13:27 Құдайтану баяны |
ТАУХИД: ИСЛАМ ҚҰДАЙЫ Жаңа империя құрамына ешкімді зорлап исламға кіргізген жоқ. Шындығында, Мұхаммед дүниеден озған соңғы ғасырда басқаларды исламға кіргізуді ешкім қош көрмеді. Ал 700 жылдар шамасында тіпті басқаны исламға кіргізуге заңмен тыйым салды. Мұсылмандар яһудиліктің Жақыптың ұрпағына ғана нәсіп болғаны сияқты, ислам да арабтарға ғана бұйырған дін деп түсінетін. «Кітап иелері» (әһлі-китаб) саналғандықан, яһудилер мен христиандарға өз діндерін ұстанып жре беруге рұқсат етті және азшылық ретінде қорғалатын зимми деген мәртебе берді. Ал Аббасилер кезінде халифтер басқа жұрттың исламға өтуін қош көрді. Сол кезде семит және арий тайпалары исламды қуана-қуана қабылдады. Иса пайғамбардың қорлық тартып өлім құшуы – христиандықтың қалыптасуына қаншалықты рөл ойнаса, Исламның да осылайша сәтті дамуы оның қалыптасуына тура сондай дәрежеде ықпал етті. Осы дүниедегі жетістігіне жете қуанбайтын христиандармен салыстырғанда, мұсылманның жеке діни өмірі үшін саясат жат саналмайтын. Мұсылмандар өздерін Құдайдың қалауына сәйкес әділетті қоғам құруға міндеттіміз деп білді. Сол себепті де үмбетке ерекше қасиетті сипат дарытуға тырысты. Үмбет деген адамзатты әділетсіздік пен езгіден құтқаруға арналған және Құдайдың өзі үмбеттің сондай әрекетіне шапағатын төгіп тұрушы қасиетті «белгідей» қарайды. Үмбеттің саяси қабілетінің мықты болуы мұсылманның жеке рухани өмірі үшін де өте маңызды. Мысалы, христиандардың дін қабылдарда теологиялық таңдау жасағаны сияқты (Олар «христиандықтың қай тармағын – католик, протестант, методизм және баптизм қабылдағаным жөн» деп басын қатырады). Христиандарға мұсылмандардың саяси белсенділігі қалай түсініксіз көрінсе, өздерінің шым-шытырық діни тартысқа жиі араласуы да мұсылмандар мен еврейлерге дәл солай мағынасыз көрінеді. Қалай болғанда да, исламның алғашқы тарихында Құдайдың болмысы туралы пікірлер мұсылмандарда билік пен халифаттың саяси ахуалына қатысты алаңдаудан туды. Христиандар үшін Исаның тұлғасы мен сипатына қатысты айтыс-тартыс қаншалықты маңызды болса, «үмбетті кім басқарады және ол үшін адамның қандай қасиеті басты назарға алынуы керек» деген сұрақтың айналасындағы пікірлер, ислам доктринасын негіздеуде дәл сондай маңызға ие болды. Рашид халифалар кезеңі (әділетті төрт халиф) аяқталған соң, мұсылмандар Мәдинадағы ат төбеліндей жауынгер жамағатқа мүлде ұқсамайтын жаңа дәуірде өмір сүріп жатқанын түсінді. Арабтардың аумағы жылдам кеңейіп бара жатқан империяның қожайыны болып шыға келді. Енді олардың көсемдерін дүнияуи нығметтер көбірек қызықтырған сияқты. Ақсүйектер үлде мен бүлдеге оранды. Халиф сарайындағы ықпалды тұлғалар былыққа белшеден батты. Мұндай аста-төк өмір, бір заманда пайғамбар мен сахабалар сүрген, тақуа тіршілікке мүлде ұқсамайтын. Шын берілген мұсылмандар Құрандағы әлеуметтік теңдік туралы аяттарды көлденең тартып, исламды қазіргі жағдайға бейімдеуге тырысты. Осылайша қаптаған ағымдар мен тармақтар исламнан бөлініп шыға берді. Ең тиімді шешімдерді мұсылмандарға Мұхаммедтің идеалы мен төрт халиф кезеңіне қайтуға талпынған факихтер мен дәстүршіл ғұламалар тапты. Сөйтіп, Тәурат сияқты Құран аяттары мен пайғамбар сүннетіне негізделген шариғат заңдары пайда болды. Сахабалар мен мұхаммедтің өмір сүру салты (сүннеті) мен айтқан өсиеттері (хадистер) ел ішіне кеңінен таралған еді. VIII-IX ғасырларда мұсылмандар хадистерді жинақтап шығара бастады. Олардың ішінде ең танымалы Мұхаммед ибн Исмаил әл-Бухари мен Муслим ибн әл-Хаджак әл-Кушайри болды. Елдің бәрі Мұхаммедті «Құдайға толығымен берілген кәміл адам» деп санағандықтан, мұсылмандар күнделікті өмірінде барынша оған еліктеуі тиіс болатын. Мұхаммедтің сөйлеу мәнерін, адамдарды сүюін, ас ішуін, жуынып-шайынуын, құлшылық ету әдетін сіңірумен, исламның киелі заңдары мұсылмандардың құдайлық әлемге жолын ашып бергендей болды. Пайғамбарға барынша еліктеу арқылы ішкі әлеммен де Құдайға барынша жақындай түсеміз деп үміттенді. Мұсылмандар пайғамбар сүннетіне сәйкес бір-біріне «Ас-Саляму алйкум» (сізге тыныштық болсын) деп сәлем бергенде жетім-жесірлер мен кедей-кепшіктерге де, жан-жанураға да мейірімді күйге енеді. Бір-бірімен келісіп іс қылғанда, қарым-қатынас жақсарады. Құлшылықтың қимыл-әрекетін діннің ең биік шыңы осы деп қабылдауға болмайды. Бұлар тақуалыққа жетудің құралы ғана. Құран қағидалары мен пайғамбар сүннеті бойынша, «Құдайды танып білу» дәрежесіне биіктеуге болады. Оның негізгі өзегінде Құдайды үздіксіз еске алатын құлшылық та (зікір) тұр. Мұсылмандар арасында сүннет пен хадистің растығы жөнінде біраз тартыс та болды. Хадистердің бір парасын сенімді деп тапса, енді біразын күмәнді деп таныды. Жеме-жемге келгенде бұл дәстүрлердің тарихи растығы аса маңызды емес. Ең бастысы: олар жеміс берсе жетіп жатыр. Пайғамбар сүннеті бірнеше ғасып бойына миллиондаған мұсылмандардың өмірін иләһи мазмұнмен толтыруға қабілетті екенін дәлелдеп шықты. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |