10:55
Лирика - 30
Жүректен – жүрекке (таңдамалы)
Сәуір сыры
Міне сең де қозғалды,
Жүрегім сен деп қамданды.
Сен жаққа бағыт түзеп,
Үміт пенен жылу алды.
 
Тоғай біткен бүршік жарар,
Сай мен қырда көк шығар.
Жүректегі асылым-ау,
Бір өзіңсің – таза ар.
 
Енді-енді су тасыр,
Дами түсер бұл ғасыр.
Маған деген іңкәріңді,
Өзгелерден-ау жасыр.
 
Күн де енді ысиды,
Құлыншақ, бұзау жосиды.
Өзің жаққа қарай-қарай,
Махаббатым тасиды.
Сәуір бітсе, келер мамыр,
Адам, өсімдік жаяр тамыр.
Жаржанымды елестете,
Жадырар, жайнар ғұмыр.
 
Менің саған...
Менің саған сезімім ақ,
Күмән туғызар жоқ-ау дақ,
Әр жазған қадамым сақ,
Нысана – өзің, мен – садақ.
 
Менің саған жүрегім ашық,
Бір көргеннен сондай ғашық.
Еттім міне махаббатты машық,
Сенсің – орда, мен – лашық.
 
Менің саған көңілім тәуір,
Кешегі – қаңтар, бүгінгі – сәуір,
Жүрмін-ау Сен деп әйтеуір,
Ғашықтық – өмір, ғашықтық – дәуір.
 
Менің саған ниетім адал,
Мергенмін мен, жебем қадал,
Жасылға оранар терек те тал,
Жаның – жақұт, тәнің – бал.
 
Менің саған, сенің маған –
Ортақ бізге екеуара ғұмыр тостаған.
Бүгінгі күн кешегіні жоқтаған,
Махаббатқа кімдер келіп соқпаған?!
 
Сертті сезім
Қыранша қараймын күнбатысқа,
Көз сала көз жетпес алысқа.
Сүюге жараймын жалғыз сені,
Бақыт құсым қоншы келіп уысқа.
 
Жылы сөз жылытар жаныңды,
Махаббат қоздырар қаныңды.
Сүюге жараймын бек өзіңді,
Жаныма сыйлашы жаныңды.
 
Саз-әуен айтқызар әніңді,
Сұлу қыз қыздырар тәніңді.
Сүюге жараймын сені мен,
Сый етші тәніме тәніңді.
 
Денені шарпиды самал жел,
Тынымсыз тірлікте ауыл, ел.
Сүюге жараймын мен сені,
Аппақ жүз, мөлдір көз, бұраң бел.
 
Тұлпарша аламан алармын,
Сүрінсем, амал жоқ, қалармын.
Сүюге жараймын – бұл анық,
Өмірлік жар болуға жарармын.
 
Бір сенен...
Бір сенен, өзіңнен
Көрікті көрдім мен.
Көзіңнен, сөзіңнен
Сезімді сездім мен.
 
Бір сенен, асылым,
Жарды бүршік жасылым.
Қуанышпен жалғасты
Жаңа жылым.
 
Бір сенен, нәзігім,
Гүлденді желегім.
Аллаһ жазса жуырда
Орындалар тілегім.
 
Бір сенен, алтыным,
Жүректе жоқ тыным.
Жалғыз сен – ғашығым,
Ақиқат һәм шыным.
 
Бір сенен, өзіңнен,
Көзіңнен, сөзіңнен.
Ғашығымсың маған сен,
Ғашығыңмын саған мен.
 
Сәуір күркірі
Сәуірде күркіреді бұлтты аспан,
Жылы жазды дабыл қаға шақыра.
Нұрын шаша атты міне жаңа таң,
Жүрді трактор моторымен бақыра.
 
Қара жер жасылдана бастады,
Көркіменен көз-жанарды тамсандыра.
Жаным тағы жүрегімді қостады,
Алыстасың, жүрсің мені сағындыра.
 
Аспан міне бұлт біткеннен тазарған,
Көк түсімен Жер-Анаға төніп тұр.
Көңілім-ау сені аңсай кірбің алған,
Өз уақытын тосуменен көніп жүр.
 
Тағы мектеп. Қоңырау. Тағы сабақ.
Сабақ айтқан, сабақ жазған сан оқушы.
Аспандағы сәулелі Күн – алтын табақ,
Жүрегім жүрегіңнен жылу алушы.
 
Күн күркіресе, онда келді жылы жаз,
Әсемдете сондай түрлі айналаны.
Жүрегімде сені іздеген сырлы наз,
Әуеледі еркін кезе сай-саланы.
Шаhмантегі-Ибраhим Бегімхан Керімханұлы
www.shakhibbeker.ucoz.kz
Просмотров: 901 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: