20:42
Құдайтану баяны

БІР ҚҰДАЙ

Б.д.д. 587 жылға дейін, Навуходоносор Иерусалимді талқандап, еврейлерді Бабылға көшірген тұста «Қайталанған заңды» израилдықтардың барлығы мойындамағандарын айта кету керек. Навуходоносор таққа отырған 604 жылдың өзінде Иеремия пайғамбар Исайяның пұтқа табынушылықпен күрес идеясын жаңғыртып, «таңдаулы халық» салтанатты доктринасын аяғына тік тұрғызды: ендігі жерде Құдай израилдықтарды жазалау амалы ретінде, Бабылды таңдаған болып шығады. Израилдықтарды «діндерінен ажырату» уақыты туындады, енді оларды жетпіс жылдық қуғын-сүргін күтіп тұрды. Бұл сәуегейлікті естіген Иоаким көшірмешінің қолындағы орама қағазды тартып алып, жыртып, отқа тастайды, ал Иеремия болса, өміріне қауіп төніп, бас сауғалап қашады.

Жаңа, мейілінше талапшыл Құдайдың бейнесін жасау үшін қаншама күш пен қасірет керек болғанын Иеремия тағдырынан көруге болады. Пайғамбарлық жүгі Иеремия үшін ауыр болды, әсіресе жүрегімен жақсы көретін өз халқын қорлау міндеті қиынға соқты. Иеремияның мінезі мүлде ереуілшіл болмады, керісінше, ол көңілшек адам еді. Яхве оны өзіне шақырғанда, болашақ пайғамбар көзіне жас алып, былай дейді: «О, Құдайым! Мен сөйлей алмаймын, өйткені әлі жаспын». Бірақ Құдай «Өзінің қолын созып», Иеремияның аузына тигізіп, оған Өз сөздерін теліді. Құдай әмірі күрделі және қайшылықты болып шықты: «жою және күйрету, жою және құлату, салу және отырғызу», бұл Иеремияның түйіспейтін біржақтылықтар арасындағы азапты сенделістеріне алып келді. Пайғамбарлық Құдаймен кездесуі де оған ауыр тиді: «кеудемдегі жүрегім парша-парша болып, барлық сүйектерім сырқырады, мен – мас сияқты болдым». «Қорқынышты әрі баурап алатын құпиямен» бетпе-бет келу – бір сәтте-ақ сезімге бөлеп, еліктіріп әкетті:

«Уа, Құдайым, Сен мені еліктіріп, дегеніңе көндірдің,

Сен менен күштісің, басымсың...

Сөйтіп, мынадай ойға келдім:

Оны еске алмаймын және

Оның атынан ештеңе айтпаймын.

Алайда жүрегімде жанып тұрған от сүйектеріме бойлады,

Оны ұстап тұрамын деп, шаршадым,

Ұстап тұра алмадым».

Құдай Иеремияны екіге бөлді: бір жағынан, пайғамбар Яхвеге деген шексіз құштарлықты сезініп, елігудің тәтті азабын шексе, екінші жағынан, кейбір кезде өз еркінен тыс күштің иіріміне батып бара жатқанын аңдады.

Амос заманынан бері пайғамбарлардың маңдайына жалғыздық жазылған болатын. Өркениетті әлемнің басқа аймақтарынан ерекшелігі, Таяу Шығыс халықтарына тән мифтік санадан арылып, мүлде жаңа жолға түсуге мәжбүрледі. Иеремияның көз жасы – мұның қаншалықты жан азабын шектіргенінің көрінісі. Израил орасан пұтқа табынушылық әлемнің ортасында қалған иеговизмнің әлжуаз тірегі болды. Оның үстіне, Яхвеге израилдықтардың біраз бөлігі қарсылық көрсетті. Яхвемен сұхбаттасу тіпті Жаратушының біршама жұмсартылған бейнесін жасаған – «Қайталанған заңның» авторы үшін де ауыр сынаққа айналды. Мұса атынан D Яхвемен кездесуден қорыққан израилдықтарға Құдайдың әр ұрпаққа өз пайғамбарын жіберіп, құдай көрінісінің ауыртпалығын жеңілдетіп отыратынын түсіндіреді.

Яхве культінде бұрынғыша әрбір адамның жанындағы құдайлық болмысты меңзейтін атман идеясына ұқсас еш нәрсе болған жоқ. Яхве арғы әлемдік, қол жетпес жоғары ақиқат болып қала берді. Жат көрінбесі үшін Оған адами сипаттар телінді. Тап сол кезде саяси жағдай ушықты. Бабылдықтар иудеяға баса көктеп кірді де, патша мен израилдықтардың алғашқы легін айдап әкетті. Көп кешікпей Иерусалимді қоршауға алды. Жағдай шиеленіскен тұста, Иеремия Яхвеге адами сезім сыйлау дәстүрін қатаң ұстанды: Құдай өзінің үйсіз-күйсіздігін, қайғы-қасіреті мен шарасыздығын айтып зарлайды. Яхве Өз халқымен бірге налиды, қорланады және абыржиды. Еврейлер секілді, Ол да не істейтінін білмейді, Өзін дәрменсіз және әлсіз сезінеді. Кеудесін өртеген ашу-ызаны Иеремия өз сезімі емес, Құдайыдң қаһары деп есептейді. Жұртының қамын ойлаған пайғамбарлар бірден Жаратушыны еске алатын, өйткені Құдайыдң дүние істеріне араласуы Оның өз халқымен тығыз байланыс жасауы арқылы жүзеге асатын. Құдай жердегі әрекеті барысында адам баласының өзіне сүйенеді. Бұл қағида Құдай туралы яһудилік түсініктердің басты тұғырына айналды. Тіпті адамдар өз сезімдері мен әсерлерінде із қалдырған Құдай Әрекетін ажырата алады, яғни Яхвенің адамилыққа тікелей қатысы бар деген бложамдар айтылды.

Жау қақпаның алдында тұрғанда, Иеремия өз тайпаластарына Құдайдың атынан қаһарлана шүйлікті (әдетте Құдай алдында оларды қорғатынына қарамастан). Б.д.д. 587 жылы, бабылдықтар Иерусалимді басып алған кезде, Яхве атынан тараған көріпкелдіктер мейірімділікке және жұбатушылыққа толы болды. Өз халқы ащы күйзелістің дәмін татқан соң, ендігі жерде Ол израилдықтарды құтқарып, айырылып қалған үй-күйін қайтаруға уәде берді. Бабыл билігі Иеремияның отанында, яғни Иудеяда қалуына рұқсат етеді. Ол өзінің нұрлы болашаққа деген сенімін нығайту үшін сол жерден баспана сатып алады: осылай деп Израил Құдайы, Жаратушы Саваоф айтады: «үйлер, егіндіктер мен жүзімдіктер бұл жерде қайтадан саудаға түсетін болады». Көпшіліктің болған жағдай үшін күнәні Яхвенің Өзіне артқаны таңғалдырмайды. Мысырды кезіп жүрген Иеремия Дельтаға асыққан еврейлерді кездестіреді, олардың Құдай туралы сөйлесуге уақыттары болмайды. Әйелдер «бұрынғыша аспан әйел құдайы Иштардың құрметіне рәсім жасасақ, бәрі жақсы болар еді, бірақ тап осы Иеремия сияқтылардың кесірінен бұлай істеуді доғардық, содан ел бақытсыздыққа, қайғы-қасірет пен мұқтаждыққа тап болды» деді. Қалай болғанда да, тауқымет пен тақсірет Иеремияны жаңа сәуегейлікке итермеледі. Иерусалим құлап, ғибадатхана бұзылған соң, ол діннің сыртқы белгілері шын мәнінде ішкі, рухани хал-ахуалдың символы екенін ұғына бастады. Келешек Өсиет Израилмен бірге жаңа түрге енеді: «Менің жаңа заңымды жан дүниелеріне саламын да, оны жүректеріне жазамын». (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 202 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: