10:21
Құдайтану баяны

БІР ҚҰДАЙ

Қазір біз, өкінішке орай, Бір Құдайға табынушылықтың үйреншікті сипаты болып бара жатқан төзімсіздікке үйрендік, ол басқа құдайларға деген өшпенділік салдарынан жаңа діндарлықтың сәулесін көруге мүмкіндік бермейді. Пұтқа табынушылық қашан да төзімділік сенімі болды: жаңа құдай бұрынғы культтерге қауіпті болмаса, оған дәстүрлі пантеонда қашан да орын табылатын. Ескі құдайларға деген төзімсіздік байырғы таным-түсініктердің орнын «Кіндік кезеңнің» жаңа идеологиялары алмастырған кездерде де болмаған. Индуизм мен буддизм құдайларды жек көруге емес, олардан жоғары болуға үйрететінін ілгеріде айтып өткенбіз. Израилдық пайғамбарлар Яхвемен бәсекеге түскен құдайларды көрген мезетте ашудан булығатын. Көне еврей мәтіндеріне көз жүгіртсек, «пұтқа табынушылықтың» жаңа күнәсі мен «жалған құдайларға» сиыну – пайғамбарлардың жиіркеніш сезімін арттырған. Мұндай қатынас – Шіркеу әкейлерінің жыыныстық қатынасқа деген жеккөрінішіне ұқсас болуы ықтимал. Бұл жердегі мәселе – рационалды, байсалды ой машығында емес, жан күйзелісінен шаршағанда, бұрқ ететін эмоционалды жарылыста болып тұр. Пайғамбарлар іштей өздеріің діни құлқынан қауіптенген болуы да мүмкін. Терең түйсігі арқылы Яхве туралы өз түсініктерінің пұтқа табынушылықпен әлдебір ұқсастығын сезінулері де ықтимал, өйткені Оны да олар адам бейнесінде және оған ұқсата жаратқан.

Христиандықтың жыныстық қарым-қатынасқа қатысты көзқарасымен салыстыру – тағы бір бас мәселенің бетін ашады. Ол заманда израилдықтардың көбі пұтқа табынушылық құдайларының барын ашық түрде мойындады. Кейбір қауымдарда Яхве біртіндеп Ханаан (мәселен, Осийя Ваалға қарағанда Жаратушының құнарлық жұмыстарын әлдеқайда жақсы жүргізетінін әбден байыптап береді) жерлеріндегі элохимдердің қызметінің бір бөлігін қабылдады, бірақ белгілі себептермен шексіз батыл Яхвеге израилдықтар, әсіресе олардың әйелдер қауымы ерекше құрметтеген әйел құдайлар – Асират, Иштар және Анатты орнынан тайдыруы қиынға соқты. Монотеистердің құдайымыз жыныстық бөліністен жоғары де ант-су ішулеріне қарамастан, Яхве, ең алдымен, еркектік сипатымен танылды, дегенмен кейін көзіміз жететіндей, бұл жағдайды түзетуге әрекет жасағандар да болды. Бұл Яхвенің әуелде тайпа деңгейіндегі соғыс құдайы болғанымен түсіндіріледі. Алайда оның әйел құдайлармен бақталастығынан «Кіндік кезеңнің» бір жағымсыз қыры көрінді: әйелдердің қоғамдағы мәртебесі аласарған еді. Алғашқы қауымдық құрылыста әйелдердің көп жағдайда еркектерден үстем тұрғаны шүбәсіз. Көне діндердегі ұлы әйел құдайлардың беделі әйел атына деген құрметті айқын аңғартады. Бірақ қалалардың пайда болуы және дамуы жауынгерлік қабілеті мен білек күші сынды еркекке тән қасиеттердің маңызын арттырды. Әйелдер өркениетті әлемнің жаңа кезеңінде шетке шығарылып, қоғамның төменгі санатына ығыстырылды. Олардың хәлі әсіресе Грекияда өте мүшкіл болды. Мұны Шығыстың патриархалды салтын күстаналуға бейім күллі Батыс жұртшылығы есте сақтауы тиіс. Грек демократиялық идеалдарының афиналық әйелдерге шарапаты тимеді, оларды қапаста ұстап, кембағал жандар есебінде сыртқа тепті. Израил қоғамы да сол уақытта еркектердің артықшылығына басымырақ мән берді. Бағзы дәуірлерде әйелдер ықпалдырақ болып, содан өздерін еркектермен тең санағандары анық. Мәселен, Девора секілді әйелдер тіпті әскери жорықты басқарған. Израилдықтар, әрине, Юдиф пен Эсфирдің қаһармандық ерліктерін бұрынғыша мадақтады, бірақ Яхве Ханаан мен Таяу Шығыстың басқа құдайларын жеңіп, жалғыз Құдайға айналғанда, дін істерімен тек еркектер айналысты. Әйел құдайлар ығыстырылды да, бұл жаңа өркениетті әлемнің айрықша сипатына айналған мәдени өзгерістердің белгісі болды.

Жеңіс Яхвеге оңайлықпен бұйырған жоқ. Ол аса қуатты, қатыгездікті және күресті қажет етті. Басқаша айтқанда, Бір Құдайдың жаңа діні израилдықтар арасына индуизм мен буддизм сынды оңай тараған жоқ. Яхве ескі құдайларды бейбіт жолмен жеңе алмас та еді. Дірдарларды өзіне қарату үшін аянбай күресу керек болды. Бұған 82-жыр (псалом) дәлел бола алад, онда Жаратушы бабылдық және ханаандық мифологияда ерекше маңызға ие болған құдайлық Мәжілістің төрінен көрінеді:

«Яхве құдайлар жиынында (Илу Кеңесінде) бой түзеп тұрып,

Құдайлар арасында үкім айтты.

Сендер қашанға дейін әділетсіз үкім шығарып,

Залымдарға жылы қарайсыңдар.

Кедей мен жетімге үкімін беріңдер,

Қаналған мен қайыршыға әділетті болыңдар,

Кедей мен қайыршыны құтқарыңдар,

Оларды залымдардың қолынан азат етіңдер!

Білмейді, ойланбайды, қараңғылықта жүр,

Жер түбірімен теңселіп тұр.

Мен айттым: сендер –

Құдайсыңдар және барлығың –

Ұлы Жаратушының (Эль-Элион) ұлдарысыңдар.

Бірақ адамдар сияқты сендер өлесіңдер,

Кез келген ханзада сияқты құлдырайсыңдар».

Ежелден бері Илу басқарып келе жатқан Мәжіліске ашық қарсы шыққан Яхве басқа құдайларды – «өзекті қоғамдық мәселелерді шешуге қауқарсыз» деп кінәлайды. Ол жаңа, мейірімді рухы бар пайғамбарлардың бейнесін білдірді, ал Оның «рәптестері» өткен дәуірлерде әділдік пен теңдік орнату үшін ештеңе де жасамады. Бұрынғы уақыттарда Яхве оларды элохим, Ұлы Құдайдың ұлдары деп мойындауға дайын еді, бірақ енді құдайлар өздерінің қажетсіз болып қалғандарын толық айғақтады. Олар қарапайым адамдар сияқты өледі. Жыр авторы өліммен қорқытып қана қоймай, одан әрі кесімді әрекетке барады: Израилда әлі де сиынушылары көп болуы ықтимал Илудің билігін Яхвеге алып береді. (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 202 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: