16:53
Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз

* * *

Аптаны дұрыс жоспарлау: уақытты тиімді басқарудың 6 әдісі

Жоспарлау - дұрыс әрекеттердің жүзеге асуын тездетеді және қателіктердің алдын алады. Алайда бұл нәтижелі тәсілді өз ісінің өнімділігін арттыру үшін санаулы адам ғана қолданады.

Есіңізде болсын, уақыт пен алда болатын іс-әрекетті жоспарлау әдеті өмір сүру формасын өзгерте отырып, қалаған нәтижеге жетуге көмектеседі.

Олай болса, аптаны жоспарлауға байланысты біз ұсынған кеңестерді қажетіңізге жаратыңыз.

1️ Апталық жоспардың сәтті болуы күндік жоспарды қалай орындағаныңызға байланысты. Сондықтан әр жексенбі келер аптаның жұмыс тәртібін жазып шығыңыз. Сондай-ақ міндетті түрде уақытын белгілеңіз.

2️Апталық жоспарды жазуда google күнтізбесін пайдалану ең тиімді әдістердің бірі. Әр күніңізді арнайы бағандарға жазып, ескертпеге белгілеп қоя аласыз. Бұл қосымшаның тағы бір ерекшелігі, тізім бойынша істелу керек жұмыстарды 30 минут сайын есіңізге салып отырады.

3️ Егер телефон қолдану тиімсіз десеңіз, қағазға жазуыңызға болады. Себебі қағазға түспеген мақсат пен жоспардың орындалмай қалу ықтималдылығы жоғары.

4️Күндік жоспар бойынша алдымен ең маңызды әрі энергияны талап ететін жұмыстарды орындауға тырысыңыз. Мұндай істерді түскі уақытқа дейін істеуіңізге болады. Ал түстен кейін айтарлықтай күшті талап етпейтін, жеңіл істерге көңіл аударасыз. Сонымен қатар маңызды істердің бәрін бір күнге қоймаңыз. Өйткені орындалмай қалса, өзіңізге деген сенімділік жоғалуы мүмкін.

5️ Егер өзектілігін жоғалтпаған, бірақ орындалмай қалған тапсырмалар болса, кейінгі күнге ауыстыра аласыз. Бірақ ауыстырған күні орындауға тырысыңыз.

6️ Бастаған ісіңізді аяқтамай жатып, келесі іске көшпеңіз. Бұл жұмыс өнімділігіне кері әсерін тигізеді.

Ал сен апталық жоспар құрасың ба?

* * *

Көшпелі қазақтың отырықшылыққа көшуі: оның салдары мен ережесі

1924 жылы 17 сәуірде Бүкілресейлік ОАК мен РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшылана бастаған қазақ шаруаларын жерге орналастыру тәртібін анықтайтын арнайы ереже қабылдады. Бұл құжат қазақтардың жерге қоныстануын заңдастырып, олардың мал шаруашылығына қажетті жайылымдар мен сақтық пішен учаскелерін белгілеуді көздеді.

Ереженің негізгі міндеттері:

✔️ Қазақ шаруаларын жаппай жерге орналастыру;

✔️ Отырықшылыққа көшкен қожалықтарға 10 жылдық мерзімге несие беру;

✔️ Олардан 5 жылға дейін салық алынбауын қамтамасыз ету;

✔️ Ауыл шаруашылығы құрал-саймандары мен құрылыс материалдарын тегін беру.

Алайда бұл ереже іс жүзінде бұрмаланып, қазақ халқы үшін ауыр зардаптарға әкелді. 1925 жылдан бастап ауыл ішіндегі таптық жіктелуді күшейту, “Кіші Қазан” төңкерісін жүргізу бағыты қолға алынды. Осы саясат аясында байлар жаппай тәркіленіп, кедей-кепшіктер ұжымдастырылды. Бұл мәжбүрлеу сипатындағы науқан халықтың қарсылығын туғызды, ал Кеңес билігі оған күшпен жауап берді.

Қазақ халқының дәстүрлі шаруашылық жүйесінің жойылуы 1931-33 жылдардағы алапат ашаршылыққа әкеліп, миллиондаған адамның өмірін қиды. Кеңестік биліктің бұрмалаулары мен асыра сілтеулерін жою мақсатында кейін түрлі әлеуметтік-экономикалық шаралар қолға алынғанымен, көшпелі қазақтардың отырықшылыққа көшуі ауыр да қайғылы тарихи кезең болды. 1924 жылғы ереже осы күрделі процестің бастауында тұрған маңызды құжаттардың бірі ретінде қалды.

* * *

Өмір сынағынан сүрінбей өткен ТОП-5 актер

️ Өмір жолы ауыр сынаққа толы болғанымен, жүрек көзіндегі отын сөндірмей, биік белестерді бағындырған тұлғалар аз емес. Бірі балалық шағындағы қиындықтарға төтеп берсе, енді бірі үлкен кедергілерді жеңіп, мақсатына жете білді. Егер еңсеңіз түсіп, өмірге деген құлшынысыңызды жоғалтып алсаңыз, төмендегі өнер иелерінің тағдырына назар аударыңыз!

1️ Киану Ривз

 • Ол балалық  шағында көп ауыртпалық көрді: әкесі отбасын тастап кетсе, анасы бірнеше мәрте тұрмысқа шыққан.

 • Киану мектеп кезінде дислексиямен (оқудағы қиындық) күресіп, білім алуда көптеген қиындыққа тап болды.

 • Ең жақын досы Ривер Феникстің қайтыс болуы, сүйікті адамы мен баласынан айырылуы оны қатты күйзеліске түсірді.

 • Соған қарамастан, ол Голливудтың ең қарапайым әрі мейірімді жұлдыздарының біріне айналды.

Мотивациялық сөзі:

Өмірде қиындықтар міндетті түрде болады, бірақ ол сіздің кім екеніңізді анықтамайды. Жасаған әрекеттеріңіз ғана сізді айшықтайды.

2️ Кіші Роберт Дауни

 • Әкесі оны есірткіге ерте жастан баулыған, бұл актердің өміріне айтарлықтай әсер етті.

 • Нашақорлықтың салдарынан бірнеше рет түрмеге түсіп, мансабы құлдырауға ұшырады.

 • Бірақ өз-өзімен күресе отырып, актерлік дарынын қайта дәлелдеді. “Темір адам” рөлінен кейін ол әлемдік деңгейдегі жұлдызға айналды.

Мотивациялық сөзі:

Құлдырау – ұят емес. Бастысы – қайта тұрып, өз жолыңды табу.

3️ Дуэйн Джонсон

 • Бала кезінде кедейлікті бастан кешіріп, анасымен бірге үйсіз қалған кездері болған.

 • Футбол мансабы сәтсіздікке ұшыраған соң, спорттағы бағытын өзгертіп, WWE жұлдызы атанды.

 • Кейіннен өзін актерлік салада дәлелдеп, Голливудтың ең жоғары жалақы алатын актерлерінің біріне айналды.

Мотивациялық сөзі:

Кедейлікте өстім, бірақ бір нәрсені түсіндім: мен ешқашан сол жағдайда қалмауым керек.

4️ Сильвестр Сталлоне

 • Бала кезінде сөйлеу қабілетінің бұзылуына байланысты үлкен қиындықтарға тап болды.

 • Өмірінің бастапқы кезеңінде кедейшілікте өмір сүріп, тіпті өз итіне тамақ таба алмағандықтан сатуға мәжбүр болған.

 • Өзінің “Рокки” фильміне сценарий жазып, басты рөлді өзі сомдағаннан кейін ғана нағыз жетістікке жетті.

Мотивациялық сөзі:

Жеңіс – бұл күшті соққы жасай білу емес. Ол – қанша соққы алсаң да, қайта тұрып, алға жылжи білу. (“Рокки” фильміндегі әйгілі цитатасы)

5️ Джим Керри

 • Отбасы қаржылай қиындықтарға тап болып, тіпті біраз уақыт фургонда тұруға мәжбүр болған.

 • Ата-анасына көмектесу үшін жас кезінен жұмыс істеп, кейіннен актерлік мансабын бастады.

 • Ол Голливудтың ең танымал комик актерлерінің біріне айналды.

Мотивациялық сөзі:

Егер сәтсіздікке ұшырау ықтималдығы бар болса, онда өзің жақсы көретін іспен айналыса жүріп сәтсіздікке ұшыраған әлдеқайда дұрыс.

Қорытынды:

Бұл актерлердің өмір жолы күрделі болғанымен, олар қиындықтарды жеңіп, діттеген мақсаттарына жете білді. Олардың табандылығы мен ерік-жігері – бізге үлгі. Сондықтан өмір қандай сынақ әкелсе де, оған мойымай, алға ұмтылу маңызды!

* * *

Жаңа кинолар хақында

"Ақшақар" отбасылық мелодрамасы. Бұл — 1937 жылдың Disney анимациялық фильмі негізінде түсірілген көркем фильм. Зұлым патшайым өзінің өгей қызы – ханшайым Ақшақарды өлтіруге бұйрық береді. Алайда Ақшақар қашып, жеті ергежейлі тұратын үйді паналайды. Басты рөлдерде: Гал Гадот, Рейчел Зеглер.

Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=flZN8FQv5ik

"Super курьер" комедиясы. Тимур – жүрегі кең, мейірімді курьер. Өзгелерге көмектесуде алдына жан салмайды. Бірде ол сот төрешісін қарақшылардан құтқарып, күтпеген ұсыныс алады. Енді ол сот төрешісінің қызы — Сабинаның жүргізушісі болуға тиіс. Алайда қызды белгісіз біреулер ұрлап кеткенде, Тимурға қорқынышын жеңіп, оны құтқару үшін батыл қадамға баруына тура келеді. Сонымен қатар қылмыскерлерге қыздың не себепті соншалықты қажет болғанын да анықтауы керек. Басты рөлдерде: Тимур Бақтыбаев, Дулыға Ақмолда, Еркебұлан Дайыров, Құттыбай Сағындықов.

Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=-WKXz-Dcvho

"Жошы хан" тарихи драмасы. Алтын Орданың негізін қалаушы, Шыңғыс ханның тұңғыш ұлы – Жошы ханның өмір жолы аңыз бен құпияға толы. Оның дүниеге келуі жайлы сан алуан жорамал бар, ал өлімі әлі күнге дейін жұмбақ. Ол – тарихтағы ең тылсым тұлғалардың бірі. Жошы хан – біз үшін кім? Жаулап алушы ма, әлде ұлы мемлекетке негіз қалаған кемеңгер билеуші ме? Оны түсіну арқылы біз өзімізді де тереңірек танып, тарихтағы орнымызды айқындай аламыз. Басты рөлдерде: Шыңғыс Бейбітұлы, Болат Ұзақов.

Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=k0uOQXKogXs

"Шоқан. Қашқария сапар" мультфильмі. Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай әзірленген бұл мультфильм көрермендерді ғалымның ең маңызды экспедицияларының бірі – “Қашқарияға саяхат” негізінде жасалған қызық оқиғамен таныстырады. Балаларға түсінікті әрі тартымды тілде баяндалған тарих 8 жасар Азат есімді баланың күтпеген жерден 1858 жылға тап болуымен басталады.

Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=1R7UCmYVDxE

"Западня" триллері. Эдди қымбат көлікті ұрламақ болады, бірақ оның иесі Уильям заңды өз қолына алады. Осылайша Эдди аса қауіпті адамның тұтқынына түсіп, қатыгез “мысық пен тышқан” ойыны басталады. Бұл қанды текетірестің шарықтау шегі Лос-Анджелестің қақ ортасында өтпек. Басты рөлдерде: Билл Скарсгард, Энтони Хопкинс. Жас рейтингі: 18+       

Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=7jjilh6DBw8

"Киллер в отставке" комедиясы. Зейнетке шыққан киллер Дэнниге ерекше тапсырма жүктеледі – ол жас қылмыскер Вильборгқа жетекшілік етуі тиіс. Жігіттің мергендігі мықты болғанымен, ол тек нысананы ғана емес, жазықсыз адамдарды да атып тастайды. Екеуіне қылмыстық топтың басшысын жою міндеттеледі. Алайда көп ұзамай олар қақпанға түскендерін түсінеді – қарсыластары екеуінің де көзін жоюды көздейді. Басты рөлдерде: Кристоф Вальц, Люси Лью. Жас рейтингі: 16+               

Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=wE3SfCLRdS0

"Новокаин" боевигі. Нейтан Кейн – қарапайым жігіт, бірақ сирек кездесетін генетикалық ерекшелігінің арқасында физикалық ауырсынуды сезінбейді. Алайда оның сүйікті қызы банк тонаушылардың тұтқынына түскенде, Нейтан осы ерекшелігін қаруға айналдыруға мәжбүр болады. Басты рөлдерде: Джек Куэйд, Эмбер Мидфандер. Жас рейтингі: 18+             

Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=02mwGJ6eBuA

"Опус" триллері. Журналист қызға отыз жыл бұрын жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен аты аңызға айналған әншінің алыстағы зәулім үйінен шақырту келеді. Жұлдызға табынушылар мен есінен танған қонақтардың ортасында қалған ол көп ұзамай өзіне жасырын жоспар құрылғанын аңғарады. Басты рөлдерде: Айо Эдебири, Джон Малкович. Жас рейтингі: 18+       

Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=Sc54np58Ans                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                             

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 8 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: