11:42 Құдайтану баяны |
ӘУЕЛГІДЕ Шығудың б.д.д. V ғасырда қалыптасқан соңғы мәтінінде Құдай Синай тауында Мұсамен одақ немесе шарт жасасқаны айтылған (бұл шамамен б.д.д. 1200 жылы болған деп болжанады). Бұл мәселе де ғалымдар арасында көптеген пікірталас туғызды; кейбіреулер Өсиеттің Израил үшін тек б.д.д. VII ғасырдың соңына таман ғана маңызға ие болғанын алға тартты. Қалай десек те, одақ идеясы сол кезде израилдықтардың діні Бір Құдайға табынушылық болмағанын тағы бір көрсетті, өйткені мұндай келісімнің политеистік ортада ғана мәні болар еді. Израилдықтар Яхвені – Синайлық Құдайды жалғыз Құдай деп санамады. Олар тек Оған Сенен басқа ешкімге сиынбаймыз деп сөз берді, ал басқа құдайлардан бас тартты. Бес кітаптан монотеистік мәндегі бір тұжырым табудың өзі қиын. Басқа қдайлардың бар екені Он Өсиеттің өзінде айтылып кеткен: «Менің жүзімнің алдында басқа құдайларың болмасы». Бір Құдайға табыну – ол тұста теңдесі қадам. Перғауын Эхнатон бір күні тек Күн Құдайына табынуды және басқа дәстүрлі мысырлық құдайларды ұмытуды ойлайды, бірақ оның мұрагері бірінші кезекте бұрынғы саясатты қайта орнатады. Мананың потенциалды қайнар көзінен бас тарту – бұл асқынған ақымақтық, кейінгі израилдықтардың тарихы көрсеткендей, олар басқа культтерінен оңайлықпен айырылғысы келмеген. Соғыс жағадйында Яхве ықпалды екенін көрсетті, бірақ ол құнарлылық құдайы емес еді. Ханаанға орныққан израилдықтар бірден жергілікті «жер иеленуші» Ваал культінен көмек сұрайды: ол ежелден бері егіншілікті иемденіп келген болатын. Пайғамбарлар оқтын-оқтын Өсиетке адалдық сақтауға шақырып отырды, бірақ көпшілік ескіше Ваал, Асират пен Анатқа сиынып келді. Тәураттың өзінде Мұса халқының көп ұзамай антты бұзып, ескі ханаан пұтқа табынушылығына ауысып кеткені айтылған. Адамдар Илудың дәстүрлі белгісі болған алтын бұзаудың мүсінін орнатып, соның алдында көне рәсімдерін орындаған. Бұл туралы хикая Синай тауындағы қорқынышты құдай көрінісімен сабақтасып тұр; мұндай сабақтастықты Бес Кітаптың соңғы түзетушілері Израилдың бөлінуінің ащы дәмін айқын сездірту үшін әдейілеп құрастыруы мүмкін. Мұса және пайғамбарлар Яхвенің ұлы дінін уағыздады, бірақ халықтың көп бөлігі құдайлар, табиғат пен адамдар бірлігі тұтастығын сезіндіретін ескі салттарға беріктігін сақтап қалды. Дегенмен Шығу оқиғасынан кейін израилдықтар Яхвенің жалғыз Құдай екеніне ант берді, пайғамбарлар да арадағы келісімді үздіксіз еске салып отырды. Адамдар тек Яхвеге, эхолиміне табынатындарына серт қылды. Ол өз кезегінде олардың Оның таңдаулы халқы болатынына және оларға теңдесі жоқ қолдау беретініне уәде берді. Сондай-ақ Яхве олар одақты бұзатын болса, қатал жазаланатынын ескертті, мұндай қауіп-қатерге қарамастан, израилдықтар шартты қабылдады. «Иисус Навин кітабында» Израилдың өз Құдайымен жасасқан одағына қатысты бұрынғы мәтіннен алынған болуы мүмкін үзінді бар. Ол кездегі таяушығыстық саясатта, тараптар арасындағы міндеттерді бекіту үшін қолданылған ант, ресми келісімге жатқызылған. Оның айқын бекітілген нұсқасы болатын: келісім мәтіні ең құдіретті патшаны және келісім жасалғанға дейінгі екі жақтың қарым-қатынастар тарихын таныстырумен басталатын. Соңынан шарттарды, міндеттерді және келісімді бұзғаны үшін қолданылатын жазалар тізбектеліп көрсетілетін. Ант мазмұнында адалдықты қатаң сақтау талабы маңызды орын алды. Хетт патшасы ІІ Мурсилис пен оған тәуелді Дуппи билеушісі Ташет (б.д.д. XIV ғ.) арасындағы келісімде біріншісі мынадай талаптар қояды: «Басқа ешкімнен көмек сұрама. Сенің әкелерің Мысырға салық төлеп келді, ал сен олай істеме... Достарыма – дос, жауларыма жау бол!». Библияда айтылғандай, израилдықтар Ханаанға келіп, туыстарына қосылған кезде Ибраһимнің бүкіл ұрпақтары Яхвемен анттасады. Салтанатты рәсімді Өз Құдайы атынан Мұсаның мұрагері Иисус Навин жүргізеді. Бұл келісім жалпы қабылданған дәстүрге бағынады: алдымен, Яхвені таныстырады, сосын, Оның Ибраһим, Исхақ және Жақыппен кездесулерін және Шығу оқиағасын еске салады. Қорытындылай келе, Иисус Навин келісімнің шарттарын айтып шығады да жиналған Израил халқынан ресми ант берулерін талап етеді: «Сонымен, Құдайдан (Яхве) қорқыңдар және Оған тазалықпен және далдықпен қызмет етіңдер; өзеннің (Иордан) арғы жағы мен Мысырда әкелерің сиынған Құдайлардан бас тартыңдар, ұдайға (Яхве) қызмет етіңдер. Егер де Құдайға (Яхве) қызмет етуді қаламасаңдар, онда өзеннің арғы жағында тұрғанда әкелерің сиынған құдайларға немесе сол жерде тұрып жатқан аморейлердің құдайларына қызмет қылыңдар...» Халық алдында Яхве мен дәстүрлі ханаандық құдайлар арасында таңдау жасау тұрды. Израилдықтар бір сәтке де кідірмейді. Яхве сынды басқа Қдайлар жоқ еді. Сондықтан оларда басқа ой болған жоқ. Бірде-бір Құдай Өзіне сенетіндерге мұндай белседі, нақты көмек бермеген еді. Адамның іс-әрекеттеріне құдіреттің араласуы болғанына еш күмән жоқ: Яхве – элохим етіп сайлайтынның нағыз өзі және израилдықтар тек соған ғана сиынады, ал басқа Құдайлардан бас тартады. Иисус Навин Яхвенің аса қызғаншақ екенін ескертеді: израилдықтар уәдені бұзатын болса, Ол оларды сол сәтте бірден жойып жібереді. Дегенмен халық тұрақты шешім ұстанады, олардың элохимі тек Яхве болады. «Сонымен, өздеріңдегі жат Құдайлардан бас тартыңдар, - деді Иисус Навин, - жүректеріңді Израил Құдайына (Яхве) бұрыңдар!». (жалғасы бар) әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |