22:58
Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз

* * *

Табыс & Шығыс айдары:

“Еңбекке ерте араласу – қаржылай сауаттың бастауы”. 23 жастағы бойжеткен бір айлық табысы мен шығынын айтты

“Табыс & Шығыс” айдарында біз жасы, жынысы, мамандығы, тұрғылықты жері әртүрлі Қазақстан азаматтарының бір айда тапқан табысы мен шығынын есептейміз. Кіріс пен шығынды жатқа білу қаржы сауатын арттырып, қарыздан құтылып, табысты болуға жетелейді.  

‍♀️ Бүгінгі кейіпкеріміз – Ақтоты Қалмұрат. 23 жастағы ару маркетолог әрі smm болып жұмыс істейді. Жан-жақты табыс көзі бар бойжеткен қашықтан да қаражат табуға бейімделген. Алматы қаласында тұрады. Тұрмыс құрмаған. Жоғары білімі бар. Студент кезінен шәкіртақыдан бөлек, қосымша табыс табумен айналысқан.

Бір айдағы табысы:

Жұмыстағы жалақы – 500 000-600 000 теңге

Қосымша табыс – 500 000 теңге

Жалпы табыс - 1 000 000 теңге

  Бір айдағы шығыны:

Азық-түлікке кететін шығын – 50 000 теңге

Пәтерақы - 75.000 теңге

Кредиттерді өтеу – жоқ

Түскі асқа – 5000 теңге

Дәрі-дәрмекке шамамен -  30 000 теңге

Жол шығыны – 5000 теңге

Күтім заттарына – 70 000-100 000 теңге

Коммуналды шығындар –  10 000 теңге

Жақындарыңа көмек ретінде беретін ақша –50 000теңге

Қыдырып демалуға –  70 000 теңге

Интернет төлемі – 6700 теңге

Киім-кешек  - 30 000-50 000 теңге

Кітап алу/курс оқу – 30 000-100 000 теңге

Фитнес залының төлемақысы – 50 000 теңге

Әлеуметтік желіге арналған жазылым ақысы- 4500 теңге

Ақылы ұялы телефон қосымшалары - ⁠10 000 теңге

Жалпы шығын – 470 000 айына мың

Бір айдағы сальдо – плюс 500 000 теңге

  Ақтотының түсініктемесі:

Орталық Азия соның ішінде дамушы мемлекеттің азаматшасы болғандықтан, қатарыңнан қалмау, талпынып жан-жақты тірлік қылу біздерге тән. Яғни, аяқты аспанға көтеріп, алаңсыз күн кешу деген жоқ. Бір жағы дамыған елдердегідей бәсеке басым болмағандықтан, мүмкіндік те көп. Аллаға ниет етіп, қолдан келген амалдың барлығын жасасаң табыссыз қалмайсың деп ойлаймын. Өзім студент кезден жұмыстың ауыр жеңіліне қарамай, бос уақытымның барлығында еңбекке араластым. Ақшаны ерте жастан табудың пайдасы көп екенін нақты айта аламын. Себебі, қаржылай жауапкершілік пайда болады. Қаржы сауаты мезетінде қалыптасқан адамның кіріс-шығысқа есеп жүргізуі, өз ақшасын өзі басқара алуы оңай болады. Кризис, инфляция секілді т.б күтпеген соққылар кезінде жұтылып кетпеуге берісі ұтылып қалмауға алдын ала қалқан жасайсың. Түрлі жұмысты істеп көргенімнің арқасында, өзіме не керегін білдім. Ысылдым. Негізгі мамандығым педагогика бағыты. Дегенмен мен маркетинг саласын тәжірибеде жасап бастап, одан соң арнайы оқып та алдым. Есесіне, кәсіби түрде меңгергенімнің арқасында әрдайым жұмыс көзі маған дайын тұрады. Онлайн саудамен де ара-тұра айналысамын.

Уақытымның ауқымды бөлігін жұмыс істеуге арнайтындықтан, үйден сирек тамақтанамын. Яғни, толтырып азық-түлік сатып алмаймын. Оны әзірлеуге уақыт кетіргенше, табыс тапқан мен үшін абзалырақ. Салыстырсам сырттан тамақтанумен шығыны бірдей-ақ. Жұмыстан босаған уақытта нарықты зерттеуге немесе жаңа білім алуға  назар қоюға тырасамын. Қазір қыздармен бірлесіп пәтер жалдап тұрамын. Коммуналдық шығын және пәтерақыны бөліп төлейміз. Қазір жеке үйімнің болуына аса қажеттілік жоқ. Алайда болашақта өз қаржыммен үй ала аламын деп ойлаймын. Бастысы, басымда қарыз жоқ. Еркінмін. Ақша жетіспеушілігі, біреуге борышкер болу адамды ішкі мазасыздыққа алып келеді. Онымен алысып күрескенше, нәпсіңмен күрескен тиімдірек. Қыз баласы болсаң да, тұрақты жоғары табыс керек. Адамға сенімділік және ертеңгі күнге үміт сыйлайды. Сүйікті ісіңмен айналысу өмірдің мәні іспетті. Ол әрі жеткілікті қаражат әкеліп тұрса, адамның жаны толығымен тыныштықта болады деген пікірдемін. Әрі қайырымдылықпен айналыса алуға септігі бар. Өмірде алу мен беру заңдылығын сақтаған адамда орынсыз шығын алдынан шықпайды деп ойлаймын.

* * *

Кітап оқуға құлшынысты қалай арттырамыз? ТОП-8 кеңес

Кітап оқу – жай ғана уақыт өткізудің тәсілі емес. Ол – адам санасын шыңдайтын, ой-өрісін кеңейтетін, дүниетанымды тереңдететін маңызды үрдіс. Көпшілік кітап оқуды әдетке айналдырғысы келеді, алайда көбіне бастаған ісін соңына дейін жеткізе алмай жатады немесе оқығанын тез ұмытып қалады. Бұл – оқу дағдысының жүйесіздігінен.

Кітаптан шынайы пайда алу үшін арнайы әдіс пен тәртіп қажет. Назарларыңызға кітапты тиімді әрі қызығушылықпен оқу үшін көмектесетін 8 пайдалы кеңесті ұсынамыз:

1️ Мақсат қойыңыз

Әр кітап – белгілі бір мақсатпен оқылуы тиіс. Сіз бұл кітапты не үшін қолға алдыңыз? Жеке дамуыңыз үшін бе, әлде жай демалу үшін бе? Егер білім алу үшін оқысаңыз – басты ойларды түртіп алып, конспект жасаңыз. Ал егер жан тыныштығын іздесеңіз, оқиғаның ағынымен еркін жүзіңіз.

2️ Оқу жоспарын құрыңыз

Басталған кітап аяқталмай қалмауы үшін өзіңізге ыңғайлы кесте жасаңыз. Мысалы, күн сайын 10-20 беттен оқу – үлкен нәтиженің бастауы. Аз көрінгенімен, жүйелі оқудың арқасында айына бірнеше кітапты игере аласыз.

3️ Белсенді түрде оқыңыз

Мәтінді тек көзбен жүгіртіп шығу – ақпаратты үстірт қабылдауға әкеледі. Сол себепті саналы түрде, зейін қойып оқыңыз. Маңызды тұстарды маркермен белгілеңіз немесе түртіп алыңыз. Бұл – мазмұнды терең түсінуге көмектеседі.

4️ Конспект жасаңыз

Кітаптағы маңызды ойларды қысқаша жазып отыру – оқығанды жақсы есте сақтаудың тиімді тәсілі. Дәптер, стикер немесе арнайы электронды қосымшалар арқылы өзіңіздің жеке кітапханалық жазбаларыңызды жасаңыз. Бұл – болашақта керекті ақпаратқа оңай қайта оралу мүмкіндігін береді.

5️ Кітап жайлы ой бөлісіңіз

Оқығаныңызды басқалармен талқылау – кітап мазмұнын тереңірек ұғынуға, түрлі көзқарастарды тануға жол ашады. Достарыңызбен, әріптестеріңізбен немесе кітап клубтарында пікір алмасу – есте сақтау қабілетін арттырады әрі талдау дағдыңызды дамытады.

6️ Түрлі жанрды таңдаңыз

Бір ғана бағыттағы кітаптарды ұзақ оқу зеріктіріп жіберуі мүмкін. Сондықтан жанрларды ауыстырып отырған жөн: көркем әдебиет, ғылыми-танымдық, мотивациялық, тарихи шығармалар — әрқайсысы өз алдына пайдалы. Бұл әртүрлі тақырыпта пікір айту қабілетіңізді де жетілдіреді.

7️ Оқудан ләззат алыңыз

Оқуға қолайлы орта жасаңыз: жайлы орын, сүйікті сусыныңыз, тыныштық — бәрі кітаппен сапалы уақыт өткізуге көмектеседі. Оқу — міндет емес, рақат сыйлайтын сүйікті әдетке айналуы тиіс.

8️ Білімді өмірде қолданыңыз

Оқығаныңыз тек қағаз бетінде қалмасын. Кітаптан алған білім мен идеяларды өмірде іске асырып көріңіз. Іс-әрекет арқылы алынған ақпарат әлдеқайда жақсы есте қалады, әрі өз дамуыңызды нақты сезіне бастайсыз.

Кітап оқу – тұлғалық дамудың, ойлау қабілетін жетілдірудің, шығармашылық шабыттың және жаңа білімге жол ашудың ең сенімді жолы. Егер кітапты жүйелі, саналы түрде оқып, өмірде қолдана білсеңіз – бұл әдет өміріңіздің бір бөлшегіне айналады. Ендеше, кітаппен достасудан кеш қалмаңыз!

* * *

Жаңа кинолар хақында

«Лило мен Стич» фантастикасы. Бұл – жүрек тебірентерлік әрі күлкілі хикая. Гавай аралында тұратын кішкентай қыз күтпеген жерден бөтен ғаламшарлықпен достасады. Сөйтіп, осы ерекше жаратылыс олардың бұзылған отбасын біріктіруге көмектеседі. Басты рөлдерде: Ханна Уоддингем, Тиа Каррере.

Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=N6QG5tDUplU

«Миссия невыполнима: Финальная расплата» боевигі. Итан Хант адамзат тағдырын шешетін жасанды интеллектті іздеп, қауіпті сапарға аттанады. Оның шешімі – бүкіл әлемнің болашағына ықпал етеді. Басты рөлдерде: Том Круз, Ванесса Кирби. Жас рейтингі: 16+                       

Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=KvwLhlqDVfg

«Джун и Джон» мелодрамасы. Сұрқай өмір сүріп жүрген Джон Джун есімді батыл қызбен танысып, екеуі бірге құштарлық пен қауіпке толы, махаббат пен еркіндікке жетелейтін шытырман оқиғаға жол тартады.  Басты рөлдерде: Матильда Прайс, Люк Стэнтон Эдди. Жас рейтингі: 18+               

Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=3v2gety3yHk

«Одержимые: Наследие дьявола» қорқынышты фильмі. Әкесі жұмбақ жағдайда көз жұмғаннан кейін, Грэм отбасылық фермаға оралады. Себебі оның інісі де сол кездегі қорқынышты белгілерді көре бастайды. Енді ол өз отбасы мен өз болашағын құтқару үшін күресуі тиіс. Басты рөлдерде: Кристиан Уиллис, Дирк Хантер. Жас рейтингі: 18+               

Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=CXYqTtHtMOM

«Астрал: Долг крови» қорқынышты фильмі. Эрвина баласы мен ауыр науқастанған анасын асырау үшін зауытқа жұмысқа орналасады. Алайда көп ұзамай ол жерде ежелгі құрбандық рәсімі жасалатынын біледі. Енді ол өзін және жақындарын құтқару үшін бұл тылсым құпияны ашуы керек. Басты рөлдерде: Тускя Намя, Мұхаммед Хан. Жас рейтингі: 18+               

Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=01tZ6eNNwYU

«Соловей против Муромца» шытырман оқиғалары. Қарақшы Бұлбұл батыр Илья Муромецті алдап, оның жасаған ерліктерін өзіне меншіктейді. Ажалсыз эликсирінің арқасында ол бүгінгі күнге дейін өмір сүріп, енді ежелгі қараңғы құдай Велесті тірілтпекші. Басты рөлдерде: Владимир Любимцев, Никита Ефремов.

Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=FQuwEjbP8cs   

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 16 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: