22:28
Ұлы Жеңіс ұлағаты

АҚҚУЛЫ ӨҢІРІНЕН АТТАНҒАН ЖАУЫНГЕРЛЕРДІҢ ЕРЛІКТЕРІ

Ұлы Жеңістің жетпіс бес жылдық мерейі асқарланған биылғы жыл – тарих үшін айырықша сәт, ерекше мезет. Жеңіс күні жыл сайын мерекеленіп жүрсе де, осынау Жеңіске сүбелі үлес қосқан тау тұлғалардың баһадүр һәм бірегей ерліктері хақында танымдық әңгіме айту жалғаса бермек, жалғаса бермек. Демек, Аққулы өңірінен аттанған жауынгерлердің ерліктері жайында сөз үзілмек емес.

Жанпейісов Зейнолла 1926 жылы Лебяжі ауданы Бесқарағай ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1934 жылы ауылдағы мектепке барып, 1942 жылы сегіз жылдық мектепті бітірген. 1944 жылы әскер қатарына шақырылып, Алматы қаласының маңындағы Тастақ деген жерде әскери міндетін атқарып жүрген жерден соғысқа аттанады. Германия жерінде  Росток, Магдебург, Франкфурт қалаларында, Эльба өзенінде жанкешті шайқастарға қатысты. 1946 жарақаттанып, туған еліне оралды. Көп жыл бойында  Бесқарағай кеңшарында есепші (бухгалтер) қызметін атқарған. «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған. 1986 зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін, он жыл ауылдың имамы болды.

Жүнісов Сенбі 1907 жылы Лебяжі ауданы Қызылқоғам ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Туған ауылында соғыс басталарға дейін қызмет атқарып, 1942 жылы майданға шақырылып, 1944 жылға дейін 194-атқыштар дивизиясында ерлік көрсетті. 1944 жылы шілде айында 4-Украинаның майданында жараланып, майданнан босатылды. Соғыстан соң ұсталық еңбекпен айналысты. «Сталинградты қорғағаны үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдармен,  «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталған.

 Жумабаев Хамза 1925 жылы Лебяжі ауданы Қызылқоғам ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Орта мектепті тәмамдағаннан соң 1943 жылы бірден соғыс қимылдарын жүргізіп отырған әскер қатарына шақырылып, 1950 жылдың қаңтарына дейін соның құрамында әскери борышын атқарды. Сұрапыл соғыс жылдарында көрсеткен қаһармандығы мен ерлігі үшін «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен һәм бірнеше медальмен наградталды. Өзінің еңбек жолын Х.Жұмабаев 1950 жылы Қызыләскер ауылдық кеңесінде бастады. Ұзақ жылдар бойы комсомолдық, шаруашылық, кеңестік және партиялық органдарда қызмет атқарды. 1968 жылдың қарашасынан бастап 1985 жылдың тамызына дейін КОКП ХХІІІ съезі атындағы кеңшарда (қазіргі Қарақала ауылы) кәсіподақ комитетінің төрағасы болды.

Жоламанов Сүлеймен 1915 жылы Лебяжі ауданы Қарақала ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1927-1935 ж.ж. аралығында Қызылқоғам қазақ мектебінде оқып, алты жылдық білім алды. Оны бітірісімен Алматы қаласына аттанып, жұмысқа орналасты және Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқып, толық орта білім алды. Аталмыш жоғары оқу орнында оқуын жалғастырған ол химия факультетіне түсті. Компартияның шақыруымен 1937 жылы екінші курстан арнайы жасақпен Иркутск әскери авиациялық училищесіне жіберілді. 1939 жылы осы оқу орнын үздік тәмамдады. Сол жылы әскери қызметке жөнелтілген ол лейтенант шенінде Воронеж қаласындағы 243-гвардиялық шабуылдайтын авиациялық полкке орналасты. Ұлы Отан соғысы жылдары Сүлеймен Жоламанов Солтүстік-Батыс, Батыс, Оңтүстік-Батыс, Сталинград, Сталинград-Дон майдандарында болған жанкешті шайқастардың қайнаған ортасында болды. Атап айтқанда, 1941 жылы Оңтүстік-Батыс майданда 112 әскери әуе шабуылына, 1942 жылы Сталниград майданында 106 әскери әуе шабуылына шықты. Осынау ерілігі үшін «Сталинградты қорғағаны үшін» үкіметтік медалімен наградталды. Жеңістен соң 1946 жылдың сәуірінде денсаулығына байланысты әскери міндеттен босатылды. 1947-1958 ж.ж. аралығында Лебяжі, Каганович аудандық комитеті партиясында бөлім меңгерушісі, Бесқарағай ауданында аудандық жоспарлау төрағасы қызметтерін атқарды. 1958-1975 ж.ж. Лебяжі аудандық атқару комитетінде аудандық жоспарлау төрағасы, КОКП ХХІІІ съезі атындағы кеңшарда (қазіргі Қарақала ауылы) экономис, Малыбай кеңшарында бас экономис қызметтерін атқарды. Отан алдындағы әскери қызметі үшін С.Жоламанов «ІІ дәрежелі Отан соғысы», «ІІІ дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен, «Германияны жеңгені үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» медальдармен наградталды.

Жабагин Мұқан 1899 жылы Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан) облысы Арықтөбе ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1930 жылы Голощекин атындағы қой кеңшарында жұмыскер болып орналасты. 1942 жылға дейін осы кеңшардың бірінші бөлімшесінде бригадир, басшы болып жұмыс атқарды. 1942-1943 ж.ж. соғыс қимылдарына қатысты. Майданда ауыр жарақат алып, елге оралды. Келісімен КОКП ХХІІІ съезі атындағы кеңшардың (қазіргі Қарақала ауылы) бірінші бөлімшесінде басқарушылық қызметін атқарды. 1962 жылы Қызыләскер селолық Кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Соғыс жылдарынан зейнеткерлікке шыққанға дейінгі уақыттарда атқарған еңбектері үшін бірнеше медальдармен және грамоталармен марапатталды.

Жаркин Бекеш Досұлы 1926 жылы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1958-1964 ж.ж. Лебяжі ауданы Тақыр ауылында тұрып, сатушы, есепші қызметтерін атқарды. 1964 жылы Ресей Федерациясының Краснодар өлкесіне қоныс аударды. Жауынгерлік ерлігі үшін ордендер мен медальдармен марапатталды.

Жұмабеков Сали 1919 жылы дүниеге келді. 1934 жылы Павлодар қаласының В.В.Воровский атындағы педагогикалық училищесін тәмамдады. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Еңбек жолын Лебяжі ауданы Қызылқоғам ауылында мұғалім болып бастады. Төсағаш мектебінде, Қазантай сегізжылдық мектебінде еңбек етті. «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» және басқа да мерекелік медальдармен, Қазақ КСР Оқу министрлігінің «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» Белгісімен, Алғыс хаттармен марапатталды.

Жапарханов Өкеш 1922 жылы Лебяжі ауданы Жаңаауыл ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Бейбіт заманда есепші, бригадир болып еңбек етті. 1958 жылдан бастап Лебяжі ауданының Қазантай ауылында байланыс бөлімшесінің бастығы қызмет атқарды. «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» және басқа да мерекелік медальдармен марапатталды.

Иманханов Свәтілғазы 1939 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылды. Сол жылы ғой КСРО-ның сыртқы саясаттағы жағдайының ушығуына Скандинавиядағы Финляндия елі себепкер болды. Нашарлағаны сондай – 1940 жылы екі ел арасында кәдуілгідей соғыс өрті тұтанып кетті. Осы соғысқа С.Иманханов та қатысты. 1941-1945 ж.ж. қамтыған Ұлы Отан соғысында жауынгер Свәтілғазы атты-кавалериялық әскердің қатарында қару асынып, ауыр ұрыстардың жуан ортасында болды. Венгрияның Будапешт қаласын, Германияның Берлинін алу операцияларына белсене атсалысқандардың бірі болды. Ұлы Отан соғысын жеңімпаз ретінде тәмамдаса да, 1945-1946 ж.ж. Батыс Украина жерінде ұлтшылдық-радикалдық бағытты ұстанған бендеровшілерге қарсы азаматтық қақтығыстарға да қатысты. Екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», «ІІІ дәрежелі Даңқ», «І дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен, «Будапештті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен наградталды. Бейбіт өмірде де мерейгерлік медальдармен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Соғыстан оралған соң, 1946 жылы, өз ауылы Жас Еңбекте (Шарбақты) еңбек жасауға кірісті. Тың игеру жұмысына алғашқы болып кіріскендердің бірі болды. Кейіннен мал шаруашылығы фермасында бригадир, техник-ассимилятор қызметтерін абыроймен атқарды. Тоғыз баланы тәрбиелеп, он бес немере және жиырма шөберенің қызығын көрді. (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 313 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: