12:18 Құдайтану баяны |
ТАУХИД: ИСЛАМ ҚҰДАЙЫ Қатыгездікке қарамастан, мурувва, сөзсіз, көптеген артықшылыққа ие еді. Тайпаластар арасында теңдік сезімі қалыптасты, сонымен қатар материалдық қажеттіліктер тапшы болған қоғамда молшылыққа аса мән бермеуге үйрететін. Кеңпейілділік пен жомарттық культін жоғары тұту – арабтарды келешек үшін алаңдаудан құтқаруы тиіс болатын. кейінірек куә болатынымыздай, бұл қасиеттер исламда да маңызды орын иеленді. Мурувва ғасырлар бойы арабтар үшін сенім мен ақиқат рөлін қамтамасыз еткенмен, VI ғасырдан бастап, сол кезеңнің шарттарына жауап бере алмайтын халге жетті. Мұсылмандар джахилиа (надандық кезеңі) деп атаған исламға дейінгі кезеңнің ең соңғы шақтарында, тұтас араб әлемінде үрей мен рухани күйзеліс белең алды. Түбекті жан-жағынан екі алып импеиря – Византия мен Парсылық Сасанидтер әулеті қоршап жатты. Отырықшы елдерден Арабияға жаңаша идеялар ене бастады. Ал Ирак пен Сирия жерінде болып келген саудагерлер өз жұртына өркениеттің небір кереметтерін айтып беретін. Дегенмен арабтар тағылықтың мәңгі қамытын кигендей көрінетін. Тайпалар арасындағы соңы жоқ соғыс оларды онсыз да тапшы ресурстарын біріктірулерін кешеуілдетіп қана қоймай, біртұтас араб ұлты ретінде қалыптасуын тежеді. Әйтсе де әлсіз облса да, ортақ бір тұғырдың қажеттілігін бәрі де сезетін. Олар тағдырларын өз қолдарына алып, өз өркениеттерін қалыптастыра алмай келді. Оның орнына әрдайым сыртқы күштердің ықпалында қалып отыратын: шынында да, қазіргі Йемен орналасқан оңтүстік Арабияның ең құнарлы әрі дамыған өлкесі (оның артықшылығы муссон жауындарына байланысты еді) Парсының әдепкі провинциясының біріне айналған еді. Сонымен қатар осы аймаққа енген жаңа идеялар бұрынғы қауымдық тұтастықты ыдыратып, оның орнына индивидуализмнің белгілерін қалыптастыра бастады. Мысалы, о дүниелік өмір туралы христиандық доктрина әрбір тұлғаның тағдырына қасиетті мән дарытатын, алайда мұны жеке тұлғаны жамағатқа байлаған, адам жанының мәңгілігі қауымның амандығына байланысты деп түсінетін тайпалық көзқараспен қалай үйлестіруге болады? Дәл осы жерде Мұхаммедтің ерекше кемеңгерлігі айқын көрінді. 632 ж. дүниеден озар тұста, ол бүкіл араб тайпаларын біртұтас үмбет қылып біріктіре алды. Ол арабтарға бұрынғы дәстүрлерімен ғажап үйлесетін руханилықты мирас етті. Бұл жүз жыл ішінде, Гималай тауларынан бастап, Пиреней түбегіне дейінгі аралықты қамтитын, төл өркениеті мен ұлы импеиряны құруға жетерліктей, ғаламат қуатты ішіне бүккен руханилық еді. Әрине, Мұхаммедтің өзі де мұны 610 жылы, Рамазан айында, Хира тауының ұшар биігіндегі қуықтай ғана үңгір ішінде, құлшылық қылған кезінде болжай алмаған. Көптеген арабтар секілді Мұхаммед те ескі Араб пантеонындағы ең ұлы Құдайды, яғни есімі «Құдай» мағынасын беретін Алланы яһудилер мен христиандардың Құдайымен бір деп сенетін. Сонымен қатар халқын қазіргі тауқыметтен тек осы Құдай жіберген пайғамбар ғана арашалап алатынына сенетін, бірақ сол пайғамбар өзі екенін білген жоқ. Шынында да, арабтар Алланың өздеріне пайғамбар мен уахи жібермегеніне күйінетін, әйтсе де Арабияның дәл орталығында, есте жоқ ескі замандардан бері, араларында Оған арналған қасиетті орын бар болатын. көптеген араб Қағбаны (Мекке орталығында орналасқан, тік төртбұрышты ғимарат) әуелден Алланың үйі деп шүбәсіз сенетін, алайда VII ғасырда набатия Құдайы Хубалуға көшті. Барлық меккеліктер Арабияның ең маңызды, қасиетті орны Қағбамен мақтанатын. Жыл сайын түбектегі барша арабтар қажылық үшін Меккеге ағылатын. Бірнеше күн дәстүрлі рәсімдерін жасайтын. Қағбаның төңірегінде біреуге зорлық жасауға және күш қолдануға тыйым салынатын, сондықтан арабтарға тән өзара қырқысу тыйылып, емін-еркін, қауіпсіз сауда жасауларына септігін тигізетін. Құрайыштар сауда-саттықтағы жетістіктері және басқа тайпалардың құрметіне бөленуі – Қағбаның шырақшысы, қасиетті мекеннің қорғаушысы болғанының арқасы екенін жақсы түсінетін. Құдай құрайыштарға айрықша бедел сыйласа да, оларға ешқашан Ибраһим, Мұса немесе Иса секілді пайғамбар жібермеген еді және арабтардың өз тілінде Киелі кітаптары да жоқ еді. Осыған байланысты жаппай рухани күйзеліс, тоқырау белең алды. Арабтармен жақын қарым-қатынасқа түскен яһудилер мен христиандар, оларды «кітап түспеген тағы халық» деп келемеждейтін. Арабтар қол жетпес ілім иесі саналатын бұл халықтарға өкпелі болса да, оларға құрметпен қарайтын. Яһудилік пен христиан діні бұл аймаққа енбеген еді, сонда да арабтар бұл прогрессивті діндердің Араб түбегіндегі пұтқа табынушылықтан әлдеқайда басым түсетінін мойындайтын. Фадақ оазисіндегі Йасриб елді мекенінде (кейінірек Мәдина аталды) шығу тегі белгісіз, яһуди қауымы өмір сүретін. Ал Парсы және Византия иеліктерімен шектесетін кейбір солтүстік өңір тайпалары христиан дінінің монофизиттік және несториандық бағытын ұстанатын. Алайда бәдәуилер еркіндікті бәрінен жоғары қоятын, сондықтан да ірі қауымдастықтардың ықпалына табанды түрде қарсы шықты (Йемендегі туыстас тайпалар секілді сіңісіп кетуді қаламады) және парсылар болсын, византиялықтар болсын, яһудилік пен христиандықты Арабияға импеирялық билігін жаю мақсатында қолданатындарын жақсы түсінді. Бәлкім, жергілікті дәстүрлері еріксіз құлдырағаннан болар, арабтар мәдениетінің үлкен соққыға ұшырап жатқанын сезетін. Бұлай кете берсе, бөгде тіл мен жат дәстүр арқылы көрініс тапқан бөтен идеология байырғы мәдениетке ақтық үкім шығаруы мүмкін. (жалғасы бар) әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |