17:05
Құдайтану баяны

БІР ҚҰДАЙ

Исайя нұрлану арқылы тыныштық пен рақатқа кенелген Будда емес. Ол адамдар арасында кемел ұстаз да бола алмады. Оның орнына өлімші үрейге тап болып, жанұшыра шыңғырды:

«Қасіретке қалдым-ау, енді құритын болдым! Себебі мен – күнәһармын, аузымнан шыққан сөздерім арам. Және сөйлеген сөздері арам халықтың арасында тұрып жатырмын. Сонда да мен Патшаны – Әлемнің иесін өз көзіммен көрдім».

Яхвенің танылмас қасиеттілігіне таңғалқан ол өзінің ұсақтығын, ғұрып жолында таза емес екенін ғана түйсіне алды. Будда немесе йогадан айырмашылығы – Исайя рухани жаттығулармен айналысқан жоқ. Бұл халдер оның басына кенеттен келді де, өзінің жойқын күшімен таптап өтті. Періштелердің бірі қолында жанып тұрған көмірмен Исайяның жанына ұшып келіп, Құдай сөзін айта алуы үшін оның аузын тазалайды. Көптеген пайғамбар Құдай атынан сөйлегенде, іштей зор кедергіні жеңіп, үлкен қиындықпен тіл қатқан не мүлде жақ ашпаған. Бүкіл пайғамбарлықтың үлгісі болған Мұсаға Құдай жанбайтын бұтадан тіл қатып, оның перғауын мен Израил балаларына Өз Сөзін жеткізуін жүктегенде, Мұса сенімсіз түрде: «Мен баяу сөйлеймін және тілім байланып қала береді», - дейді. Құдайды бұл кедергі тоқтатпайды да, Ол Мұсаның орнына ағасы Ааронды сөйлейтін етіп шешеді. Пайғамбарлар туралы аңыздарға енген осы тұрақты мотив Құдай сөзін жеткізудің қиындығын меңзейді. Пайғамбарлар құдайлық уахиды таратуға ешқашан ұмтылмаған және мұндай қиын да азапты тапсырманы орындауға құлшыныс танытпаған. Израил Құдайының жоғары билік символына айналуы еш кедергісіз, күрессіз және қиындықсыз өтуі мүмкін емес еді.

Үнділер Брахманды ешқашан ұлы патша деп бейнелемеген, олардың Құдайы адами түсініктермен парықтағанға көнбейді. Исайяның көргендерін де сол күйінше қабылдау қажетсіз: бұл – тек сипаттауға мүмкін емес нәрсені суреттеп беру әрекеті. Сондықтан пайғамбар бастан кешкендерін баяндау үшін өз мәдениетінде орныққан мифтік дәстүрлерді шартты түрде пайдаланып отырады. Яхве жырларында жиі кездесетіндей, Ваал, Мардук немесе Дагон сынды Құдайлар Өз ғибадатханасындағы билік тағында отырады. Дегенмен бұл мифтік символиканың арғы жағында сол кездегі Израилда шексіз ақиқат туралы орын алған мүлде басқа түсінік бүркемеленген: онда Құдаймен кездесу адаммен сөйлесуге ұқсайды. Үрейлі болмысына қарамастан, Яхве сөйлейді, ал Исайя жауап беруге мәжбүр. Упанишад данышпандары мұндайды ойларына да ала алмас еді: Брахман-Атманмен жүздесі мен сөйлесу толығымен антропоморфизмге апаратын.

Яхве: «Мен кімді жіберсем екен? Біз үшін кім барар екен?» - деп сұрағанда, Исайя Мұсаның бұрынғы сөздерін қайталап: - «Міне, мен бармын! (хинеки), мені жібер», - деп жауап қатады. Құдайдың көрінуіндегі мақсат – пайғамбардың көзін ашу емес, оның алдына нақты міндет қою. Құдайдың алдында, ең алдымен, көреген тұр, бірақ оның сұңғыла көргіштігінің ақыры – білім алу (буддизмдегідей) емес, әрекет ету. Пайғамбарлық – ең алдымен, бойсұну, содан соң ғана мистикалық көрегендік. Әу баста белгілі болғандай, жүктелген міндет оңай емес. Семиттер үшін оның кереғарлығы да – әдепкі нәрсе: Яхве Исайяға халық Оның хабарына құлақ аспайтынын сол сәтінде ескертеді, бірақ пайғамбар көпшіліктің Құдай Сөзінен бас тартқанына мойымауы керек – «Бар да, бұл халыққа жеткіз: құлақтарыңмен естісеңдер де ойланбайсыңдар, көздеріңмен көрсеңдер де сенбейсіңдер». Арада жеті жүз жыл өткеннен кейін, өзінің түсінуге ауыр тиген ескерту хабарын халық тыңдаудан бас тартқанда, Иса да осы сөздерді айтады. Адамзат көз алдында бір сәт жарқ еткен ақиқаттың өзінен әсерленбейді. Исайя заманында израилдықтарға соғыс пен жойылу қаупі төнген кезде, Яхве үрейлі хабар жеткізіп, «қалаларың қаңырайды, жерлеріңде тұрғылықты жұрт, үйлеріңде тірі жан қалмайды» дейді. Солтүстік патшалық жау табанында тапталып, он тайпа жойылған 722 жылға дейін, Исайя тірі жүрген болуы ықтимал. Б.д.д. 701 жылы Сеннахирим қолбасшылық еткен айбынды ассириялық әскер Иудеяға баса көктеп кіріп, қырық алты қала мен қамалды қоршайды. Тұтқынға түскен әскербасыларын қазыққа отырғызып өлтіреді, екі мыңға жуық израилдықты қуғын-сүргінге ұшыратады, ал яһуди патшасы «торға қамалған құстай» Иерусалим түрмесіне жабылады. Исайяның алдында ағайындарына осындай – болмай қоймайтын бақытсыздықтар жайында хабар жеткізу міндеті тұрды:

«Орасан опат-ойран басады бұл жерді

Тіпті оның оннан бірі аман қалып, қалпына келсе де,

Бәрібір қайтадан талан-таражға ұшырайды.

Бірақ шабылса да, пісте ағашы мен емен секілді,

Олар тамырын сақтайды.

Осылайша, қасиетті тұқым оның тамырына айналады».

Кез келген сәуегей саясаткер мұндай апатты алдын ала болжайтын еді. Алайда Исайяның келешек ауыртпалықтарға көріпкел көзқарасының өзі адам шошырлық жаңалық болды. (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 215 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: