20:13 Құдайтану баяны |
ТАУХИД: ИСЛАМ ҚҰДАЙЫ Шииттер болса, ойларын христиандағы тірілу көзқарасына барынша жақын сипатта дамытты. Хусеиннің трагедиялық өлімінен кейін, шииттер тек Әли бин әбу Тәліптің тегінен өрбігендер ғана үмбетке билік жүргізе алады деп мәлімдеді және исламның ішіндегі бөлек бір мәзһабқа айналды. Әли Мұхаммедтің немере інісі және күйеу баласы болғаны үшін, онымен туыстық байланысы бар еді. Пайғамбардың перзенттерінің бәрі сәби кезінде шетінеп кеткендіктен, оның бас көтерер еркек туысы Әли ғана еді. Құранда пайғамбарлар Құдайдан ұрпағына нығмет беруін жиі сұраған. Шииттер бұл ұғымның аясын кеңейтіп, тек Мұхаммедтің Әлиден тараған отбасы нәсілінің (әһлі бәйт) тікелей иләһи білімге (ілім) ие екеніне сене бастады. Олар үмбетті тек иләһи нұсқаумен ғана билейтін еді. Әлидің бір ұрпағы билікті қолына алса, мұсылмандар әділетті алтын Ғасырда тіршілік ететін еді және үмбет Құдайдың қалауына сай басқарылатын еді деп сенетін. Әлидің жеке тұлғасына деген сүйіспеншілік таңғаларлық дәрежеге жетті. Радикалды шиит топтары Әли мен оның тегін Мұхаммедтен де жоғары қойып, оларды тіпті Құдайдай көрді. Бұл үрдіс – көркем бір иләһи нәсілден өрбіген таңдаулы отбасына қатысты – антикалық Иран дәстүріне ұқсайтын. Әмәуилер кезеңінің соңына қарай кейбір шииттер кемел ілімнің тек Әлидің нәсіліне нәсіп болғанына сене бастады. Мұсылмандар үмбеттің нағыз имамы Құдайдың назары түскен осы отбасыдан шығады деп иланды. Билік құрсын-құрмасын, мұсылмандар оның жетегіне еруге барынша мұқтаж. Әр мұсылман оны іздеп тауып, мойынсұнуға міндетті. Халифтер бұл имамдарға билікке қарсы оппозиция ошағы ретінде қарап, оларды биліктің дұшпанына балады. Шииттердің сөзіне қарағанда, имамдардың көбісін улап өлтірді, біразы жасырынуға мәжбүр болды. Әр имам опат болған кезде оның лімін кейінгілер мирасқа алып қалулары тиіс еді. Таңдау олардың бір туысқанына түсіп отырды. Біртіндеп имамдарды иләһи күштің аватарына (бейне) балай бастады. Олардың әрқайсысы жасырын түрде адам бойындағы иләһи қасиетті тірілтетін, Құдайдың дүниедегі болмысының айғағы (хужжат) еді. Оның сөздері, әмірі мен бұйрықтары Құдайдан келеді. Христиандардың Исаны адамдарды Құдайға бастайтын Жол, Ақиқат және Нұр деп санайтыны сияқты, шииттер де имамдарға Құдайдың қақпасы (баб), жол (сәбил) және әр ұрпақтың көсемі ретінде құрмет көрсетеді. Шииттік әр ағым осы құдайлық тізбекті өздерінше жалғады. Мәселен, он екі имам шииттері Әлидің Хусеиннен тарайтын он екі немересін қабылдады. 939 жылы соңғы немере-имам жасырынып, жоғалып кетті. Кіндігінен өрбіген перзенті қалмағандықтан, одан тарайтын тізбек тоқтады. Жетілік деген атпен танылған исмаилиттер осы имамдардың жетінші буынының соңғы имам екеніне сенді. Он екі имам шиииттерінің арасында христиандық түсінік туды. Он екінші немесе Ғайып Имамның «Алтын Ғасыр» орнату үшін қайта келетіні туралы сенімі тарады. Бұлар ашықтан-ашық қауіпті ойлар еді. Ол тек саяси тұрғыдан ғана қауіпті емес болатын. сонымен бірге дөрекі, қарабайыр жорамалдардың да көбеюіне жол ашты. Кейбір шектен шыққан шииттер батини (ішкі сезім) жолды дамытып, Құранның символдық тәпсіріне мән бере бастады. Шииттердің сенім жүйесі басқа мұсылмандарға қарағанда, шым-шытырық сипатымен ерекшеленетін. Мұсылмандар олардың қайта тірілу қағидасын қисынсыз бір сандырақ деп санады. Шииттер көбінесе ақсүйектер табы мен зиялылар арасынан шықты. Ирандағы төңкерістен кейін, Батыс жұрты шииттерді Исламның ескіден келе жатқан радикал мәзһабы ретінде қабылдайды, бірақ бұл тұжырымның өзі дұрыс емес. шииттік софистикалық дәстүрге жатады. Шындығында, шииттердің Құранды ақылға сүйеніп (рационалдық) тәпсірлеуге тырысқан мұсылмандармен бірнеше ортақ тұстары бар еді. Мутазила деген атпен танылған бұл топ бөлек мәзһаб қалыптастырды. Олардың саяси көзқарастары барынша қатаңдығымен ерекшеленді. Шииттер сияқты Мутазила да сарайдың салтанатты өмірін өткір сынады және билік жүйесіне қарсы жиі-жиі саяси наразылық танытып отырды. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |