16:05
Ең қысқа әңгіме

#019

Балғаның төске соққан жіңішке сыңғырынан ояндым. Әкем кеше бастаған ісін аяқтап қалыпты.

 — Әке, шайыңыз дайын, мен аяқтаймын ғой, – дедім түрпі қағаздың 60-тан бастап 120, 320, 1000-дық үлгісімен бетін жалтыраттым. Әкем келіп:

— Айналайын, қызым, сабағыңа бара ғой, уақыт болып қалыпты, – деді де басымнан сипады.

 

#020

Дәл қазір менде "Ой шайқасы" болуда. Сезім сергелдеңдерін ой жағасында саралаудамын. Ұшқыр ойлар әр тұстан келіп, санамды сілкіндіруде. Ұшқыр ойлар маған сезімталдықты, нәзіктікті одан әрі арттыруға әмір етуде. Арқама қанат біткендей ұйытқып ұшып бара жатырмын. Менің қазіргі ахуалым мүлдем өзгеше. Санамдағы "сезімталдық сымдары" бір-бірімен ұштасып, ұшқыр ойлар бұйырған әмірді орындауда.

 

#021

Төтенше жағдай енгізілгелі төрт қабырғаға қамалдым да қалдым. Байланыссыз қалып, әлемнен үзіліп қалғандаймын. Үйге теледидар қоймаймын дейтін едім, оған да зәру  күн келді, міне. Қызығып ала беріп, кезегін күтіп сөрелерде тұрып қалған кітаптарымды бірінен соң бірін алып кемірудемін. Тар бөлмеде көңіліңнің көкжиегі тарыла береді екен. Мені құтқарып тұрған кітаптар ғана...

 

#022

Шəкірт: Ұстаз, осы болашақты болжауға бола ма? Əлде болмай ма?

Ұстаз: Иә, əлбетте болады. Бірақ, ол үшін тəуіпке немесе көріпкелге барып ақшаңды, уақытыңды, дініңді құртудың қажеті жоқ. Жəй ғана болашағың үшін қандай харекет жасап жүрсің, міне сол нəрсеге қарасаң жеткілікті.

 

#023

Атам еккен ағаштар

Есімде: ауылда тұрған кезде, атам еккен ағаштар жанынан көп өтетінмін. Бұлар қазір бір орман іспеттес. Көше бойын мәуелеп, өткен-кеткенге көлеңке. Атамның кеткеніне жарты ғасырдай болғанымен, ағашы есімін ұмыттырмады. Кеткен адамның аты көп сақталмас, ал шыбық бүршік атып, гүлденер. Елге еңбек етуді атам еккен ағаш үйреткен-ді.

 

#024

— Мәншүк, көмектесші... – деп өтінген екен менің атам жаман аурудың кеселінен қатты қиналғанда.

 — Құлыным-ау, "көмектесші" деді ғой маған, қолымнан келсе істер едім ғой, қайтейін... – деді апам топырағы кеппеген зират басында көз жасын сүртіп.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 146 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: