01:14 Құдайтану баяны |
БІР ҚҰДАЙ Жалғыздық – пайғамбарлардың несібі. Амос сияқтылар үнемі жалғыз болатын, өйткені бұрынғының қалыпты ырғағы мен заңдарын бұзатын. Олар өз тағдырларына иелік ете алмады, маңдайларына жазылғанды көрді. Амос қатты күйзелісті басынан кешіруі ықтимал, тіпті ерік-ықтиярынан айырылып қалды. Қаласын-қаламасын, сәуегейлік етуге мәжбүр болды. Міне, оның өз хабары: «Арыстан ақыра бастады, кім діріл қақпайды? Құдайдан пәрмен келді, кім көріпкелдік жасамайды?». Буддадан айырмашылығы Амос өзін-өзі «өшіру» - нирванаға бойсұнбады. Яхве оны түгел еркіне көндіріп, басқа әлемге көшірді. Амос қоғамдық әділет пен жанашырлықтың маңызына айрықша мән берген алғашқы пайғамбар болды. Будда секілді, ол да азап шеккен адамзаттың дертіне ортақтасты. Амостың уағызының нәтижесінде Яхве қаналғандардың қорғаны болып, мұң-мұқтажын айта алмайтын бейшара кедейлердің үніне айналды. Ол пайғамбарлығына кіріскен сәтте Яхве атынан Иерусалим ғибадатханасынан бар даусымен үрей тудыра жар салды: «Ол бүкіл Таяу Шығыстағы, оның ішінде Иудея мен Израилдағы апаттарды көріп тұр. Израилдықтардың пұтқа табынушылардан (гойим) артық болып тұрғаны шамалы, бірақ Яхвенің олардан айырмашылығы, кедейлердің жапа шегуіне төзбейді. Ол бірде-бір алдау, зорлық-зомбылық және шектен шыққан қатыгездікті көзінен таса қылмайды: «Жаратушы Яхве атымен уәде берді: шынымен де, ешқашан олардың бірде-бір ісін ұмытпаймын!». Осыдан кейін де Яхве Израилды көкке көтеріп, гойимді төмендететін Жаза күнін күтуге олардың дәті шыдай ма? Опасыздарды үлкен қасірет күтіп тұр: «Сендерге Жаза күні не үшін керек? Ол – жарық емес, қараңғы қапас». Сендер өздеріңді Құдайдың таңдаулы халқымыз деп санасыңдар ма? Сендер сол күйі өсиеттің мәнін түсінбедіңдер: ол – артықшылық емес, жауапкершілік. Мысыр жерінен Өзім алып шыққан барлық тайпалар үшін былай деймін: «Жердегі барлық тайпалардың арасынан Мен сендерді таңдадым, сондықтан сердердің жасаған барлық озбырлықтарыңның жауабын сендерден аламын», - деп, - сендер үшін Израил ұлдары үшін айтқан Жаратушының сөзін тыңдаңдар!». Өсиет Израил ұлдарының барлығын Құдай таңдағанын, яғни олардың әрбіріне Құдайдың мейірімді болатынын білдірді. Құдай тарих барысына Израилды мадақтау үшін емес, қоғамдық әділеттілікті сақтау үшін де араласады. Міне, бұл – Оның басты мақсаты; тіпті қажет десе, Ол Өз жерінде шындықты ассириялық әскердің күшімен болса да орнатады. Израилдықтардың көпшілігінің пайғамбар ұсынған Яхвемен байланыс жасаудан бас тартып, мұншалық жауапкершілік артпайтын Иерусалимдегі ғибадатханада құрбандық шалу ғұрыптары бар дінді немесе көне ханаандық құнарлылық культтерін таңдағандары тегін емес. Мұндай құбылысты қазіргі таңда да байқауға болады: діни ізгілікті ұстанатындардың қатары өте аз, басқалар өз-өздерін синагога, шіркеу немесе мешіттегі жария ғибадатпен алдарқатады. Амос дәуірінде израилда бұрынғыдай Көне Ханаанның сенімдері өріс жайды. Б.д.д. Ч ғасырда І Иеровоам патша Дана мен Вефиль киелі орындарына екі культтік бұзауды орнатады. Амостың замандасы Осия пайғамбардың куәландыруы бойынша екі ғасыр өткен соң да израилдықтар осы ғибадатханаларда құнарлылық пен жыныстық қосылу салттарын өткізіп отырған. Қарапайым халық арасында, басқа құдайлар секілді, Яхвенің де жұбайы бар деп сенгендер болған сияқты: жуырдағы археологиялық қазбалар кезінде, «Яхве мен оның Асираты» деген жазба табылған болатын. Осияны мазалағаны – осы, өйткені өзге Құдайларға, мәселен, Ваалға сиынғандар да болды. Сөйтіп, израилдықтар өсиет шарттарын бұзды. Осы пайғамбардың аузымен Яхве былай дейді: «Себебі мен құрбандықтарды емес, мейірімділікті (хесед – «махаббат») және құдайтанымды (даат элохим – «құдайды тану») қалаймын». Меңзеліп тұрғаны теологиялық білімдер емес, өйткені даат көне еврейлік иада – «тану» етістігінен келіп шығып, сексуалды реңкке ие, мәселен, J былай дейді: «Адам өз әйелін – Хауаны таныды». Көне ханаандық түсінік бойынша, Ваал құнарлы топыраққа үйленген болып, адамадр осы одақтың құрметіне ғұрыптық оргиялар ұйымдастырған. Өсиет дәуірінен бастап Яхве Израил халқымен некелесті, осылайша ваалды орнынан ығыстырды деп дәлелдеген Осия, сол себепті де, бұдан былай құнарлы жердің иесі – Ваал емес, Яхве екенін түсінетін уақыт жеткенін айтады. Осияның Құдайы бұрынғыша Израилды сүйіктісі ретінде жоқтайды, оны азғырушы Ваалдан қайтарып алуға белін бекем буған: «Сол күн туғанда, - деді Жаратушы, - сен Мені «жұбайым» деп атарсың, ендігі жерде Мені «Ваал» деп атамайсың. Оның (Израилдың) көкейінен Ваал есімін өшіріп, оны еш уақытта еске алмайтындай етемін». Егер Амос, ең алдымен, қоғам кемшіліктерін байқаған болса, Осия израилдықтардың дініне терең мән жетіспейтіні хақында ой қозғайды. Оның «Құдайды тануы» хеседпен байланысты, яғни көзге ұрып тұрған жария ғибадатқа қарағанда, Яхвеге шын кқңілмен, рухани тұрғыдан құлшылық еткенді артық санайды. (жалғасы бар) әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |