19:20
Құдайтану баяны

ПҰТҚА ТАБЫНУШЫЛАРДЫҢ ОЯНҒАН ҮМІТІ

Б.з. І ғасырында буддалық қаһарманның жаңа типі – бодхисаттва пайда болды, Буддаға еліктеп, басқаларды құтқару үшін, өз бостандығын құрбандыққа шалып, нирванадан бас тартады. Бодхисаттва адамдарды азаптан құтқару үшін өзін қайта тууларға қияды. Б.д.д. І ғасыр соңында құрастырылған «Кемел даналық туралы уағыздар» түсіндірілгендей, бодхисаттвалар:

«... жеке нирванаға ұмтылмайды. Керісінше, олар болмыс әлемінде көп азап көрді, бұрынғыша жоғары көзін ашуға қол жеткізу үшін туулар мен өлімдерден қорықпайды. Олар әлем игілігі үшін, әлемдегі азапты азайту үшін, әлемге жандары ашыған соң қалып отыр. Олар: «Біз әлемге қорған боламыз; әлемнің тыныштық орны боламыз; әлемнің соңғы жұбанышы боламыз; осы әлемнің аралына, жарық көзіне айналамыз; осы әлемде құтқаратын жолды нұсқайтын ұстаз боламыз», - деп шешім қабылдады».

Оған қоса, бодхисаттва қайырымдылықтың таусылмас қайнар көзіне ие және руханияты аз адамдарға көмектеседі. Бодхисаттваға сиынатындар келесі өмірінде буддалық мифологиядағы аспан жанаттарының бірі – Көкірек Көзін Ашатын әлемге баруға мүмкіндік алады.

Мәтіндерде бұл идеяларды сөзбе-сөз түсіндіруге болмайтыны ескертіледі. Олардың әдеттегі логика мен жердегі құбылыстарға еш қатысы жоқ, олар көзге ілінбейтін ақиқаттарға тұнып тұрған символдар ғана. Б.д. ІІ ғасырының басында, Бостық мектебінің негізін салушы философ Нагарджуна парадокстар мен диалектикалық әдісті қолдана отырып, қарапайым түсіндірме тілдің қауқарсыздығын көрсетеді. Оның ойынша, соңғы ақиқатты медитация арқылы интуитивті түрде тануға болады. Тіпті буддалық ілімді шартты қабылдаған жөн: ол әдеттегі адам тілімен берілгендіктен, Будда жолдаулар жеткізген шынайылықты толық түсіндіріп бере алмайды. Осы философияны қабылдаған буддистер – бізді қоршаған дүниенің барлығы иллюзия (Батыста оларды идеалистер деп атады) дегенге сене бастады. Бүкіл болмыстың киелі негізі болған абсолют дегеніміз – «бостық», ештеңе, бейболмыссыздық, өйткені қарапайым сөз мағынасымен беріле алмайды. Әрине, осы «бостықты» нирванамен теңестірді. Гаутаманы қосқанда, әр будда нирванаға жетеді, бұдан шығатыны, қандай да бір түрленудің нәтижесінде ол нирвана болады да, Абсолютпен тұтасып кетеді. Осылайша, нирванаға ұмтылған кез келген адам буддалармен теңесуді көксейді.

Буддалар мен бодхисаттваларға сиыну – блактидің христиандықтағы Исаға деген сенімге өте ұқсайтынын оңай байқауға болады. Басқасын қоспағанда, осы тәсілдің өзі будда сенімін кең бұқараға қолайлы етті (Павелдің иудаизмді пұтқа табынушыларға қолжетімді етуді армандағанын еске алайық). Дәл сондай жолмен индуизмге де блакти идеясы дами бастайды, онда, алдымен, екі үлкен ведалық Құдайға – Шива мен Вишнуға сиынуды бастайды. Елге танымал пұтқа табынушылық – упанишадтардың философиялық ұстанымдарынан да күштірек болып шығады. Уақыт өте келе индуистер – Брахма, Шива мен Вишну түрінде – өздерінің Үштігін құрады. Бұлар біртұтас және танылмайтын ақиқаттың үш символы немесе аспектілері санала бастайды.

Кей кезде Құдайдың құпия болмысын – ізгілік пен зұлымдықтың, өсімталдық пен тақуалықтың ғажайып құдайына айналып, әрі жасампаз, әрі қиратушы ретінде көрінген Шиваның кейпінде елестеткен дұрыс болар. Белгілі аңыз бойынша, Шива – ұлы йог, ол діндарларға медитация арқылы Құдайды жеке танып-түйсінуге көмектеседі. Вишну әдетте мейірімді және шат-шадыман. Көбінесе адамдарға әр алуан кейіпте немесе аватар түрінде көрінеді. Солардың ішіндегі ең әйгілісі – текті отбасыдан шығып, бақташылардың тәрбиесінде өскен Кришна. Ел арасында кең тараған аңыздар оның бойжеткендерден сауық-сайран құрғанын әсірелеп баяндайды. Бұл ретте Құдай бізге Сүйікті Жан тұрпатын танытады. Бірақ басқа бір жолы Вишну-Кришна Арджуна ханзаданы өзінің сұрықсыз жүзімен үрейлендіреді:

«О, Құдайым, сенің тәніңмен құдайларды және көптеген түрлі тіршілік иесін – лотос тағында отырған ғарыштық жаратушы, билеуші Брахманы, барлық данышпандар мен құдайлық азғырушы-әзәзілдерді көріп тұрмын».

Кришна өз денесіне қандай да бір кереметтің күшімен бәрін сыйғызып алған; оның басы да, соңы да жоқ, өзі бүкіл кеңістікті қаусырған және барлық құдайды: «ұлыған дауылдардың құдайларын, күн құдайларын, жарқын жүзді құдайлар мен ғұрып құдайларын» қамтыған. Оған қоса, ол – «адамның шаршамайтын рухы», яғни адамилықтың мәні. Оған барлығы теңізге асыққан өзен немесе отқа құмартқан көбелек сынды алып-ұшып ұмтылады. Бұл үрейлі көріністен Арджунаның өне бойы дірілдеп, безек қағады, есінен танып қала жаздайды. (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 176 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: