10:24
Лирика - 29
Жүректен – жүрекке (таңдамалы)
 <<<<<
Мені сүйді, мен де сүйдім кезінде,
Ашық сүйдім алданыштың өзінде.
Сезімім де бейне шоқтай тапталды,
Бірақ-бірақ тұра білдім сөзімде.
 
Жүрек сезді ғашықтық пен іңкәрді,
Балдай тәтті талай татты сол нәрді.
Шырылдауық шегірткедей мас болып,
Көрмеді-ау сонда бұрыштай ащы у-зәрді.
 
Ағылды сезім тасыған өзен суындай,
Көрінді сезім қалың қолдың туындай.
Менмұндалап қыр көрсеткен күдіктер,
Торлады жұмбақ бейне джунгли нуындай.
 
Алаулап жандым жан мен тәннің отына,
Сіміре қандым қоярда-қоймас жұтына.
Көк бөрідей түстім терең апанға,
Қалмады шара тағдырдың қатал сотына.
 
Жасырмай айттым, хабардар етіп өзіңді,
Боямай жаздым, құлағдар етіп өзіңді.
Аристотельдей таразыға салып бақ,
«Сүйемін сені» деп қуаттаймын сөзімді.
 
Көз алдымда
Көз алдымда қызыл халат сен киген,
Қызылдана қызықтыра баураған,
Сол мезетте іңкәрлігің тулаған,
Қайда екен қызыл халат сен киген?!
 
Көз алдымда сахна-дағы сен билеген,
Қимылымен қозғалысқа шақырған,
Құдіреті күшті әмірді өнер құрған,
Қалай екен сахна-дағы сен билеген?!
 
Көз алдымда қарсы отыра сабақ жазғаның,
Нәзік қолың ақ қағазда қалықтаған,
Саусақтарың әдемілеп жазу салған,
Мәңгі сюжет – қарсы отыра жазғаның.
 
Көз алдымда асханада дәм татқаның,
Тәбетіміз болды тамаша,
Әңгімеміз – қызық, оңаша,
Портрет-ау асханада дәм татқаның.
 
Көз алдымда көшеде қатар жүргенің,
Аққудайын назды жүрісің,
Ерке қайыңдай нәзік тұрысың,
Кино ғой, шіркін, көшеде қатар жүргенің.
 
Ғашықтыққа
Ғашықтыққа бой алдырттым мен қазір,
Шын сүюге жан-жүрегім тек әзір.
Сақ дәуірі – массагеттер кезіндей,
Сен – Томирис, болайын-ау мен уәзір.
 
Ғашықтыққа жол салынды жаңадан,
Адал пиғыл шығып жатқан санадан.
Бір көргеннен жаулап алған бойымды,
О, құдірет, пайда болдың сен қайдан?!
 
Ғашықтыққа кім қара бас сұқпаған,
Ұтылса бірі, бірі жеңімпаз атанған.
Жүрек жүрекпен, сезім сезіммен үйлесіп,
Сүйгендерді Тәңірім ылғи сақтаған.
 
Ғашықтыққа байланды-ау талай тағдыр,
Қуанышты, қасіретті төгілді жыр.
Қозы Көрпеш – Баян сұлу, тағы-тағы...
Бірде қурап, бірде гүлдеп қазақы қыр.
 
Ғашықтыққа тек ғашықтық жарасады,
Қос жүрек бір-біріне қарасады.
Жан мен тәні тебірене кіріккенде,
Қызулы қан зымырай бойға тарасады.
 
Көктем
Көктем лебі сезілді,
Жер балшық боп езілді.
Айнала біткен жаңарды,
Сағындым қос жанарды.
 
Сәуір жетті асыға,
Сезім түсті ушыға.
Шабыт болса әлденді,
Көрісерміз қашан енді?!
 
Қыс ызғары таусылды,
Жаз пердесі ашылды.
Мал-жан міне тірілді,
Үдетті жүрек дірілді.
 
Жарыса ақты су-бұлақ,
Түрулі жүр сақ құлақ.
Күтемін-ау қашанғы,
Сүйгенімнің сәлем таңы.
 
Енді бәрі түрленер,
Жасыл желек Жер берер.
Күн әмірлік етеді,
Сезімім саған жетеді.
 
Сағымдайын көз алдымда...
Қара түнде тыныштық орнайды,
Арагідік жылы самал сарнайды.
Сағымдайын көз алдымда ажарың,
Шыны қаламым саған өлең арнайды.
 
Қара түнде тірлік біткен тыныстайды,
Ал жұлдыздар қараған сайын алыстайды.
Сағымдайын көз алдымда шырайың,
Алақандар түн жылуын уыстайды.
 
Қара түнде үзбей бұлттар көшеді,
Ұйқыға кеткен түтінде де от өшеді.
Сағымдайын көз алдымда келбетің,
Жүрек шіркін сағыныш күйін кешеді.
 
Қара түнде ит ұлиды, үреді,
Қайсыбіреулер көшеде көп жүреді.
Сағымдайын көз алдымда ару жүзің,
Жан мен тәнің түсіме жиі кіреді.
 
Қара түнде ұйқы әмірлік етеді,
Уақыт оза келеді таң, түн кетеді.
Сағымдайын көз алдымда сұлу өңің,
Лүпілі жүрегімнің жүрегіңе жетеді.
Шаhмантегі-Ибраhим Бегімхан Керімханұлы
www.shakhibbeker.ucoz.kz
 
Просмотров: 895 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: