09:45 Құдайтану баяны |
ӘУЕЛГІДЕ Пұтқа табынушылардың құдайларынан ерекшелігі, Яхве қандай да бір табиғат құбылысына теңестірілмейді және мүлде басқа кеңістікте орналасқан. Ол жұмсақ самал лебінің әрең сезілетін дірілінде, үнсіздік сарыны үлесіне тиген ой жетпес ғажайыпта бүркемеленген. Ілияс оқиғасы – көне еврей мәтіндеріндегі өткенді баяндайтын соңғы мифтік хикая. Сол кезде айналаның бәрінен өзгеріс қарсыңындағы көңіл күй сезілді. Б.д.д. VIII-II ғ.ғ. аралығын «Кіндік кезең» деп атау қабылданған, өйткені осы алты ғасыр ішінде өркениетті әлемнің шешуші аймақтарында халықтар жаңа бетбұрысты және ілгерішіл идеологиялар қалыптастырды. Жаңа діни жүйелерде экономикалық және қоғамдық өмірдегі өзгерістер көрініс берді. Себебін әлі ақырына дейін анықтай алмай келеміз, бірақ барлық ірі өркениеттер тіпті араларында сауда байланыстары болмағанның өзінде (мәселен, Қытай мен Еуропа), өзара жарыса дамыды. Әл-ауқаттың көтерілуі саудагерлер сословиесінің күшеюіне алып келді. Ендігі жерде билік патша сарацлары мен ғибадатханаларда емес, сауда алаңдарында шоғырланды. Баю интеллектуалдық пен мәдени көркеюге, сондай-ақ жеке сананың өсуіне алып келді. Қаладағы згерістер жылдамдаған сайын, теңсіздік пен қанау ушыға берді, адамдар бірте-бірте өз әрекеттерінің болашақ ұрпақтар тағдырына қатты әсер ететінін түсіне бастады. Әр аймақта осы шиеленістерді шешуге ұмтылған өзіндік идеологиялар: Қытайда – даосизм және конфуцийлік, Үндістанда – индуизм және буддизм, Еуропада философиялық рационализм пайда болды. Таяу Шығыс бірыңғай шешімге келе алмады, бірақ Иран зороастрлары мен израилдық пайғамбарлар Бір Құдайға табынушылықтың түрлі нұсқаларын жасап шығарды. Құлаққа жат естілгенмен, сол дәуірдің басқа да діни жаңалықтары сияқты, «Құдай» идеясы ентелеген капитализм рухындағы нарықтық экономика заңдарымен дамыды. Яхвенің жаңғырған дінін талқыламас бұрын, жаңа екі бағытқа қысқа шолу жасайық. Үнді діндарлығы бұған дейін айтылған діндерге ұқсас жолдармен дамыды, бірақ оның тарихындағы басқаша басымдықтар Құдай туралы израилдық түсініктерге тән сипаттамалар мен айрықша мәселелерді жақсырақ талдауға көмектеседі. Платон мен Аристотель рационализмінің маңызын еш кемсітуге болмайды, өйткені яһудилер, христиандар мен мұсылмандар көне гректерден көп идеяны сіңірді және грек Құдайы олардың Құдайларынан мүлде басқа болғанына қарамастан, оларды өздерінің діни тұжырымдарына бейімдеп алды. Б.д.д XVII ғасырда қазіргі Иран жерінен Үнді алқабына арийлер баса көктеп кіріп, жергілікті халықты тез бағындырды. Арийлер жергілікті халыққа «Ригведа» деп аталатын гимндер жинағында баяндалған өз діни түсініктерін таңды. Бұл киелі мәтіндерде көптеген құдайдың аттары аталып, олар шамамен таяушығыстық құдайлар тұтынған құндылықтарға табан тіреді, яғни табиғат күштеріне билік, жан және даралық дарытты. Дегенмен «Ригведада» көптеген құдайлардың бетперделерінің артында ұлы да жалғыз құдіретті Абсолюттің жүзі жасырынғаны туралы түсініктің белгілері байқала бастайды. Бабылдықтар сияқты, арийлер де мифтерінің ақиқат туралы шынайы әңгіме емес, құдайлардың өздері де сөзбен суреттеп бере алмайтын жұмбақтың астарлы кескіндері екенін жақсы сезінген. Алғашқы бейберекетсіздіктен Құдайлар мен күллі әлемнің келіп шығуын елестетуге тырысқан арийлер болмыс құпиясын ешкім, тіпті құдайлардың өздері де, тани алмайды деген қорытындыға келеді: «Бұл жаратылыс қайдан келіп шықты, Өзін-өзі жаратты ма, әлде жоқ па? Жоғары аспаннан әлемді бақылаушы, Сол ғана мұны біледі немесе білмейді». Веда діні өмірдің пайда болуын түсіндіруге және философиялық сұрақтарға дәл жауап беруге тырыспады. Ол адамдарға тек болмыстың сыры мен қорқынышына етене болуға көмектесті. Ведалар жауап іздеуден гөрі сұрақтарды көп қойды; олардың міндеті адамдардың рухындағы ризашылық таңданыс күйін демеу ғана болды. (жалғасы бар) әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |