11:16 Құдайтану баяны |
ӘУЕЛГІДЕ Үндістанда өз даралығынан жоғарылаудың үлгісін йогалар көрсетті. Болмыстың басқа бір қабатына көшіп кеткендей болып, таным жолында олар отбасы өмірін тәрк етті және қоғамдық міндеттерден түгелімен бас тартты. Сиддхартха Гаутама деген жас жігіт б.д.д. 538 жылы көрікті әйелін, баласын және Капилаваштағы (Варанасиден солтүстікке қарай екі жүз шақырымда) үлкен үйін тастап, кезбе тақуаға айналады. Сиддхартха адам баласының қайғы-қасіретін көріп, ойға батады. Айнала қоршаған тіршіліктің шексіз азабын тоқтатуға, оның жұмбағын шешуге бекем бел байлайды. Алты жыл бойы ол көптеген гурудың аяқ жағында отырады және аяусыз түрде тәнін жансыздандырумен шұғылданады, бірақ жұмбақтың шешіміне бір табан да жақындай алмайды. Небір дана доктриналардың берері болмады; тақуалық тек шектен шыққан күйзеліске апарып соқты. Ол бұл тәсілдерден бас тартты да бір жым-жырт түн қараңғылығында ессіз күйге (трансқа) түсіп, содан кейін көкірек көзі ашылды. Осы сәтте бүкіл ғарыш шаттыққа бөленді, жердің жүзі дүркіреп, аспаннан гүлдер жауды, хош иісті самал есіп, жеті қат көктің құдайлары қуаныштан шалқыды (мұндай жағдайларда, пұтқа табынушылық дүниетанымдағы секілді, құдайлар, табиғат пен адамдар өзара мейіріммен бірлеседі). Қасіреттен құтылу мен азаптардың соңы – нирванаға қол жеткізудің жаңа үміті туды. Гаутама Буддаға, яғни Көкірек Көзі Ашылғанға айналды. Осы тұста азғырушы-әзәзіл Мара қулыққа басып, Будданы осы ләззатқа мәңгі бөленуге үндейді, мұндай рақатты ешкімнің түсінбейтінін айтады. Алайда дәстүрлі пантеонның екі құдайы – Махабрахма мен дәулер әміршісі Шакра Көкірек Көзі ашылғанға келіп, одан тапқан жолы жайында әлемге жария салуды өтінеді. Будда келісімін береді және одан кейінгі қырық бес жылға жуық уақыт ішінде өзінің игі хабарын таратып, бүкіл Үндістанды шарлап шығады: ол бойынша, қайғы-қасіретке толы әлемде жалғыз өзгермейтін негізі, дұрыс өмірдің нағыз шындығы Дхарма бар, тек сол ғана азаптан құтқара алады. Мұның құдайға еш қатысы болмады. Будда тіпті құдайлардың бар екенін терістеген де жоқ, өйткені олар өз мәдениетінің ажырамас бір бөлігі болатын. Бірақ олардың адамзатқа айтарлықтай пайда әкелетініне сенбеді. Құдайлардың өздері – қасірет пен тұрақсыздық патшалығының шырмауында. Олар Будданың көкірек көзін ашуға еш көмек берген жоқ. Барлық тірі жаратылыс сияқты, олар да қайта туулардың шеңберіне тартылған және ерте ме, кеш пе жойылып тынады. Алайда жауапты сәттерде, мысалы, өз ілімін тарату қажетін таразылаған мезетте Будда құдайлардың ықпалы бар екенін мойындап, олардың әрекетіне иланды. Сол себептен Будда құдайларды жоққа шығарған жоқ, бірақ нирвананың Жоғары ақиқатын олардан үстем деп топшылады. Буддистердің пайымынша, медитациялық ләззат арғы дүниелік болмыспен жанасу нәтижесі емес. Адам үшін мұндай халдер табиғи; дұрыс өмір сүретін және йога тәсілдерін меңгерген кез келген жан осы күйді бастан кешіре алады. Будда шәкірттерін құдайлардан көмек сұрамай, азаптан өз күштері арқылы құтылудың амалын іздеуге шақырды. Көкірек Көзі Ашылған – Будда Варанасиге (Бенарес) келеді. Сол жерде алғашқы ізбасарларын тауып, бір ғана ақиқатқа негізделген ілімінің негіздерін баяндайды: бүкіл өмір – қасірет, духкха. Онда азаптан басқа ештеңе жоқ, өмір мүлде ұсқынсыз. Өзгерістердің бейсана шеңберінде барлық нәрсе туылады және өледі, шартсыз құндылықтар жоқ. Діндарлық қателесу мен кемелсіздікті сезінуден басталады. Ежелгі пұтқа табынушылық заманында осы сезім жердегі барлық нәрсенің кемел үлгілері – архетиптер болған құдайлық әлем туралы мифтердің тууына алып келген. Ол әлем күшінің бір бөлігін адамдарға бөліп бере алады-мыс. Будда духкхадан құтылуға болады деп үйретті. Ол үшін барлық тіршілік иесі бауырмалдықпен өмір сүріп, өзін жұмсақ, мейірімді және сезімтал қалыпта ұстауға тиіс. Ақылды улайтын, бүлдіретін немесе адастыратын барлық нәрседен бас тарту керек. Көкірек Көзі ашылған – Будда бұл ілімді өзім ойлап таптым деп айтпаған. Оны ашқанын айтқан: «Мен өткен дәуір буддалары салып кеткен ескі Жолды, көне Соқпақты көрдім. Пұтқа табынушылық қисындары сияқты, буддизм қағидалары да әлемдік құрылыммен, өмірдің негізгі сипаттарымен тығыз байланысты. Логикалық иұрғыдан қанша негіздегенмен, ілім объективті болып кетпейді, оның шын мазмұнын кез келген жан өмірдің барысында түсінеді. Дәйекті діннің басты белгісі қашан да философиялық не тарихи шынайылық емес, пәрменді әрекетшілдік болған. Сан ғасырлар бойына әлемнің әр түкпірін жайлаған буддистер жеке тәжірибелері арқылы өздерінің өмірге қарым-қатынасының, расымен де, асқақ мәнге бойлау сезімін сыйлайтынына анық көз жеткізген. (жалғасы бар) әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |