13:37 Құдайтану баяны |
ТАУХИД: ИСЛАМ ҚҰДАЙЫ Құранның пайғамбарларға, арабтарға бұрыннан таныс Ибраһим, Нұх, мұса және Иса секілді, яһуди және христиан пайғамбарларына ерекше орын беруі – түсінікті жағдай. Бұлардан басқа мидиян және Самуд секілді ежелгі араб тайпаларына жіберілген Хұд пен Салих пайғамбарлардың да аты аталады. Қазіргі мұсылмандар: «Егер Мұхаммед буддистер мен индуистер жайлы естігенде, міндетті түрде олардың да данышпандарын Құранға қосар еді» деп растайды. Пайғамбар дүниеден соң, Ислам халифатындағы осы діндердің өкілдері дәл яһудилер мен христиандар секілді, толық еркіндікке ие еді. Дәл осы түсінікпен мұсылмандар «Құран америкалық үндістер мен австралиялық аборигендердің бақсылары мен қасиетті адамдарына да құрметпен қараушы еді» дейді. Мұхаммедтің уахидың сабақтастығы жайындағы сенімі көп ұзамай ауыр сынаққа ұшырады. Құрайыштар арасындағы жіктен соң, мұсылмандар Меккеде қала алмады. Тайпаластарының қолдауынан мақұрым қалған құлдар мен азат жандар сондай азапты қуғынға ұшырады, кейбіреулері өліп те қалды. Мұхамедтің руы хашимге қарсы бойкот жарияланды. Құрайыштар пайғамбардың отбасын өздеріне тізе бүгуге итермелемек болды. Осындай жоқшылықтың қасіретінен сүйікті жары Хадиша қайтыс болды. Мұхаммедтің өміріне қауіп төнді. Солтүстіктегі Иасриб жазирасындағы мүшрік арабтар мұсылмандарды өздеріне көшуге шақырды. Бұл – арабтар үшін бұрын-соңды болмаған жағдай. Арабияда өз тайпасына беріктік – өте қастерлі ұғым және тайпаластарымен қатынасты үзіп шығу да тіршіліктің негізгі қағидаттарын бұзуды білдіреді. Сол жылдары Иасрибті ежелден бері келе жатқан тайпааралық жанжалдар бөлшектеп, өзара қырқысып жатқан тайпаларды татуластырудың мүмкіндігі жоқ болатын. көптеген мүшрік бұл түйткілдердің саяси һәм рухани шешімі ретінде, исламды қабылдауға дайын еді. Иасрибте үш ірі яһуди тайпасы өмір сүретін, олар арабтарды моральдық тұрғыдан бірқұдайлық дінге дайындап келе жатқан еді. Яғни араб Құдайларын тәрк етуді құрайыштар сияқты ауыр қабылдамаулары керек болатын. қалай болғанда да, 622 жылдың жазында жетпіс шақты мұсылман отбасымен Меккеден Иасрибке жолға шықты. Хижрадан, яғни Иасрибқа (кейінірек мұсылмандар Мәдина деп атады, мағынасы «қала» дегенді білдіреді) «қоныс аударудан» бір жыл бұрын, Мұхаммед исламды өз түсінігіне сай яһудилікке жақындатып реформалай бастады. Ұзақ жылдар оқшауланып өмір сүргеннен болса керек, ол ежелгі дәстүрі берік діннің өкілдерімен кездесуді асыға күтті. Осыған байланысты Пайғамбар мұсылмандарға яһудилердің демалыс күндерінде ораза ұстауды, бұрынғыдай күніне екі рет емес, үш рет құлшылық етуді бұйырды. Мұсылмандар яһуди әйелдеріне үйлене алатын және олардың тамақ ішу ережелерін де ұстана алатын. Ең бастысы сол – мұсылмандар бұдан кейін яһудилер мен христиандар секілді жүздерін Құдысқа (Иерусалим) бұрып құлшылық жасаулары тиіс болды. Алғашында һудилер Мұхаммедке мүмкіндік берді: жазирада өмір сүру адам төзгісіз бола бастады. Олар сенімдеріне қатып қалған мүшріктермен бірге мұсылмандарға күмәнмен қараса да, мұхаммедке ерекше сенім білдіргендей болды. Өйткені ол яһудилікке айқын сүйіспеншілікпен қарайтын. Алайда уақыт өте келе яһудилер Мұхаммедке қарсы шығып, меккеден келген қоныс аударушыларға дұшпандық танытып жатқан мүшріктерге қосылып кетті. Яһудилердің исламға деген жеккөрініштері салмақты діни негізге табан тірейтін. Яһудилер пайғамбарлық дәуірінің аяқталғанына едәуір уақыт болғанына сенетін және бір мессияның (Мәсіхтің) келуін күтіп жүрген еді. Яһудилер де, христиандар да не болса да, жаңа пайғамбарларды мойындамайтын. Сонымен қатар бұған саяси түйсіктері де әсер етті: бұрын яһудилер өзара қырқысып жатқан араб тайпаларының кез келгенімен одақ құрып, жазирада үлкен ықпалға ие болып келіп еді, ал енді Мұхаммед жергілікті әулеттерді құрайыштармен қосып, ішіне яһудилер де кіретін алып тайпалық одақ, яғни жаңа мұсылмандық үмбетті құрды. Яһудилердің дұшпандығы күн санап арта берді, өйткені олардың Мәдинадағы жағдайлары қиындап, ықпалдары әлсірей түсті. Олар үнемі мешітке келіп, «мұсылмандардың уағыздарын тыңдап күлетін және олардың сенімдерін мазаққа айналдыратын». Киелі кітаптармен бұрыннан таныс яһудилер Құраннан Библиядағы сюжеттердің бастапқы нұсқаларымен қиыспайтын тұстарды қиындықсыз тауып алатын. Мұхаммедтің талпыныстары олардың күлкісін келтіретін, яһудилер зәрлі тілмен кекетіп, «өзін» пайғамбар санайтын бұл адам тіпті жоғалған түйесін де таба алмасы анық дейтін.(жалғасы бар) әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |