08:50 Әдет әдептері |
ӘДЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҚАДАМДАРЫ 8-қадам: Аз-аздан бастау Бір шақырымдық жерге жету алғашқы қадам жасаудан басталады. Біз ұсақ әдеттерге мән бермейміз. Мән бермеген нәрсеміз үлкен құпияны ішінде сақтап жатады. Мысалы, төмендегі формуланы қарап көр: Күн сайын 1% даму, 1,01*365 күн=37,78 Күн сайын 1% құлдырау, 0,99*365=0,03 Демек, өзіңді күн сайын бір пайызға жақсартып отырсаң, бір жылда 37 есе көтерілесің. Күніне бе минут отырып, ақшаның кіріс-шығысын жазу; 15 минут қаржылық тәуелсіздік жайлы кітап оқу; табыстың 15 пайызын жинап отыру; күн сайын табысыңды арттыру үшін 10 минут ойлану; үйдегі артық затты сатып арылу – осы ұсақ істерді 365 күн бойы жасасаң, нәтижесі үлкен боп көрінеді. Бір күнде немесе бір аптада көрінбесі анық. Ал күн сайын бір пайызға кері кетіп жатсаң, небары бір жылда 0-ге дейін түсіп кетесің. Әрине, нәтижесі бірден көрінбейді. Дәл қазір фастфуд жеп, артынша таразыға тартылсаң, салмағың артып кетпейді. Дәл қазір сенімен ойнағысы кеп тұрған бала-шағаңмен ойнамасаң, олар бірден ренжи қоймас. Жобаны ертең бітірем десең, уақыттың қысқа екені байқалмайды. Осылай күн сайын бір-бірден қате шешім қабылдап, өзіңді ақтап алып, аз-аздан қателік жіберіп жүрсең, осы елеусіз қателіктер бір жыл ішінде үлкен зиян әкеледі. Ұсақ күнәлар жиі жасала келе, үлкен күнәға айналғаны сияқты, тамшылар жинала келе теңізге айналады. Бір күні сезімге беріліп, өзіңе спортпен айналысам деп уәде беріп, күн сайын 30 рет кеудені жерден көтеру жаттығуын жасаймын деп шештің. Бірінші күні жасайсың, келесі күні 20 жасайсың, үшінші күні тағы 20, одан кейін жоқ. Себебі неде? 30 рет кеудені көтеруге мотивация өте төмен. Ал қабілетке келсек, оны орындау қиын. Күн сайын еске салып тұратын белгі болмаса, жағдай тіпті мүшкіл. Ал күніне 3 рет жасау ше? Өте оңай. Оны орындауға мотивация төмен болса да, қабілет жағынан орындау өте оңай. Яғни, ешқандай мотивациясыз да 3 рет жерден серпілуге болады. Күн сайын тұрақты түрде 3 рет жасауға болады. Оңай әрі қарапайым. Дәл осылай бір ай орындасаң, әдеттің алғашқы белгілері қалыптаса бастайды. Жиі қайталанған сайын әрекет те оңай жасалады. Бір жолы 3 емес, 5-10 рет кеудені жерден көтеруді бастайсың. Осы жерде «Нанопривычки» кітабында баяндалған Сарики есімді әйелдің оқиғасымен бөлісейік. Ол ірі компанияда білікті маман бола тұра, үйде таңғы ас дайындау және йога кілемшесінде 30 минут медитация жасау әдетін қалыптастыра алмаған. Күн сайын жұмысқа барарда көшедегі дүкеннен тіске басар бір нәрсе алуды әдетке айналдырған. Әдет қалыптастыру жайлы қатыспаған курсы қалмаған. Кейін ұсақ әрекеттердің күші жайлы білгесін, жарты сағат медитация жасайтын әйелге айналады. Сонда қандай әрекеттен бастады деп ойлайсыңдар? Бар-жоғы таңда асханаға барып, газ плитаны қосудан бастаған. Болды, осы ғана. Ал кілемшеге отырып, 30 секунд медитация жасаған. Бірнеше күннен соң газ плитаны құр қосып қоймай, су толы кастрюльді қояды. Бірнеше аптадан соң кастрюльге сұлы салуды бастайды. Ал медитация толықтай 3 минутқа, сосын 5 минутқа ұзарады. Осылай аз-аздан жасау арқылы Сарики екі әдетті толықтай атқаратын деңгейге жетеді. Тас қашаушыны бақылап көр. Тасты жүз рет ұрса да мызғымас тас мыңқ етпей, сіресіп тұра береді, бірде-бір жарықшақ түспейді. Бірақ жүз бірінші соққыдан екіге бөлініп түседі. Тасты бөлген соңғы соққы емес, барлық соққының жиынтығы. Қанша тырыссаң да нәтиже көре алмай жүрсең, еңбегім далаға кетті деп мойыма. Олардың бәрі соққы боп тиер жеріне тиіп жатыр. баспаға әзірлеп, жиған-терге Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
|
| Всего комментариев: 0 | |
