18:29
Құдайтану баяны

ТАУХИД: ИСЛАМ ҚҰДАЙЫ

632 жылдың маусым айында қатты сарқаттанған Мұхаммед көп ұзамай көз жұмды. Оның қазасынан соң, көптеген бәдәуи үмбеттен бөлінгісі келді. Бірақ бұған дейін арабтардың саяси бірлігі нығайып алған еді. Көп ұзамай ең жүгенсіз деген тайпалардың өзі бірқұдайлық дідні қабылдады. Мұхаммедтің таңғажайып жеңісі арабтарға бірнеше ғасыр бойына жақсы қызмет етіп келген, бұрынғы пұтшылдық сенімдерінің ендігі заманда пайдаға аспайтынын анық көрсетті. Аллаға деген сенім – барлық дамыған дінге тән кісінің басқаға жаны ашу сезімін тудырды. Әлеуметтік теңдік пен бауырластық сезімі оның ең өзекті қасиеті саналды. Бұлжымас әділдік принципі әлі күнге дейін ислам идеалының негізгі сипаты болып тұр.

Мұхаммедтің көзі тірісінде бұл идеалдың ішіне ер мен әйелдің тең құқығы да кірген еді. Қазір Батыс жұртында исламды бейне бір әйел затын бұрыннан жек көретін дін сияқты сипаттайтын көзқарас орныққан. Бірақ Алланың діні де христиандық сияқты әуелден әйел затына жайлы қараған. Исламға дейінгі жәһилет (надандық) дәуірінде «Кіндік кезеңге» дейін салтанат құрған әйелдерге деген теріс көзқарастың тамыры Арабияда тереңге кеткен еді. Мысалы, көп әйел алу кең тараған болатын. тұрмысқа шыққан қыздың өзі әкесінің үйінде тұра беретін. Ақсүйек әйелдерде ғана біраз бедел мен билік болды. Мысалы, Мұхаммедтің әйелі Хадиша саудасы дөңгеленген кәсіпкер еді. Бірақ ол кезде көп әйел күңнің дәрежесінде күн кешетін. Олардың не саяси, не адами құқытары болмады. Қала берді, қыз баланы нәресте кезінде өлтіру қалыпты ғұрып саналды. Мұхаммедтің ізінен ең бірінші ергендердің ішінде әйелдер де болды. Ер мен әйелдің құқытарын теңестіру пайғамбардың арманы еді. Сәбилерді өлтіруге Құран сөзі қатаң тыйым салды және қыз бала туылғанда, бұлқан-талқан болатын арабтарды сөкті. Одан бөлек ажырасу мен мирас бөлісуде әйелдердің заңды құқытарын орнықтырды. ХІХ ғасырдың аяғына дейін мұндай теңдік Батыс әйелдерінің түсіне де кірмеген еді. Мұхаммед үмбет ісін қалыпқа келтіруде әйелдерді белсенді болуға жігерлендірді. Әйелдер ой-пікір ұсыныстарының жерде қалмайтынына сенімді болғандықтан, пікірлерін ашық айтатын дәрежеге жетті. Бірде мынадай оқиға болады: Мәдинадағы әйелдер пайғамбарға келіп, «Құран игеруде ерлер бізден озып кетті. Мүмкін болса, қыз-келіншектерге арнап Құраннан арнайы сабақ өтсеңіз. Біз де оқуда оларды қуып жетсек» деп өтініш жасаған. Пайғамбар бұл өтінішті орындады. «Неліктен Құран тек ерлерге қарата сөйлейді? Біз де Құдайға бағынып тұрмыз ғой?» деген сұрақты әйелдер жиі қоятын. Нәтижесінде әйел мен ердің ар-намыс және рухани мәселеде тең құқытығы туралы уахи енді. Содан бастап Құран тікелей әйел жұртына жиірек тіл қататын болды. Мұндай құбылыс еврейлер мен христиандардың киелі мәтіндерінде сирек кедесетін.

Өкінішке орай, христиандар сияқты исламда да еркектер дінді өздеріне бейімдеп, жекешелендіріп алды. Олар Құран мәтндерін мұсылман әйелінің теңдігін жоққа шығаратын жолдармен тәпсірлеп тастады. Құран бүкіл әйелге «жаппай бетіңді бүркеп жүр» деп бұйырмаған. Ондай аят мұхаммедтің әйелдеріне ғана қатысты енген еді. Бұл олардың ерекше мәртебесін айқындап тұру үшін керек болған. Алайда ислам діні әлемдік өркениеттен орын алып, іргесі бекіген соң, бұл дәстүрді бүкіл әлемге таратты. Соның кесірінен әйелдер екінші дәрежедегі адамға айналып шыға келді. Арабтар әйелдердің бет-әлпетін бүркеп, гаремдерге қамап қоюды парсы жұрты мен христиандық Византиядан «жұқтырған» еді. Ол жақта әйелдер ежелден-ақ теңдік көрмей оранып, қамалып, тапталып жататын. Аббасилер әулеті дүркіреп тұрған дәуірде (750-258) әйелдерінің жағдайы христиан мен еврей қауымындағы қыз-келіншектердің халіндей өте мүшкіл болатын. қазіргі кезде мұсылман феминистері еркектерін Құранның ілкідегі рухани өсиетіне оралуға үндеп жатыр.

Осының өзі барлық дін сияқты, исламды да түрлі жолмен тәпсірлеуге болады дегенді тағы бір еске салады. Сондықтан да уақыт өте келе исламның ішінен түрлі ағымдар мен бағыттар бөлініп шықты. Олардың ең біріншісі пайғамбардың күтпеген өлімінен соң, билік үшін басталған (сүнниттер мен шииттер) текетірес еді. Көпшілік дауыспен Мұхаммедтің ең жақын досы Әбу Бәкір ең бірінші халиф болып сайланды. Бірақ біреулері пайғамбардың туысы әрі күйеу баласы, Әбу Тәліптің ұлы – Әлиді халиф тағында көргісі келген. Әли Әбу Бәкірдің юилігін мойындады. Бірақ Әбі Бәкір, Омар ибн Хаттаб, Осман ибн Аффан есімді алғашқы үш халифтің саясатына наразы болған кей мұсылмандар Әлиге деген адалдығын іштей сақтап жүрді. 656 жылы әли халиф болып сайланды. Шииттер кейін, уақыт өте келе, Әлиді үмбеттің көсемі, бірінші имам деп танитын болды. Сүнниттер мен шииттердің екіге жарылуы доктриналық емес саяси тұрғыдан басталды. Осының өзі саясаттың мұсылмандардың Құдай туралы түсінігі мен дінінде қаншалықты маңызды орын алғананы тағы бір көрсетіп берді. шиит-и-Әли – «Әлидің партиясы» үмбеттің ішінде азшылық болып ақлды. Енді олар қарсылық ретінде өздерінің діни парыздары туралы түсініктерін айшықтауға кірісті. Шииттер Мұхаммедтің немересі, Әлидің ұлы Хусеин қайғылы өлімін өздеріне символ етіп алды. Әли қаза тапқан соң, Хусеин халифатты билеген Әмәуи (Омейяд) әулетінің билігін мойындамай қойған еді. 680 жылы халиф Язид Куфа қаласының жанындағы, Кербаланың шөлінде Хусеинді қасына ерген шағын әскерімен қырып жіберді. Сол шайқаста пайғамбардың немересі де опат болды. Язидтің мына қанды қырғыны бүкіл мұсылман жұртын шошытты. Осыдан бастап, Хусеин шииттер үшін, керек кезінде тирандаға қарсы қайтпай күресудің нағыз қаһарман үлгісі болып саналды. Бұл кезеңде мұсылмандар өздерінің империясын құра бастаған еді. Алғашқы халифтерді сол кезде қуаты қайтып, шөгіп бара жатқан Парсы және Византия империясының қарамағындағы араб тайпаларына исламды тарату мәселесі алаңдатқан еді. Әмәуилер династиясы кезінде халифаттың шекарасын Азия мен Солтүстік Африкаға дейін кеңейтті. Бірақ бұл кезде исламның бұлайша қанат жаюына шаюыт берген дін емес, арабтардың империялық пиғылы болатын.  (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 159 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: