16:34
Құдайтану баяны

БІР ҚҰДАЙ

Мұсаның байырғы соғысқұмар Құдайы – Ассирияны ымырасыз дұшпаны санайтын болса, Исайяның Құдайы басқыншыларды өзінің қолшоқпары деп таныды. Израилдықтардың жерін қаңыратып, елін аңыратқан тіпті де ІІ Саргон мен Сеннахирим емес, мұны жасаған – Құдайыдң өзі – «осылайша Құдай адамарды жоқ қылады».

Бұл ерекшелік – «Кіндік кезең» пайғамбарларының барлығына тән. Алдымен, Израил Құдайы Өзін пұтқа табынушылықтан ерекшелеп, мифология мен ғұрыптар дүниесінен жер бетіне түсіп, тарихи оқиғаларға араласады. Жаңа пайғамбарлардың пайымынша, саяси қасірет те, жеңіс те Құдайдың ісі, енді тек Оның Өзі ғана тарихты жасаушы әрі оған билік жүргізуші. Оған барлық халық құлшылық етеді. Ассирияға да оңай соқпасы анық, өйткені оның патшалары Ұлы Жаратушының қолындағы қолшоқпар ғана болғанын түсіне алған жоқ. Ақыр соңында, Ассирияның ерте ме, кеш пе жойылатынын Яхве болжап бергендіктен, алыс болашақтан әлдебір үміт оты ұшқындап көрінеді. Бірақ бірде-бір израилдық халықтың өзі шолақ саясат пен әділетсіздік салдарынан сау басына сақина тілеп алғанын тыңдағысы келмейді. Бұрын Иисус Навин, Гедеон мен Дәуіт патшаның әскерлерін соғысқа аттандырған. Яхвенің 722 мен 701 жылдары Ассирияның жеңімпаз жорықтарын да Өзі жоспарлағаны туралы хабар, әрине, ешкімді қуанта қоймас еді. Ол неге Өзі «таңдаулы халық» деп атаған жұртқа қысастық жасады? Исайя сипаттап кеткен Жаратушы бейнесінде кез келген тілекті орындайтын бұрынғы сиқыршыдан жұрнақ та қалмаған. Ендігі жерде Яхве көбінесе адамдарды тіршіліктің қасірет-қайғысын бастарынан кешіруге мәжбүрлейді. Бұдан былай Исайя сынды пайғамбарлар да мифтік дәуірдің аясына қайтаратын байырғы культтік салт-санадан пана іздемейтін болған, оның орнына тайпаластарын болып жатқан тарихи оқиғаларды шынайы бағамдауға, сондай-ақ Құдайдың ескертуші уахиларына ден қоюға міндеттеді.

Мұсаның Құдайы – жеңімпаз, ал Исайяның Құдайы қайғыға бой алдырған. Бізге жеткен пайғамбарлық мазмұны – Уәде Етілген Жер халқына өте жағымсыз тиетін мынадай шағымдарға толы: өгіз бен есек өз иелерін біледі, «ал Израил Мені білмейді, Менің халқым ұғынбайды». Яхве ғибадатханада құрбандық шалуға ашық қарсылық білдіреді. Оған бұзаулардың ішек-қарын майы да, теке мен қозылардың қаны да, үйітілген құрдықтардан шыққан мүңкіген иіс те жиіркенішті көрінеді. Ол жаңа туған айды, мейрамдар мен тәуап етуді жек көреді. Исайяның бұл сөздерін тыңдағандардың зәре-құты қалмаса керек, өйткені осы секілді ғұрыптық рәсімдер Таяу Шығыста діннің мәнін ашатын. Пұтқа табынушылар солардың көмегімен жоғалтқан күшін қайтадан қалпына келтіретін, ал ғибадатханалардың сән-салтанаты олардың мәртебесін айқындайтын. Бірақ Яхве үшін бұлардың еш мәні болмады. Мәдениетті әлемнің көптеген данышпаны мен ойшылы сияқты, Исайя да сртқы сипаттың жеткіліксіз екенін түсіне бастаған-ды. Израилдықтар өз дінінің қасиетті мәніне бойлайтын уақыттың жеткенін ұғуы тиіс, сондықтан Яхве құрбандықты емес, бауырмалдықты қалады:

«Сендердің жалбарынышты сөздерін жиілеген кезде,

Мен естімеймін: сендердің уыстарың қанға толы.

Жуыныңлар, тазаланыңдар,

Менің көз алдымдағы зұлымдықтарыңды жоқ қылыңдар;

Жамандық жасауды тоқтатыңдар;

Жақсылық жасауды үйреніңдер,

Шындықты іздеңдер,

Езілгенді құтқырыңдар,

Жетімді қорғаңдар,

Жесірге пана болыңдар».

Пайғамбарлар «Кіндік кезеңнің» барлық ірі діндерінің айрықша белгісіне айналған өзекті сипатын өз парасатымен анықтады. Сол замандарда мәдениетті әлемнің әр түкпірінде діни толқыныстарды күнделікті түкпірінде діни толқыныстарды күнделікті тіршілікпен үйлестіре білуге үндеген, мұны сенімнің басты сынағы деп бірауыздан пайымдаған жаңа идеологиялар пайда болды. Уақыттан тысқары мифтер патшалығы да, әдепкі ғибадатханалық рәсімдер де маңызын төмендетті. Уахиды бастан кешкен адам – құж-құж қайнаған өмірдің ортасына қайта оралып, бүкіл тіршілік иесіне бауырмалдығын танытса игі.

Пайғамбарлардың мұндай әлеуметтік мұраты ежелгі Яхве культінде Синай дәуірінен бері жасап келе жатқан болатын: Шығу оқиғасы Құдайдың әлсіздер мен езілгендер жағына ойысқанын айқын көрсетті. Исайя жолдауларының ерекшелігі сонда – енді израилдықтардың өздері қанаушылар атанды.

Исайя заманында дәл осындай хабарды аласапыранға киліккен Солтүстік патшалықтың барлық тарапына екі уағызшы таратқан. Оның алғашқысы Амос – Исайя секілді текті тайпадан емес, сол жердегі қарапайым көптің бірі, фекоялық қойшы. Шамамен б.д.д. 752 жылы Амос та кенеттен ғажайып көрініске куә болып, соның әсерімен Израилдың солтүстігін кезіп кетеді. Ол Вефильдің ескі ғибадатханасына баса көктеп кіріп, қорқынышты болжамдарын айтып, онда өткізіліп жатқан рәсімнің шырқын бұзады. Амасия абызы көріпкелді қуып жібермекші болады, оның желбуаз өздерінен білімсіз қойшыны кемсіткені көрініп тұрады. Абыз, әлбетте, Амосты сол кездері топ-тобымен елді аралап, балгерлікпен күнелтіп жүрген жалған көріпкелдер қатарына жатқызады. «Көріпкел! – дейді ол Амосқа. – Бұл арадан кетіп, Иудея жеріне ар, сол жақта наныңды тауып жеп, болжамыңды айта бер. Ал Фефильде көріпкелдік жасама, өйткені бұл орын – патшаның Қасиетті мекені және үйі». Бірақ Амос абыржыған жоқ, бойын тіктеп алды да, тайсалмастан өзінің көріпкел екенін, Яхвенің нағыз елшісі екенін айтты: «Мен, пайғамбар емеспін және пайғамбардың баласы да емеспін, мен қойшы болғанмын және тұт жинағанмын. Бірақ Құдайым мені қойшылықтан босатып, былай деді: - бар да, Менің Израилдық халқыма көріпкелдік жаса». Сонымен, Вефиль халқы Яхве сөзін тыңдағысы келе ме? Егер құлақ асса, олар үшін басқа да хабар бар: әйелдерінің намысы тапталады, балалары өлтіріледі, ал өздері Израил жерінен жырақта, қуғында жүріп ажал құшады. (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 207 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: