17:52 Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз |
* * * Жаман әдеттерден қалай құтыламыз? Сөзіңді түзе - әдетіңе айналады, Әдетің - мінезіңе айналады. Мінезің - сенің тағдырың. 📌 Шәкәрім Құдайбердіұлының дәл осы нақыл сөзі бүгінгі тақырыпқа арқау болып тұр. Себебі біздің бүгінгі іс-әрекетіміз ертеңгі күні қандай адам болатынымыздың айқын көрінісі. Сол үшін күнделікті әдеттерімізді бақылауға алу өте маңызды. Ендеше біз ұсынған кеңеске назар аудар. 1️⃣ Өз қателігіңді мойындап үйрен. Егер жаман әдетіңнен расымен арылғың келсе, шындыққа бетпе-бет қарауың керек. Себебі мойындау арқылы онымен күресе аласың. 2️⃣ Ниет етіп, әрекет етудің нақты бір жоспарын құр. Нақты әрекеттердің тізімін жазып, өзіңді жақсарту үшін не жасауың керек екенін жаз. Сонымен қатар осы мәселені шешу үшін нақты уақытын белгіле. Осы тұста «Егер сен жоспар құрмасаң, сәтсіздікті жоспарлайтын боласың» деген нақыл сөзді есіңнен шығарма. 3️⃣ Жаман әдеттердің орнын әлдебір пайдалы әрі дұрыс нәрсемен алмастыруға тырыс. Есіңде болсын, жаман әдеттермен күрес анағұрлым сәтті болады. Көп жағдайда жағымды эмоция мен жақсы әсердің жетіспеуінен жаман әдеттер пайда болады. Мысалы, әлеуметтік желіде өткізетін уақытты пайдалы кітап оқумен немесе спортпен айналысумен алмастыр. 4️⃣ Сені жаман әдетке алып келетін үйреншікті дағдылардан бойыңды аулақ ұста. Мәселен, егер сен ақшаны тез жұмсап тастауға әуес болсаң, оны бірден сенімді адамға беріп қоюға тырыс. 5️⃣ Араласатын ортаңды ауыстыр. Себебі жаман орта әсерінен жаман әдеттер пайда болып жатады. Өз ортаңда сені жаман әрі дұрыс емес әрекеттерге итермелейтін достарың мен ескі тамырлардан бас тарту керек. Мұндай жандардан аулақ жүруге тырыс. * * * Көшпенді қазақтың дәстүрлі кәсіп түрлері Мал шаруашылығы - ата кәсіп. Қазақ жері - мал шаруашылығы қалыптасқан ең көне аймақ. Сол себепті мал шаруашылығы - көшпенді қазақтың ең негізгі кәсіптерінің бірі болды. Археологиялық және этнографиялық зерттеулер Қазақстан жерінде ежелден бастап XX ғасырдың басына дейін мал шаруашылығының үш түрі қалыптасқанын көрсетеді. Көшпелі мал шаруашылығы Маңғыстау, Батыс, Орталық Қазақстан аймағында басым болған. Бұл аймақтарда қыстаусыз көшпелілермен қатар қыстауы бар көшпелілер де болған. XIX ғасыр мен XX ғасырдың басындағы деректерге қарағанда, көшпелілік Маңғыстау, Темір уездеріндегі адайларда, Атбасар уезін жайлаған бағаналыларда Қазалы, Ырғыз, Торғай, Қапал уездерін мекендеген кейбір руларда жақсы сақталған. Батыс, Орталық Қазақстанның кейбір жерлерінде тастан, балшықтан, ағаштан салынған қыстауы болмаса да, қыста ұзақ уақыт көшпей, бір жерді паналап отыратын көшпеліліктің түрі болған. Көшпелі мал шаруашылығы қазақ халқының басым көпшілігінің материалдық тіршілік көзі болып есептелді. Егіншілік қазақ тұрмыс-тіршілігінде мал шаруашылығынан кейін тұрды. Алайда бұл кәсіптің де өзіндік ерекшілі болды. Қазақтар егіншілікпен сонау ерте заманның өзінде айналысқан болатын. XIX ғасырдың аяқ кезінде елдің Орталық, Солтүстік және Солтүстік-шығыс аймақтарында егіншілікпен айналысуға жаппай бет бұру байқалды. Суармалы егіншілік Шығыс Қазақстан, Жетісу, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан аймақтсрында жақсы дамыды. Қазақстанның өзге аудандарында тәлімі егін шаруашылығы кеңінен етек алды. Қазақтар негізінен бидай, тары, сұлы, күріш және жүгері дақылдарын екті. Шымкент және Перовск уездерінде мақта, Верный уезінде азын-аулақ темекі, Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аудандарында бақша дақылдары - қарбыз, асқабақ, пияз бен сәбіз өсірілді. Балық аулау кәсібі Бұл кәсіппен жағдайы төмен, кедей қазақтар айналысты. Ірі көлдер мен өзендерде, сондай-ақ Арал және Каспий теңіздерінде балық аулау қарқынды дамыды. Қазақтар балықты тағам ретінде тұтынды және сату үшін аулады. Әсіресе, Сырдария өзені мен Арал теңізінде бұл кәсіп кең етек алды. Мәселен, XX ғасырдың бас кезінде онда 10000-ға дейін балықшы қазақтар болды. Балық аулаудың қарқынды дамуына Орынбор-Ташкент темір жолының салынуы қатты ықпал етті. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
|
| Всего комментариев: 0 | |
