22:26
Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз...

* * *

Тарихта «Темір ханым» атанған Маргарет Тэтчердің саяси мансабы қалай өрбіді?

Маргарет Тэтчер, баронесса Тэтчер — британиялық саясаткер, заңгер, Ұлыбритания және Еуропа тарихындағы тұңғыш әйел премьер-министр, XX-ғасырда ең ұзақ қызмет еткен үкімет басшысы. Премьерлігі кезінде орнатқан экономикалық саясаты кейін тэтчеризм деп аталып кеткен. Кеңестік журналис оны «темір ханым» деп атады, бұл лақап ат оның ымырасыз саясаты мен көшбасшылық стилімен байланысты болды.

Тэтчер Оксфордтағы Сомервилль-колледжінде химия оқыды және адвокат болғанға дейін химик болып жұмыс істеді, 1959 жылы Финчли ауданынан парламентінің мүшесі болып сайланды. Эдвард Хит Тэтчерді өзінің 1970–1974 жылдардағы үкіметінде Білім және ғылым жөніндегі Мемлекеттік хатшы етіп тағайындады. 1975 жылы ол Консервативті партияның көшбасшылық сайлауында Хитке қарсы жеңіп, Оппозиция басшысы және Ұлыбританиядағы ірі саяси партияны басқарған алғашқы әйел болды.

1979 жылғы жалпы сайлаудағы жеңісі нәтижесінде премьер-министр болғаннан кейін Тэтчер сол кезде елінде болған жоғары инфляцияға қарсы бағытталған бірқатар экономикалық саясаттарды енгізді. Оның саяси философиясы мен экономикалық саясаты дерегуляция (әсіресе қаржы секторында), мемлекеттік кәсіпорындарды жеке меншікке айналдыру және кәсіподақтардың күші мен ықпалын азайтуға баса назар аударды. Оның қызметтегі алғашқы жылдарындағы танымалдығы экономикалық қиыншылықтар мен жұмыссыздықтың өсуі нәтижесінде төмендеді.

1982 жылғы Фолкленд соғысындағы жеңісі және қалпына келе жатқан экономика қолдаудың жандануына әкелді, нәтижесінде ол 1983 жылы қайта сайланды. Ол 1984 жылы Брайтон қонақүйіндегі жарылыста Уақытша ИРӘ жасаған қастандықтан аман қалды және 1984–85 жылдардағы кеншілер ереуілінде Ұлттық кеншілер одағына қарсы саяси жеңіске жетті.

Тэтчер 1987 жылы үшінші мерзімге қайта сайланды, бірақ оның Еуропа экономикалық қауымдастығы жайлы еуроскептикалық көзқарасымен үкімет келіспеді және оның жаңа салық саясаты сәтсіз және танымал емес болды, нәтижесінде 1990 жылы ол отставкаға кетті, оның ізбасары Джон Мейджор болып сайланды. 1992 жылы Қауымдардан зейнеткерлікке шыққаннан кейін оған баронесса Тэтчер (Линкольншир округіндегі Кестевен қаласы) ретінде өмірбақи атағы берілді, бұл оған Лордтар палатасында мүше болуға құқық берді. 2013 жылы ол 87 жасында Лондондағы Риц қонақүйінде инсульттан қайтыс болды.

* * *

Жоспарды қалай дұрыс құрамыз?

Жоспарлау - дұрыс әрекеттердің жүзеге асуын тездетеді және қателіктердің алдын алады. Алайда бұл нәтижелі тәсілді өз ісінің өнімділігін арттыру үшін санаулы адам ғана қолданады.

Есіңізде болсын, уақыт пен алда болатын іс-әрекетті жоспарлау әдеті өмір сүру формасын өзгерте отырып, қалаған нәтижеге жетуге көмектеседі.

Олай болса, аптаны жоспарлауға байланысты біз ұсынған кеңестерді қажетіңізге жаратыңыз.

1. Апталық жоспардың сәтті болуы күндік жоспарды қалай орындағаныңызға байланысты. Сондықтан әр жексенбі келер аптаның жұмыс тәртібін жазып шығыңыз. Сондай-ақ міндетті түрде уақытын белгілеңіз.

2. Апталық жоспарды жазуда google күнтізбесін пайдалану ең тиімді әдістердің бірі. Әр күніңізді арнайы бағандарға жазып, ескертпеге белгілеп қоя аласыз. Бұл қосымшаның тағы бір ерекшелігі, тізім бойынша істелу керек жұмыстарды 30 минут сайын есіңізге салып отырады.

3. Егер телефон қолдану тиімсіз десеңіз, қағазға жазуыңызға болады. Себебі қағазға түспеген мақсат пен жоспардың орындалмай қалу ықтималдылығы жоғары.

4. Күндік жоспар бойынша алдымен ең маңызды әрі энергияны талап ететін жұмыстарды орындауға тырысыңыз. Мұндай істерді түскі уақытқа дейін істеуіңізге болады. Ал түстен кейін айтарлықтай күшті талап етпейтін, жеңіл істерге көңіл аударасыз. Сонымен қатар маңызды істердің бәрін бір күнге қоймаңыз. Өйткені орындалмай қалса, өзіңізге деген сенімділік жоғалуы мүмкін.

5. Егер өзектілігін жоғалтпаған, бірақ орындалмай қалған тапсырмалар болса, кейінгі күнге ауыстыра аласыз. Бірақ ауыстырған күні орындауға тырысыңыз.

6. Бастаған ісіңізді аяқтамай жатып, келесі іске көшпеңіз. Бұл жұмыс өнімділігіне кері әсерін тигізеді.

Ал сен апталық жоспар құрасың ба?

* * *

Көшпелі қазақ киім-кешек киюде қандай ережелерге сүйенді?

Қазақ халқының ұлттық киімдері этникалық, экономикалық және климаттық жағдайларды ескеріп, ежелгі дәстүрлер бойынша тігілді. Қазақтарда ішкі, сырттық, сулық, бір киер, сәндік және кейбірінде салтанат-ғұрып киімдері болады.

Бір киер киім деп қымбат маталардан әшекейлеп тігілген, той-думандарға, жиындарға барғанда, жат елге сапарға шыққанда киетін сәнді киімдерді атаған.

Қазақ салтында ер жігіт егеске түсерде, соғысқа барарда киімдердің ең жақсы, таңдаулысын киген. Ішкі киімдері: көйлек, дамбал, желетке, кәзекей; сырт киімдерге: шапан, күпі, кеудеше, тон, шидем; сулық киімдерге: шекпен, қаптал шапан, кебенек, кенеп, сырттық жатады (қазақ Киім). Киім мәуітіден, жүн және жібек матадан, киізден, аң терісінен тігіледі.

Қазақтар құланның, ақбөкеннің, жолбарыстың, жанаттың, бұлғынның, сусардың, ақ тышқанның терілерін ерекше қымбат бағалайды. Бұл аңдардың терілерінен тондар тігілді. Астарына құнды аң терісі салынған тон – ішік деп аталды. Осы аң терісіне сәйкес бұлғын ішік, жанат ішік, қасқыр ішік, күзен ішік болып бөлінеді. Ішіктердің сыртын шұға, мәуіті, үш топ барқыт, атлас, көк берен, манат, қырмызы, торғын, ләмбек сияқты бағалы ширақы маталармен тыстаған. Ішіктер кейде әдепті, оқалы, шет-шеті жұрындалған қайырма жағалы болып тігілген.

Сонымен қатар қазақ халқының ұлттық киімдерінің ішінде аяқ киім, соның ішінде етіктің биік өкше, жарма қоныш, тіремелі, көксуыр, саптама, жұмсақ табан, үшкіл тұмсық, шоңқайма түрлері қымбатқа түскен. Сонымен бірге сырма киіз, ішетік, мәсі, шоқай, бұйық (етік сыртынан киетін, жүні ішіне қараған, иленген теріден жасалған байпақ тәрізді аяқ киім) түрлері таралған. Орта Азия және Қытаймен арадағы сауда-саттықтың нәтижесінде қымбат бағалы жібек, мақта маталары алынып, киім тігуге қолданылды. 18 ғ-дан бастап орыстың фабрикалық арзан маталары көптеп айырбасқа түсуі қазақ ұлттық киім түрінің көбеюіне мүмкіндік туғызды. Торғын, пайы, шағи, дүрия, бәтес, сусыма, лейлек, атлас, сұпы, шәйі тәрізді маталардан желбіршекті жұқа көйлектер тігіледі.

* * *

Несиені төлей алмаған жағдайда не істеуге болады?

️ Бүгін #қаржысауаты айдарында кредит туралы тақырыбымызды ары қарай жалғастырамыз. Кредит алғаннан кейін, оны төлеуге қиналып жатсаңыз, қалай әрекет етуге болады? Бүгін осы тақырып төңірегінде әңгіме қозғаймыз.

Статистикаға сүйенсек, елімізде 7 миллион адамның басында кредиті бар. Жеке тұлғаларға берілген жалпы несие портфелі 13,9 триллион теңгені құрады. Соның ішінде 530 мың адам несиені 90 күн бойы төлей алмай жүрген. Нәтижесінде, проблемалық кредиттердің ақшалай көлемі 460 миллиард теңгеге жетті.

Кредит – Қазақстанда ең танымал банк өнімі. Бірақ несие міндетті түрде қайтарылым принципіне негізделген. Яғни, банктен алған соманы үстіне пайызын қосып қайтару керек. Егер сома үлкен болса оны қайтаруға кепілзат – үй, көлік, басқа да құнды заттар қойылады. Тиісінше, өзара мәмілеге сай, егер сіз кредитті қайтармасаңыз, банк кепілзатты саудаға шығарып, қарызды өндіріп алуға толық құқылы.

Уақытша қиындықтар туындап, кезекті төлемді кешіктіріп жатсаңыз қайтпек керек?

1️⃣ Тез арада банкпен келіссөздер жүргізіңіз

Ешқашан банктен, сізді іздеген банк менеджерінен қашпаңыз. Бұлай жағдайды ушықтырып аласыз. Себебі сізбен байланысып, хабар ала алмаған банк кепілзатты өндіріп алу процесін бастап кетуі мүмкін. Осылайша кепілзаттан айрылып, артық шығынға батасыз.

Банкке барып жағдайды түсіндірген абзал. Сізге қарызды қайта құрылымдаудың, шегерудің түрлі әдістері ұсынылатын болады. Оның ішіне шегерім беру, несие мерзімін ұзартып, айлық төлемдерді жеңілдету сынды жолдары болады. Соның өзіңізге ыңғайлысын таңдап алып, екі жақты мәміле жасауыңыз қажет.

2️⃣ Ауыр жағдайда қалғаныңызды дәлелдеңіз

Қазіргі уақытта ай сайынғы соманы төлей алмай отырғандығыңызды құжат бойынша дәлелдеу керек болады. Сондықтан қолда бар құжатты банк менеджеріне көрсетуіңіз тиіс. Ол жұмыстан шығып кеткеніңіз туралы бұйрық, ауырсаңыз еңбекке жарамсыздық парағы болуы мүмкін. Банк менеджері оны сіздің қолдан жазылған өтінішіңізге тіркеп, тиісті шешім шығаруға жіберетін болады.

Қиын жағдайға тап болып, ипотеканы төлей алмасаңыз қорықпаңыз. Бастысы – өзіңіз осы жағдайды мойындауыңыз керек. Қиындықтардың бәрі уақытша ғана. Оны еңсеріп шығу сіздің қолыңыздан келеді!

* * *

Жаңа кинолар хақында

"Хам кафе" комедиясы. Қалада орналасқан дәмхана қаңырап бос тұр. Ал оған қарсы бетте орын тепкен мекеме жоғары сұранысқа ие. Осылайша кафені танымал етудің жолын іздеген әкімші бір күні келушілерді балағаттай бастайды. Оқиғаның видеосы интернетте тарап, сол сәттен бастап дәмхана дөрекі көзқарасымен көптің есінде қалады. Басты рөлдерде: Еркебұлан Тоқтар, Еламан Есентаев, Сымбат Қасымова, Ақбота Амангелдина.

"Ойжұмбақ 2" мультфильмі. Кейіпкердің санасында күтпеген жерден пайда болған жаңа эмоцияларға орын босату үшін Бас бөлімде күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Кейіпкердің эмоциялық жағдайын бұрыннан басқарып келе жатқан Қуаныш, Қайғы, Қорқыныш пен Жиреніш күтпеген жерден жаңа сезім – Мазасыздық пайда болған кезде не істерін білмей абдырап қалады. Оның үстіне жаңа эмоция жалғыз келмеген еді.

"На краю земли" тарихи драмасы. Ежелгі маори тайпалары басқаратын әлемнің бір қиырында бөтен адамдарға орын жоқ. Мұнда ата-баба рухына ерекше құрмет көрсетіледі, олар қанды қан арқылы төлейді, ал сұлу қыздың жүрегі соғысты тұтатып жібере алады. Десе де бөтен адамдар жалғыз келмеген еді. Олармен бірге Құдай, медицина және мылтық та болды. Басты рөлдерде: Гай Пирс, Тиоре Нгатай-Мельбурн. Жас рейтингі: 18+                                       

"Нужды путешественника" драмасы. Ирис жалаң аяқ жүріп, тастарда жатқанды, қала берді макколи күріш шарабын да ұнатады. Оның қайдан келгенін, Кореяға қалай тап болғанын, өткен өмірде не істегенін ешкім білмейді. Қосымша жұмыс істеу мақсатында Ирис Сеулде француз тілінен сабақ бере бастайды. Адамдарды бақылап, кейіпкерлерді зерттей отырып, ол бейтаныс мәдениетке енеді. Басты рөлдерде: Изабель Юппер, Квон Хэ-хе. Жас рейтингі: 18+         

"Игра королевы" тарихи драмасы. Тюдор дәуіріндегі Англия. Елді Генрих VIII басқарады. Ол әйелдеріне деген қатыгездігімен де танымал. Тіпті оның ішінде екеуінің басын шауып тастаған еді. Пайым-парасаты жоғары әрі мінезі қайсар Екатерина Парр оның алтыншы әйелі атанып, басына төнген қауіпті бірден сезеді. Генри барлық жерден сатқындар мен жауларды көреді, ал Екатеринаның жүрегінде тыйым салынған құмарлық оянады. Тақтың ғана емес, өмірдің де күрделі тізгінінде тұрған ол бұл қауіпті ойында жеңе ала ма?

Басты рөлдерде: Джуд Лоу, Алисия Викандер. Жас рейтингі: 18+

"Полночь с дьяволом" қорқынышты фильмі. 1977 жылы танымал болған кешкі телешоу жүргізушісі Хэллоуинге байланысты ерекше тосын сый дайындайды. Бұл әдеттен тыс тікелей сеанс еді және кештің басты жұлдызы "шайтанмен сөйлесу" кітабының жас кейіпкері Лили болады.  Рейтингке тәуелді болған шоумен ол үшін және барлық көрермен үшін қыздың көмегімен басқа әлемге ену әрекеті не болатынын білмейді. Басты Рөлдерде: Дэвид Дастмалчиан, Лаура Гордон. Жас рейтингі: 18+                                       

"Девятые врата: Пандемониум" қорқынышты фиьмі. Жол апаты болған жерде Натан мен Даниэль Элис есімді қызды кездестіреді. Олар үшін тозақтан шығудың жалғыз жолы - оның барлық қақпасынан өтіп, қорқыныштар мен басқа әлемнің сұмдықтары тығыз байланысқан тозақ астанасы Пандемониумға жету.

Басты рөлдерде: Арбен Байрактарай, Оңтүстік Дион. Жас рейтингі: 18+                                                                                                                                                                                              баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 41 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: