22:28 Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз |
* * * Ең танымал 3 таңба туралы не білеміз? Ерте кезден адамдар кез келген сөзді жадысына тез сақтау үшін сөздерді таңбамен қысқартып көрсететін болған. Қазіргі уақытқа дейін таңбаларды әртүрлі жағдайда қолданамыз. Алайда ең танымал белгілердің қалай пайда болғаны туралы біле бермейміз. Олай болса, бұл туралы материалымыздан оқи аласыз. Амперсанд (&) ▪️Амперсанд белгісі (&) латындық «et» немесе ағылшынша «and», яғни «және» деген мағынаны білдіреді. Бұл лигатураны ежелгі Римде ойлап тапты. Цицеронның жеке хатшысы Тирон, хатты жылдам жазу барысында сөздерді қысқартып таңбалармен көрсеткен. Сондықтан аталмыш белгі «Тирон белгісі» деп аталады. Кейіннен, бұл белгі ұзақ уақыт бойы Еуропа мен Америкада ағылшын әліпбиінің соңғы қатарында тұрды. Тек ХХ ғасырдың басында аталмыш белгі жоғала бастады. «Амперсанд» сөзі — «And per se and» тіркесінің қысқартылған түрі. Балалрға әліпби үйрету кезінде мұғалім z-дан кейін Аnd per se and деп айтқан. Қазіргі таңда заман ағымына сәйкес бұл белгі e және t әріптерінің қосындысы ретінде де қаралады. Bluetooth ▪️Bluetooth атауы Данияның Harald Blåtand (дат. blå tand — көктісті) деген конунгі атағына берілген. Х ғасырда Данияны Харальд Блатанд атты патша басқарған екен. Ол Данияның тарыдай шашырап жүрген тайпаларын бүтін бір хандыққа біріктіріпті. Харальдті тұрғындар Көктісті деп атаған. Өйткені ол қарақат жегенді өте жақсы көріпті. Және де оның бір тісі үнемі көкпеңбек болып жүреді екен. Bluetooth (ағылшын тілінен аударғанда «көк тіс» деген мағына береді) технологиясы бірнеше құрылғыны бір желіге біріктіруге арналған. Ал бұл технологияның белгісі скандинавиялық руналардың бірігуінен туындаған. Олар «хагал» немесе «хагалаз» (Hagall) – латынша Н әрпіне ұқсас, және «беркана» (Berkana) – латынша В. Яғни Харальд Блатандтың алғашқы әріптеріне сәйкес келеді. Атап өтетін жағдай, алғашқы құрылғы көк түсті және тіске ұқсас келген. 1994 ж. Ericsson швед компаниясы сымсыз байланыс арқылы ұялы телефондарды, компьютерлерді, т.б. шет құрылғыларды біріктіруді ойластырды. Соның нәтижесінде 1998 жылы алғаш рет Ericsson, Nokia, Intel, IBM, Toshiba компанияларын біріктірген Bluetooth SIG (Bluetooth Special Interest Group) тобы құрылды. «OK» белгісі ▪️Көптеген мемлекеттің тұрғындары қолмен көрсетілген «О.К.» белгісін бірден тани кетеді. Ол «бәрі жақсы» немесе «дұрыс» деген мағынаны білдіреді. Алайда оны барлығы бірдей дұрыс қабылдай қоймайды екен. Мәселен, Францияда бұл теріс мағына білдіреді. Бұл белгінің пайда болу тарихының бірнеше нұсқасы бар. * «О.К.» белгісі АҚШ президенті Мартин Ван Бюреннің туған жері – Нью-Йорк штаты Old Kinderhook-тің қысқартылып алынуынан пайда болған деген болжам бар. Ван Бюрен өзіне туған жеріне сәйкес келетін лақап ат таңдап алған екен. Оның компаниясының жарнамалық ұраны «Old Kinderhook is O.K.» болыпты. Ал плакатта – осы белгіні көрсетіп тұрған адам бейнеленіпті * Осындай болжамдардың тағы бірінде АҚШ президенті Джексон бұл белгіні шешім қабылдау кезінде пайдаланған деп айтылады. Ол all correct сөзін немісше oll korrekt немесе қысқартып «О.К.» деп жазып отырған. Тағы бір нұсқада «О.К.» белгісі – буддизм мен индуизмде діни белгіні білдіреді екен. Және де будданың мүсіндері көбінесе осы белгімен бейнеленеді. * * * Көшпелілерді табысқа жеткізген дағдылар Көшпелілік тайпалық одақтар құрылған кезден-ақ өнім өндіру шаруашылығы ретінде эволюциялық жолмен дами бастады. Көшпелілер мал жаюдың тәсілдерін жетілдіре отырып, игерілмей жатқан жерлерді пайдаға асыруға қолайлы жағдай туғызды. Әрдайым көшіп-қонуға дайын отырған дала көшпелілері үшін мал күзету, аң, балық аулау егін егу тұрмыстың дағдылы машығына айналды. Көшпелілік отырықшылар мәдениетімен тікелей байланысты болды. Өйткені олар Шығыс пен Батыс елдері арасында делдалдық рөл атқарды. Еуропалық қоғамда зат иелену мен азаматтық қатынастар шешуші қызмет атқарса, көшпелілерде туысқандық, рулық байланыстар аса құнды болып есептелінді. “Ата қоныс” ұғымы көшпелілер үшін қасиетті болды. Қоршаған орта киелі таулардан, өзендер мен көлдерден, аруақтар жатқан молалардан, т.б. тұрды. Көшпелілер уақыт пен кеңістікті игере отырып, климат ерекшеліктерін ұтымды қолданады. Мысалы, Қазақстанда ерте заманнан бері Арқаның теріскейіндегі орманды-далалы алқапты, оңтүстік-шығыстағы таулы өңірді — жайлау, ал оңтүстік және орталық аймақты қыстау ретінде пайдаланды. “Құрғақ даланы, — дейді ағылшын тарихшысы, социолог Арнольд Джозеф Тойнби — тек бақташы ғана меңгере алады, бірақ сол далада тіршілік етіп, табыстарға жету үшін ол өзінің шеберлігін тынбай жетілдіре беруге міндетті, ол ерекше адамгершілік және парасаттылық қасиеттерді қалыптастырады”. Көшпелі өмір, төрт түлік мал, жер-ана барлығы жинала келе көшпелілердің материалдық игілігін, дүниетанымын қалыптастырып, төл мәдениетін жасады. Көшпелі өмір тіршілігіне сай қара күшке мығым, қиыншылыққа төзімді, құбылмалы табиғат жағдайына тез икемделгіш, ат үстіндегі алыс сапарларды қайыспай көтеретін дала перзенттері, жан-жақты жетілген адамдар қалыптасты. Дала көшпелілерінің ақынжанды болуы, ой-қиялының жүйрік болып келетіні көшпелі тіршіліктің арқасы еді. 19 — 20-ғасырларда, әсіресе еуропалық зерттеушілер арасында көшпелі халықтардың рухани өмірі мен дүниетанымы жүйесіз деп танылып, олардың адамзат өркениетінің дамуына қосқан рөлі төмендетіліп, оған қатысты жабайылық, тағылық секілді орынсыз пайымдаулар айтылды. Алайда, ғылыми негізделген дәйектер көшпеліліктің отырықшы өркениет елдерінің шаруашылығынан, қоғамдық билік жүйесінен, мәдени бітімінен ешбір кем емес екендігін дәлелдеп отыр. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
|
| Всего комментариев: 0 | |
