08:39
Құдайтану баяны

БІР ҚҰДАЙ

Б.д.д. 722 ж. он солтүстік тайпаның, қаласын-қаламасын, жергілікті халықпен сіңісіп кетуәне тура келді, бірақ қуғындалған израилдықтардың жағдайы басқаша болды. Олардың екі қауымдастығы бар еді: бірі – Бабылдың өзінде, екіншісі – Евфраттың сағасы Ховардың жағалауларында, Ур мен Ниппурға жақын маңдағы, Тель-Авив («көктемгі төбе») деп аталған жерде қоныстанды. 597 жылы қуғын көріп, алғаш көшіп барғандардың ішінде Иезекиил деген дінбасы болды. Бес жылдай ол үйінде тас бүркеніп жатып алады және тірі жанмен сөйлеспейді, ақырында, Яхвенің көз қарықтырған ғажайып көрінісін бастан кешіріп, ес-түссіз құлайды. Пайғамбардың алғашқы көріпкелдігін егжей-тегжейлі суреттеген абзал, өйткені ол жүз жыл өткен соң яһудилік мистицизм үшін маңызды болады. Иезекиил найзағай жарқылынан жалт-жұлт еткен бұлтты көреді. Солтүстіктен қатты жел соғып, сол желдің арасынан төрт құдіретті аң жегілген үлкен арбаны көргендей (көріністің шарттылығы туралы алдын ала ескертілгенін атап өту керек!) болады. Аңдар Бабыл сарайының қақпасына оюланып салынған карибуды еске түсіреді, бірақ Иезекиил оларды тануға келмейтіндей етіп суреттеуге тырысады. Әрбір аңның адам, арыстан, бұзау мен бүркіт бейнесінен құралған төрт басы бар. Дөңгелектердің әрқайсысы өз бағытымен айналу үстінде. Бұл бейнелер қатары табиғаттан тыс құбылыс сезімін күшейту үшін берілген. Пайғамбар оларды сөзбен жеткізуге тырысады. Аңдардың қанат қағысынан – «тасқын судың сарылы, Ұлы Жаратушының (Шаддай) дауысы, әскери қосындағы қатты айқай-сүрең» сияқты дыбыстар естіледі. Арбада таққа «ұқсас» нәрсе, оның үстінде «адам сынды бір нәрсе» болды: мұның тұла бойы мыстай жарқырап, аяқ-қолынан от ұшқыны шашырайды. Сондай-ақ «отқа ұқсас бірдеңе болды, оның айналасында нұр жарқырап (кавод – «даңқ») тұрды». Иезекиил етпетінен жығылып, өзіне бағытталған дауысты естиді.

Адамадрды құдайлық тылсымнан ажыратып тұрған үлкен айырмашылықтың барын түсіну үшін шыққан дауыс оған «адам баласы» деп тіл қатады. Дегенмен Яхвенің көрінісінде әдеттегіше нақты мақсат көзделген: Иезекиил ереуілшіл Израил ұрпағына Құдайдың Сөзін жеткізуге тиіс. Құдайлық хабардың адамға тән емес сипаты қатал символика арқылы бейнеленген: созылған қол пайғамбардың көз алдына ішіне «жылау, ыңырсу, қайғыру» деп жазылған шиыршық қағазды жайып тұр. Иезекиилге рухын Құдай Сөзімен толықтырып, оны мәңгілікке сіңіру және жанының бір бөлшегіне айналдыру үшін қолжазбаны жеп қою бұйрылды. Әдеттегідей бұл құпия тек қорқынышты ғана емес, әсерлі: шиыршық қағаздың дәмі балдай тәтті. Ақырында, Иезекиил былай дейді: «Рух мені көтерді де, өз тарапына алды. Содан мен күйзеліске түсіп, абыржыған халде болдым, мені Жаратушының мықты қолы қаусырды». Тель-Авивке келген пайғамбар бір апта «таңғалыс құшағында» жүрді.

Құдай әлемінің адамдар үшін қаншалықты бөгде және алыс болып кеткенін, ендігі жерде Иезекиилдің басынан кешкен ауыртпалықтарынан байқаймыз. Пайғамбар еріксізден сол бір бөгделіктің тұтқынына айналды: Яхве көбінесе Иезекиилді әдепкі адамадрдан ерекшелейтін, түсініксіз әрекеттер жасауға итермеледі. Бұл мінез-құлық Израилдағы шиеленісті жағдайды аңдатты, түпкі мәніне үңілгенде израилдықтардың пұтқа табынушылар әлемінде оқшау қалғанын білдірді. Мәселен, Иезекиилдің жұбайы дүниеден өткенде, оны жоқтауға тыйым салынды. Құдай пайғамбарға біржамбастап, оң жағына – үш жүз тоқсан күн, сол жағына қырық күн жатуға бұйырады, содан кейін байғұсты барын буып-түйіп, Тель-Авивтің айналасында, үйсіз-күйсіз қашқын секілді, кезіп жүруге мәжбүрлейді. Яхвенің бұйрықтары Иезекиилдің жүйкесін жұқартады: оның өне бойы дамылсыз дірілдеп, бір орында байыздап отыра алмайды. Бір күні тіпті нәжіспен қоректенуіне тура келеді. Бұл оның халқының бір кезде қоршауда қалған Иерусалимде бастан кешірген ашаршылығының символы болды. Пайғамбар Яхве культіне тән оқыс құбылыстардың бейнесіне айналды: еш нәрсеге сенім жоқ, табиғи мінез-құлыққа тыйым. (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 215 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: