста қар мол түсетінінің белгісі;
  11. Тұяғымен кеудесін, төсін қасыса, қыста қар қалың болмақ;
  12. Өрістен оралғанда, қойлар аузына бір тал шөп тістей қайтса, халық та қыс өте қатал боларын күткен;
  13. Қойлар үрит-соқ сүзісіп, көңін тепкілеп тістерін жиі қайраса, кешікпей боран болады;
  14. Қыс басында қойлар қора қабырғасын жиектеп шашырай жатса, қыс қаһарсыз жұмсақ болмақ;
  15. Сілкініп, сүйкеніп, маңыраса, жауын басылып, күн көрінеді;
  16. Қозы-лақ секіріп, секеңдеп ойнақтаса, жауын жауады;
  17. Қозылар қойдың алдын орап жайылса, қыс қолайлы болмақ.

 

СЕКЕҢДЕГЕН СЕЗІМТАЛ СЕРГЕК ЕШКІ КҮН РАЙЫНЫҢ ӨЗГЕРІСІН ҚАЛАЙ БІЛДІРЕДІ?

  1. Ешкі малы ауа райының өзгерістеріне төзімсіз болғандықтан ба, болатын құбылыстарды алдын ала иез сезетін, сергек сезімтал мал;
  2. Ешкілер таңертең ешбір қаперсіз күйсеп жатар болса, ол күннің жылы боларын білдіреді;
  3. Биік жерлерге шығып алып, секеңдеп секікуін қойып, қандай да бір ықтасындарға тығылып тұратын болса, кешікпестен жауын-шашын болып, суық бұрқасын борайтынының белгісін білдіретін көрінеді;
  4. Ешкілер өрістен асыға қайтып, тікелей қораға тығылып, тынышсыздана бастаса, түн суытып, күн райы қолайсызданып, түнде күрт бұзыларын меңзегені;
  5. Ешкілер тығылатын салқын жер іздеп, дамылсыз тынышсызданып, шыжбыңдай берсе, күннің ыстық шыбынды болуын білдіргені;
  6. Басқа малдардан бұрын өріп, алға ұмтыла берсе, күннің тымық боларын білдіргені;
  7. Ешкілер пысқырынып мазасыздана берсе, аспанның түнеріп, жауынның жауатынын біле бересің;
  8. Қыстың жайлы боларын ешкілер қорадан тыс, дөңес жерлерге жатып білдіреді.

 

ӨТЕ СЕЗІМТАЛ ЖАНУАР – ТҮЙЕНІҢ ӘРЕКЕТТЕРІНЕН КҮН РАЙЫНЫҢ ӨЗГЕРІСІН БОЛЖАУ:

  1. Басқа малдардан түйенің ерекшелігі – өте сезімталдығы. Ол ауа райының өзгерісін екі-үш күн бұрын сезеді екен;
  2. Жаңа күн – Наурыздың 22-нің түні түйе ернін жиі жыбырлатса, көктем ерте келетіндігінің нышаны деп білген;
  3. Ертеңгілік түйе жайылымға жайбарақан өзі шыққан болса, күн желсіз, жауынсыз, қарсыз, жайлы болады екен;
  4. Түйе күлде, ши, бұталардың түбінде басын төмен салып, шөгіп жатар болса, жел тұрып, қарлы борасын борап, дауыл соғады екен;
  5. Түйелер тобымен ыққа жайылған күні, күн райы бұзылады;
  6. Тайлақ, бота, атандар тайраңдаса, күн суытар болар;
  7. Інген әлсін-әлсін боздап, ботасына таяп келе берсе, не жауын жауып, не бұрқасын, дауыл соғар белгісі;
  8. Көктем мен қыс мезгілдерінде түйелер жайылым талғамай басы ауған жаққа жайыла берсе, алда жайлы, жылы күндер болмақ; ал желге қарсы жайыла бастаса, күн бұзылып, суытарын біле бер;
  9. Қыс айларында ернін жыбырлатар болса, қар жауып, қар асайды, қар суын ішеді, бұл көктемнің ерте шығатынын көрсетеді;
  10. Күн мен түннің теңелген тоғысы – алғашқы мизам туған күні түйе басын құбылаға қаратып, төрт аяғын төрт жаққа жіберіп, талтая керіліп, алаңсыз ұйықтаса, сол жылдың қысы – жайлы, бір жағын ықтап, жайсыз жатса, қыс қатты боларын меңзегені екен.
 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 293 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: