10:33 Құдайтану баяны |
ӘУЕЛГІДЕ Жаңа құдайлар бір-бірінен жұбымен пайда болды және құдайлық эволюция барысында әрқайсысы айқынырақ кейіпке ене бастады. Алғашқы болып Лахму және Лахаму туды (олардың есімдері «балшықты» білдірді, яғни су әлі де топырақпен араласқан). Содан соң аспан мен теңіз көкжиегін бейнелейтін Аншар мен Кишар жаратылды. Олардың артынан Ан («аспан») мен Эйя («жер») пайда болды. Осымен іс біткен тәрізді көрінеді: енді Құдайлар әлемінің нақты бөлінісі – аспаны, мұхиты мен құрлығы – бар еді. Бірақ әлемнің жаратылысы енді басталды. Өйткені бейберекетсіздік пен қаскөй күштерді тек азапты да тынымсыз әрекет арқылы ауыздықтауға болатын. Жасы кіші және жігерлі құдайлар өз ата-аналарына қарсы тұрды, бірақ тіпті Абзу мен Муммуды жеңген Эйяның өзі, шайқас барысында жексұрын құбыжықтарды топ-тобымен жасап шығарған Тиаматты тізе бүктіре алмайды. Бағына орай, Эйяның көркем ұлы, күн құдайы, бүкіл құдайлар патшалығының ең кемел жаратылысы Мардук бар еді. Құдайлардың ұлы жиынында Мардук кейін жоғары билеуші болу шартымен Тиаматты өлтіруге келісімін береді. Ұрыс ұзақ, қорқынышты және қиын болса да, ақырында, ол алғашқы әйел құдайды өлтіреді. Бұл мифте жаратушылық әрекет тәуелсіздік жағдайындағы кескілескен күрес түрінде берілетін. Ақырында, денесін май басқан өлі Тиаматтың үстіне төнген Мардук жаңа әлем жаратуды ойлайды. Ол денені екіге бөліп, әуелі аспан күмбезін, сосын, адам әлемін жаратты, кейін барлық нәрсені тиісті орнына қоятын міндетті заңдарды жасады. Үйлесімділік орнады, бірақ күрес мұнымен аяқталған жоқ. Тәртіпті жыл өткен сайын, ылғи да бір ерекше ғұрыппен қалпына келтіру керек болды. Құдайлар жаңа жердің кіндігі – Бабылда бас қосып, сол арада аспан рәсімдерін орындау үшін ғибадатхана тұрғызады. Осылайша, Мардук құрметіне зиккурат – «шексіз аспанды бейнелейтін жердегі ғибадатхана» салынады. Құрылыс аяқталған кезде Мардук заңғар шыңдағы тағына жайғасып, құдайлар: «Міне, сіздің ендігі мекеніңіз – Бабыл!» десті. Кейін қасиетті рәсім өткізілді: «Ьарлық ережелер мен қағидалар белгіленді, барлық құдайлардың жер мен аспандағы орындары бекітілді!». Мұндай заңдар мен рәсімдерге бағыну барлығына міндеттеледі; жаратқан әлемін сақтап қалу үшін тіпті құдайлар да оларға бағынады. Бұл миф бабылдықтардың түсінігіндегі өркениеттіліктің терең мазмұнын көрсетеді. Олар зиккуратты ата-бабаларының тұрғызғанын жақсы біледі. Бірақ «Энума элищ» эпосында баяндалған оқиға шығармашылық жемістерінің құдайлық құдіретпен астасқанда ғана мәңгі болатыны сенімін күшейтеді. Жаңа жылда орындалатын рәсімдер адам пайда болғанға дейін бар еді: олар құдайлардың өзі бағынуға тиіс заттар табиғатына телініп қойған болатын. Миф, сонымен бірге Бабылдың қасиетті мекені, әлем кіндігі және құдайлар қонысы екеніне сенімді де білдіреді. Мұндай түсінік ертедегі діндердің барлығына дерлік тән деуімізге болады. Адам баласы онда тұрғанда өзінің ұлы құдіретке, болмыс пен жаратылыстың қайнар көзіне мейлінше жақын екенін сезінетін қасиетті қала идеясы, кейін біздің Құдайдың барлық үш монотеистік дінінде де қолданылған. Мардук адамдарды есіне кездейсоқ және кеш түсіріп, ең соңынан жаратқан. Ол Кингуды (Тиаматтың Абзу қаза тапқан соң, жаратып алған ақымақтау жұбайын осылай атайды) ұстап алып, өлтіріп, оның құдіретті қанымен араластырылған күлден бірінші адамды илеп шығарды. Құдайлар мұның бәрін таңдана және масаттана бақылады. Адам жаратылысын түсіндіретін осы мифте астарлы мысқыл жатыр: адамдар кемелдіктің шыңы емес, ақымақ та жалқау құдайлардың ұрпағы екен. Сюжетте сондай-ақ мынадай маңызды ой бар: алғашқы адам құдайлық субстанциядан жаралған, яғни аз да болса жоғары бастамаға ие. Ол уақытта адамдар мен құдайлар арасын терең шыңырау бөліп тұрмаған еді. Табиғат әлемі, адам мен құдайлардың өзі ортақ болмысқа ие болды және біртұтас құдайлық субстанциядан туындады. Пұтқа табынушылық дүниетанымы біртұтас болды. Құдайлар адамдардан олардың көзіне көрінбейтін онтологиялық аймаққа ұзай қоймаған еді; құдайлық бастау мәні жағынан әлі адамилықтан ажырамаған болатын. Дәл осы себептен жоғарыдан келетін ерекше уахиларға немесе құдайлар бекітіп берген жердегі заңдарға деген мұқтаждық сезілмеді. Құдайлар да, адамдар да бірыңғай күрделі жағдайда болды, айырмашылығы құдайлар күштірек еді және ұзағырақ өмір сүретін. (жалғасы бар) әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |