12:44 Құдайтану баяны |
БІР ҚҰДАЙ Осияның баяны пайғамбарлардың Яхве бейнесін қалай дамытқанын егжей-тегжейлі ашып көрсетті. Бастапқы әрекетінде-ақ Яхве Осияға «бар да, жезөкшеге үйлен (эшет цеюним), «өйткені Құдайынан бас тартқан осы ел әбден жезөкшелік жолына түскен» деп оғаш бұйрық береді. Бірақ, анығында, Құдай Осияға тіпті де көше бойлаған бикешті тауып алуға әмір етпеген: эшет цеюним (тік.ауд.: «жүрісі жеңіл әйел») сөз тіркесі тұла бойын желік буған талғамсыз әйелді немесе құнарлылық культіне қатысатын ғибадатхана жезөкшесін білдіреді. Мұндай культтің кең таралуына Осияның алаңдаушылық танытқанына қарағанда, әйелі Гомер Ваал ғибадатханаларының бірінде «қасиетті» жезөкше болғанға ұқсайды. Ендеше, бұл неке Яхвенің қыдырымпаз Израилмен қарым-қатынасының символына айналған. Осия мен Гомердің үш баласы болды, олардың әрқайсысына мағынасының астары көп, тағдырлы есімдер қойылған: Үлкен ұлын атақты соғыс алаңының құрметіне – Изреель, қызын – Лорухама (сүйкімсіз, бағы ашылмаған), кіші ұлын Лоамми (менің халқым емес) деп атаған. Үшінші перзенттің тууы Израилмен арадағы анттың бұзылуын былайша білдірді: «Сендер Менің халқым емессіңдер, Мен сендердің Құдайларың болмаймын». Өз халқының тарихын жағымды етіп көрсетуге ұмтылушылық пайғамбарларды түрлі түсініксіз әрекеттерге итермелегеніне көзіміз әлі талай рет жетеді. Бірақ, мәлім болғандай, Осияның некесі салқынқанды есептің бір бөлшегі емес екен. Пайғамбарлық хабарлар Гомердің балаларды туған соң ғана эшет цеюнимге айналғанын айқын көрсетеді. Осия мұндай некені Құдайдың маңдайына жазып қойғанын кейіннен түсінген секілді. Әйелінен айырылу ащы сабақ болды да, ол Ваал сияқты құдайларға табынған бүкіл халқы Өзін сатып кеткенде, Яхвенің қандай күйге түскенін түсінді. Әуелде Осия Гомерден теріс айналып, оны мәңгіге ұмыту керектігі туралы ойдың құшағында болады. Заңдар, шынында, көзіне шөп салған әйелмен ажырасу қажет екенін айтты. Бірақ Осия жұбайын бұрынғыша жақсы көреді, ақырында, оны іздеп тауып, жаңа қожайынынан сатып алады. Өзінің Гомерді қайтарып алуға ұмтылған әрекетінен ол Яхвенің де Израилға тағы бір мүмкіндік беруге дайын екенінің дәлелін көреді. Құдайға адами сезімдері мен ойларын таңа отырып, пайғамбарлар Оны өздерінің бітім-болмысына ұқсатып жасап алды, ал мұның зор маңызы бар еді. Патша әулетінің мүшесі Исайя Яхвені билеуші деп білді. Амос Құдайға кедейлерге деген мейірімді дарытты, ал Осия Құдайды алданған, бірақ әлі де болса жұбаына деген сағыныштан елжіреген күйеу бейнесінде көрді. Барлық діннің бастауында антропоморфизмнің белгілі бір сипаттары жатады. Адамнан өте алыс Құдай, мәселен, аристотельдік Қозғалмайтын Қозғаушы ешқашан рухани ізденістерге жетелемейді. Осындай сипаттамалар айналымға енгенше, әжептәуір пайдалы әрі қолайлы. Адам тұрпатындағы Құдайдың қиялдағы бейнесі қоғамның тағдырына алаңдаушылық сезімін қозғағанын тағы да айта кеткен жөн, мысалы, индуизмде мұндай нәрсе болмаған. Бірқұдайлықтың үш дініне де Исайя мен Амостың қоғамдық теңдікке ынта-ықыласы мен «социалистік» адамгершілік қағидалары тән болды. Көне еврейлер әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін енгізген әлемдегі бірінші халық болуы ықтимал. Бұл пұтқа табынушы көршілерінің зор таңданысын туғызды. Барлық пайғамбарлар сияқты, Осия да пұтқа табынушылық үрейінен арылмаған. Ол қолдан жасалған құдайларға сиынғандары үшін солтүстік тайпалардың Құдайдың пәрменімен тартатын азабын ашық бейнелейді: «Міне, олар күнәларының үстіне күнә жамады: өздері үшін ұғымдарына сай етіп, күмістен пұт жасап алды – түгелімен суретшілердің жұмысы. Сондай-ақ олар құрбандық шалған адамдарға «бұзауларды сүйіңдер» дейді». Бұл – әрине, ханаандық сенімнің үстірт және әділетсіз сипаттамасы. Бабыл және Ханаан тұрғындары бейнелерге ешқашан құдайлық сипат телімеген, олар тіпті де пұттарға табынбаған. Пұттар тек құдайлық символдары ғана болды. Әуелдегі ғажайып оқиғалар туралы мифтер сияқты, пұттар да сенім жолындағы адамадрдың ойын тұңғиық мазмұнға бйолату үшін жасалған болатын. Эсагил ғибадатханасындағы Мардуктың мүсіні мен Ханаандағы Асират құрметіне соғылған тас ескерткіштер ешқашан құдайларға теңестірілмеген. Олар тек адамдарға өмірдің асқақ тұстарын түйсінуге көмектесетін нәрселер есебінде ғана болды. Дегенмен ара-тұра пайғамбарлар пұтқа табынушыларды мазақ етіп және оларға келемеждеп тіл тигізетін. Қолдан жасалған пұттар, олардың ойынша, алтын мен күмістен басқа ештеңе емес, оларды кез келген шебер бір-екі сағатта жасай алады. Пұттардың көзі көрмейтін, құлақтары естімейтін, аяқтары қозғалмайтын, сондықтан оларды арбаға салып алып жүретін, бір сөзбен айтқанда, олар – бақшада тұрған қарақшы секілді, ұсқынсыз да санасыз хайуанат тектес жансыз зат. Израил Элохимі ондай құдайларды элилим – «болмағыр» деп атаған. Оларға сиынған гойимдер нағыз ақымақтар болды және Яхве оларды жек көретін. (жалғасы бар) әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |