ТӨРТ ТҮЛІКТІҢ ТӨРЕСІ – ЖЫЛҚЫНЫҢ ҚЫЛЫҒЫНАН КҮН РАЙЫНЫҢ ӨЗГЕРІСТЕРІН БОЛЖАУ:
- Әдетте жылқы малы – өте сергек мал. Олардың қылығы арқылы алдағы кү райын болжауға болады.
- Ұлыс күні – Наурыздың 22-нің түнінде жылқы жиі оқыранып жұтынар болса, көктемнің ерте шығарының белгісі;
- Жылқы біткен топтасып, ары-бері жүйіткіп, кісінеп ойнақтаса – ызғар соғып, күн суытып, қарлы борасын болмақ;
- Жайылуға зауқы болмай, жүндері үрпиіп, аса сылбырлық танытса, көп ұзамай-ақ күн суытып, күннің райы бұзыла бастамақ;
- Әлсін-әлсін ат пысқыратын болса, жазда – күшейген жауынды жел, ал қыста – үдеген қармен қарлы борасынды күтуге болады;
- Жылқылар ықтап жайылса, ызғарлы суық жел, жауын-шашын, қарлы боран болуын білдірмек;
- Көктем мен қыста жылқылар жайылымды өзгертпестен бірбеткей жайыла берсе, алда жайлы, жылы күндер болмақ;
- Желге қарсы жайылғанын көрсең, жайсыз күндерді күте бер;
- Айғыр мойынын жерге салып, үйірін жинай бастаса, күн райы да кешікпей бұзылады деген сөз;
- Бие суала бастаса, кешікпей жауын жауар,
- Соғым малының бауыр жүні ұзын болса, қыста қар мол түспек;
- Жазда ыққа қарап жусаса, қыстың қатты болары күтілген;
- Оқыранып жусаса, ішін тартса, боран соғар;
- Қыста оқыранып, ернін жыбырлатса, күн жылынады.
МҮЙІЗДІ ІРІ ҚАРАНЫҢ ӘРЕКЕТТЕРІНЕН КҮН РАЙЫНЫҢ ӨЗГЕРІСТЕРІН БОЛЖАУ:
- Таңертең бейғам күйсеп, желге қырыс қарап жатқан сиырды көрсең, күн райы желсіз, жауынсыз, жылы боларын күт;
- Мүйізді ірі қара мал өрістен мезгілінен ерте қайтқан болса, күн райының бұзылатынын алдын-ала білгендігі;
- Өріске шығар алдында сиыр танауын тартып, мойнын жиі-жиі бұлғақтатып, мазасызданып мөңіреп, жан-жағына қарап, басын шайқап тынышсызданса, көп кешікпей-ақ қар жауып, дауыл не боран соғып, күн суып, өзгеріс болар дей бер;
- Жаз айларында сауын сиырлар бұзауларына қарап мөңірей берсе, жауын боларының нышаны;
- Суатқа айдағанда қара малдар пысқырынып тебінетін болса, жаңбыр жауарын білу керек;
- Жаңбыр жауып тұрғанда бұқа мөңіреп, өкірген болса, көп өтпей-ақ аспан ашылардың белісі болмақ;
- Сиырлардың жүндері үрпиген болса, күн райы бұзылмақ;
- Мал тобы желге қарап жайылуға бет алса, күннің суытатындығының белгісі деп білген жөн.
жиған-терген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|