16:54 Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз |
* * * Қаржы сауаты: Қарапайым жолмен ақша жинаудың 3 тәсілі Қаржылай тұрақтылыққа жетудің басты жолы – қаражатты дұрыс басқару және үнемдеу дағдысын қалыптастыру. Көп адам ақша жинауды кейінге қалдыруға әуес. Алайда жүйелі жоспар құрып, қарапайым әдістерді қолдансаңыз, уақыт өте келе жинақтың қалай көбейетінін байқайсыз. Статистикаға сүйенсек, қазақстандықтардың көпшілігі қаражатын үйде емес, банкте сақтағанды жөн көреді. Депозит – қаражатты көбейтудің ең тиімді жолдарының бірі. Алайда оны пайдаланбас бұрын кейбір маңызды жайттарға назар аударған жөн. 1️⃣ Депозит: қаражатты тиімді сақтау құралы Ақшаны депозитке салу арқылы оның сіз үшін жұмыс істейтінін байқауға болады. Қазіргі таңда инфляцияның әсерінен тауар бағасы күн сайын өсіп келеді. Егер қаржыны үйде сақтасаңыз, ол өз құнын жоғалтуы мүмкін. Ал депозит бұл қауіптің алдын алуға көмектеседі. Депозиттің тағы бір артықшылығы – Ұлттық банктің кепілдігіне кіретін қаржы ұйымын таңдасаңыз, банк банкротқа ұшыраған жағдайда қаражатыңыз қайтарылады. Сонымен қатар депозитте тұрақты өсім болады. Яғни, оны ашқан кезде бекітілген жылдық пайыздық мөлшерлеме өзгеріссіз қалады. Депозит таңдағанда ең алдымен банктің қаржылық тұрақтылығына, оның рейтингісіне назар аудару қажет. Депозиттер сақтау мерзіміне қарай қысқамерзімді және ұзақмерзімді болып бөлінеді: • Қысқамерзімді депозит – пайыздық мөлшерлемесі төмен, бірақ қаражатты кез келген уақытта айыппұлсыз шешіп алуға мүмкіндік бар. Бұл кейде ақша жинауға кедергі келтіруі мүмкін. • Ұзақмерзімді депозит – пайыздық мөлшерлемесі жоғары, алайда белгіленген мерзімнен бұрын ақшаны шешіп алу мүмкін емес. Кейбіреулер ақшаны акция ретінде сақтау туралы ойланады. Бірақ акция бағасы тұрақсыз – бірде өсіп, бірде құлдырап отырады. Сондықтан инвестиция жасамас бұрын толық ақпарат жинап, тәуекелдерді ескерген дұрыс. 2️⃣ Ақша жинауды әдетке айналдыру Қаржыңызды тиімді басқару үшін нақты стратегия қолдану керек. Солардың бірі – “5 конверт” әдісі. Бұл тәсіл шығындарыңызды жүйелеуге көмектеседі. “5 конверт” техникасы: 60% – негізгі ай сайынғы шығындарға (тұрғын үй, коммуналдық төлемдер, азық-түлік) 10% – ірі сатып алуларға (мысалы, жаңа телефон немесе қолсағат алу) 10% – күтпеген шығындарға (техниканың бұзылуы, шұғыл жағдайлар) 10% – демалыс пен ойын-сауыққа (театр, кино, мейрамхана) 10% – жинақтау үшін (депозитке немесе арнайы сандықшаға салу) 3️⃣ Қаржылай тұрақтылыққа қадам Ақшаны дұрыс басқарып, үнемдеуді әдетке айналдырсаңыз, қаржылай қауіпсіздік жастығын қалыптастыра аласыз. Ең бастысы – кіріс пен шығысты бақылап, тиімді стратегияларды қолдану. Бүгіннен бастап ақша жинауға кірісіңіз! * * * “Қателіктер қорқынышты емес. Ең бастысы – әрдайым жаңа нәрседе қателесу” – Илон Масктың табысқа жету қағидалары “Егер адам қандай да бір дүниені өте маңызды деп санаса, ол оны міндетті түрде істейді”, – дейді Илон Маск. Бұл сөздерімен ол мүмкіндіктер шектеулі болған жағдайда да, табысқа жетудің басты шарты – табандылық пен өз ісіне деген сенім екенін меңзейді. Әлемдегі ең бай адамдардың бірі саналатын Масктың қазіргі қаржылай жағдайы – қажырлы еңбектің, стратегиялық ойлаудың және үздіксіз ізденістің нәтижесі. Tesla мен SpaceX компанияларының негізін қалаушы кәсіпкер ешқашан қол қусырып қарап отырған емес. Ол салық төлеу бойынша тарихтағы ең ірі жеке төлемді жасаса да, қаржылай қиындыққа ұшырамады. Өйткені оның байлығы жыл сайын еселеніп келеді. Біз бүгін Илон Масктың өмірлік қағидалары мен оның табысқа жетуіне көмектесетін нақыл сөздерін ұсынамыз. 1️⃣ Өмірді өзгерту үшін – 6 ай “Өзіңізге 6 ай уақыт беріңіз. Егер өміріңізді өзгертуге шындап ниеттенсеңіз, 6 ай бойы бір нәрсені жүйелі түрде жасаңыз. Нәтижесін көретініңізге кепілдік беремін. Егер сіз бас тартсаңыз, демек оны қаламайсыз.” Көп адамдар өз жұмысына қанағаттанбай, аз жалақыға өмір сүріп жатыр. Олар үшін маңыздысы – ақша табу емес, өзіне қуаныш сыйлайтын, шабыт беретін іспен айналысу. Егер сіз өз өміріңізді өзгерткіңіз келсе, алты ай бойы бір бағытта тұрақты түрде жұмыс істеп көріңіз. Бастысы – тоқтап қалмау. 2️⃣ Қиындықтарға қарамастан, әрекет ету “Егер адам қандай да бір дүниені өте маңызды деп санаса, ол оны міндетті түрде істейді. Тіпті мүмкіндік болмаса да”. Табысқа жету жолында сізге сенбейтін, тіпті мазақ ететін адамдар табылады. Бірақ егер сіз үшін бұл іс маңызды болса, ешкімнің пікіріне тәуелді болмаңыз. Тек алға жылжыңыз, табандылық танытыңыз. 3️⃣ Дұрыс сұрақ қою – табысқа бастар жол “Ең қиын нәрсе – дұрыс сұрақтар қою. Мұны тапқаннан кейін, қалғанының бәрі өте оңай”. Көпшілігіміз жауап іздейміз, бірақ дұрыс қойылған сұрақ – шешімнің жартысы. Егер сіз мәселені басқа қырынан қарасаңыз, жаңаша ойлап, тиімді шешім таба аласыз. 4️⃣ Табысты болу – тынымсыз еңбектену “Егер сізде миллиондаған доллар болса, бұл сіздің өмір салтыңызды өзгертеді. Бірақ мен жұмыс істеуді тоқтатпаймын. Күн сайын, тіпті демалыс күндері де еңбектенемін.” Нағыз жетістік – сүйікті ісіңмен айналысу. Ақша жеткілікті болған жағдайда да, табысты адам өз ісін жалғастыра береді. Өйткені бұл оған шабыт сыйлайды, өмірінің мәніне айналады. 5️⃣ Қателіктерден қорықпау “Қателіктер қорқынышты емес. Ең бастысы – әрдайым жаңа нәрседе қателесу.” Кез келген жетістік – қателіктер мен сәтсіздіктерден тұрады. Маңыздысы – сол қателіктерді қайталамау және әр тәжірибеден сабақ алу. 6️⃣ Өзіңді үнемі жетілдіру “Өзіңізден кері байланыс алу өте маңызды: не істеп жатқаныңызды және оны қалай жақсартуға болатынын үнемі ойлану қажет.” Егер өз ісіңізді дамытқыңыз келсе, үнемі жетілдіруге ұмтылыңыз. Ойларыңызды саралап, “Бәрі дұрыс, ештеңені өзгертудің қажеті жоқ” деген ойдан аулақ болыңыз. Өйткені дамуды тоқтату – артта қалумен тең. Қорытынды Илон Масктың өмірлік қағидалары – табысқа жетудің нақты жолдары. Ол өзінің қажырлы еңбегі, батылдығы және үздіксіз дамуға деген ұмтылысы арқылы әлемге әйгілі кәсіпкер атанды. Егер сіз де жетістікке жеткіңіз келсе, жоғарыда айтылған қағидаларды өміріңізде қолдануға тырысыңыз. Бастысы – арманыңызға сену және ешқашан тоқтамау. * * * Табыс & Шығыс айдарына: Жұмысты сүйіп істесең, табыссыз қалмайсың: кәсіпкер ақшаны денсаулыққа зиян келтірмей табу керегін айтты “Табыс & Шығыс” айдарында біз жасы, жынысы, мамандығы, тұрғылықты жері әртүрлі Қазақстан азаматтарының бір айда тапқан табысы мен шығынын есептейміз. Кіріс пен шығынды жатқа білу қаржылай сауатты арттырып, қарыздан құтылып, табысты болуға жетелейді. Бүгінгі кейіпкеріміз – Гүлдана Әбілқасымова. Декретте отырған ана. 31 жастағы келіншек 3 баланың анасы. Жоғары білімі бар, екі мамандықтың иесі. Шымкент қаласында тұрады. Тұңғышы мемлекеттік мектепте білім алса, өзі жасқа толмаған баламен үйде. Жолдасы екеуінің отбасылық кәсібі бар. Сондықтан, Гүлдана үйде баламен отырса да, кәсіпті бірге жасасып, қаражат тауып отыр. Отбасының өз үйі және көлігі бар. Отбасының бір айдағы табысы: Жұмыстағы жалақы – 500 000 теңге Қосымша табыс – 100 000 Жолдасының табатыны 600 000 теңге Жалпы табыс – 1 200 000 теңге Отбасының бір айдағы шығыны: Азық-түлікке кететін шығын – 350 000 теңге Кредиттерді өтеу – 110 000 теңге Дәрі-дәрмекке шамамен - 15 000 теңге Жол шығыны – 50 000 теңге Күнделікті дүкенге ақша – 4000 теңге Коммуналды шығындар – 60 000 теңге Интернет төлемі - 8 000 теңге Киім-кешек - 40 000 Балалар мен өзінің күнделікті қалта шығындары – 10 000 теңге Кәсіптің айналымында жүретін ақша– айына 2-3 000 0000 теңге Жалпы шығын – айына 650 000 мың Бір айдағы сальдо – плюс айналымға қосылатын 500 000 ⚡️Гүлдананың түсініктемесі: Кәсібін дөңгелетіп отырған адам міндетті түрде ай сайынғы шығынды есептеп жүреді. Ал жаратуға жұмсалған қаражаттың есебін білу үшін, күнбе-күн кеткен ақшаны қағазға түсіріп жүру қажет. Айталық, “ұялы телефонымның абоненттік төлемі – 4700 теңге, етке – 20 000 теңге” деген секілді қасына қайда жұмсағанымды түртіп жүремін. Жазып жүру арқылы орынсыз шығыннан да аулақ боласың. Кәсіппен айналысатын адамның көпшілігі депозитке сақтап жинай алмайды. Себебі, артық ақшаның барлығы айналымда жүреді. Бұл жұмыстың тұрақты жүріп тұруы үшін керек. Отбасылық кәсіптен бөлек, өзім әлеуметтік желі парақшаларының жарнамасымен айналысамын. Бұл да, кеңсеге бармай-ақ қашықтан жасауға болатын жұмыс түрі. Кішкентай баласы бар адамға таптырмас мүмкіндік. Ақшаның жеткілікті немесе керісінше болуы адамның көңіл-күйіне әсер етпеу қажет. Денсаулық ең үлкен байлық екендігін естен шығармағанымыз жөн-ау. Ол үшін ешкіммен жарыспай, өзгелерден өзіңді төмен санамай жүрген абзал. Адамды күйзеліске түсіретін нәрсе “қатарымнан қалып бара жатырмын” деген дегбірсіздік. Бойдағы қуатты оған емес, әрекет етуге жұмсау пайдалырақ болар. Әрі байыппен, бөтен ойларсыз тірлік қылу адамды шаршап шалдығу мен жалығудан сақтайды. Жұмысын сүйіп жасаған адам, ешқашан табыссыз қалмайды. Қарызға да кірмейді. Бұдан бөлек, кіріс пен шығысқа сауатты есеп жүргізу оңай болады деп ойлаймын. Ақшаны басқару дегеннің не екендігі де осы жерде айқындалып тұрған секілді. * * * Жаңа кинолар хақында "Тәуіп&Шәріп" комедиясы. Есқара мен Шәріп – алаяқтықты кәсіп еткен айлакер жандар. Олар өздерін атақты әртістер ретінде көрсетіп, шалғай ауылдарда концерттер ұйымдастырады. Ән мен күйге шөліркеген аңғал жұртты арбаумен қатар, ескі мотоциклді сирек кездесетін бағалы көлік деп алдап сатады. Басты рөлдерде: Шерпбаев Бағлан, Бейбітов Есқара. Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=FzROSvqmok8 "Режиссер" драмасы. Басты кейіпкердің асқақ арманы бар – ол режиссер болуды аңсайды. Бірақ бұл жолда оны сан түрлі қиындық күтіп тұр, ең ауыры – отбасынан алыстау. Жүрегіндегі сағыныш пен жанын жегідей жеген күмәндарға қарамастан, ол мақсатына жету үшін барын салады. Басты рөлдерде: Рүстем Жаныаманов, Жанна Сейтхан, Еркебұлан тоқи, Нияз Әбдіғаппар. Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=UhMM-qhahWI "Қош бол дегім келмейді" мелодрамасы. Бұл – махаббат, сынақтар және тағдырмен ымырасыз күрес туралы хикая. Басты кейіпкерлер – Ақжол мен Чолпон бір-бірін шынайы сүйгенімен, өмірдің қатал сынақтары оларды екіге айырады. Басты рөлдерде: Болсун Расылбеков, Бегайым Асанакунова. Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=QKkH47sQco0 "Мастер" боевигі. Левон Кейд – қарапайым құрылысшы. Алайда, құрылыс директорының қызын белгісіз біреулер ұрлап кеткенде, ол көмекке дәл Левонды шақырады. Енді өткенді жасырған бетпердені шешіп, өзінің нағыз қабілеттерін көрсетуге тура келеді. Басты рөлдерде: Джейсон Штайт, Джейсон Флеминг. Жас рейтингі: 18+ Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=8hb0s4sFxm0 “Дольче!” боевигі. Қалыңдығын дәл үйлену күні жоғалтқан жігіт оны қайтару үшін о дүниеге аттанады. Бұл сапарда оған жұмбақ таксист жолсерік болады. Басты рөлдерде: Винсент Кассель, Росси де Пальма. Жас рейтингі: 16+ Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=-Wwn48c7vOE "Семь вуалей" драмасы. Жас театр режиссері Жанинге бұрынғы ұстазының ең әйгілі қойылымын қайта жаңғырту тапсырылған. Бірақ бұл жұмыс оны өткеннің тереңіне жетелеп, мұқият құрған әлемін шайқалтуы мүмкін. Басты рөлдерде: Аманда Сайфред, Ребекка Лиддьярд. Жас рейтингі: 18+ Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=K39-EsUgNBI "Тайна в ее глазах" триллері. Екінші баласы дүниеге келгеннен кейін Анетт жұмысын тастап, балаларымен бірге қала шетіне көшеді. Ол мұны күйеуі Беннің шығармашылықпен алаңсыз айналысуы үшін жасайды. Басты рөлдерде: Дейзи Ридли, Шазад Латиф. Жас рейтингі: 18+ Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=gn8lsu43F-k "Лучше всех" комедиясы. Сәтсіз қарақшылықтан кейін полициядан қашуға мәжбүр болған әкесі мен ұлы ерекше қажеттілігі бар жастарға арналған жазғы лагерьді уақытша паналайды. Басты рөлдерде: Артюс, Кловис Корнияк. Жас рейтингі: 18+ Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=kVhsGokOdP0 "Девушки на балконе" комедиясы. Үш құрбы үйдегі көршілерінің жеке өміріне үнемі араласады. Алайда бір қарапайым тұрмыстық жанжал уақыт өте келе нағыз қанды қырғынға ұласады.Басты рөлдерде: Сухейла Якуб, Ноеми Мерлан. Жас рейтингі: 18+ Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=aPfoff-x-qs "Ужасающие" қорқынышты фильмі. Бойжеткен ежелгі картинаны қалпына келтіру үшін Италияның шағын қалашығына келеді. Алайда кенептегі бейнені ашқан сайын, оны сұмдық түстер азаптай бастайды. Оның санасындағы құбыжықтар шынайылыққа еніп, айналасындағы адамдарға қатер төндіреді. Басты рөлдерде: Клаудио Натан Брезци, Джанлуиджи Кальвани. Жас рейтингі: 18+ Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=rXUUZ4070kA "Питер Пэн. Кошмар в Нетландии " қорқынышты фильмі. Венди Дарлинг бауыры Майклды іздеуге шығады, өйткені оны Питер Пэн ұрлап әкетті деп ойлайды. Басты рөлдерде: Дженни Миллер, Кирстон Вэйр. Жас рейтингі: 18+ Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=jwnG-0ntQy8 баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |