10:13 Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз... |
* * * Әлемнің ең бай адамы атанған Джефф Безос алып компанияны қалай құрды? Джефф Безос — америкалық кәсіпкер, Amazon.com интернет-компаниясы мен Blue Origin аэроғарыш компаниясының негізін қалаушы. Сонымен қатар The Washington Post баспасының иесі. 2018 жылы Forbes бойынша ең бай адам болды. Нақтырақ айтсақ, бірінші орынды 135,6 миллиард доллар табыспен иеленді. Джефф мектепте үздік оқушы болды. Оның инженер және физика саласына қызығушылығы ерекше болды. Джефф Принстон университетін 1986 жылы электротехника және информатика мамандығы бойынша бітіреді. 1994 жылдың басына дейін Уолл-стритте түрлі лауазымда жұмыс істейді. Кейін D. E. Shaw & Co компаниясының вице-президенті қызметін атқарды. Бұл лауазымды 1994 жылдың жазында босатты. 1995 жылы шілде айында Джефф Безос 300 мың доллар көлемінде инвестицияларды алып, Amazon.com сайтын іске қосты. Бірнеше жылдан соң Джефф бизнес-мүдделерін кеңейтіп, Blue Origin аэроғарыштық компаниясын құрды. 1992 жылы Безос Нью-Йорк қаласындағы Манхэттендегі D. E. Shaw компаниясында ғылыми қызметкер болған Маккензи Таттлді кездестірді. Жұп бір жылдан кейін үйленіп, төрт баланы тәрбиеледі. 2019 жылдың 9 қаңтарында Джефф Безос әйелімен 25 жыл некеден кейін ажырасуға шешім қабылдайды. Әлемдегі алып компания Amazon өз жұмысын қалай бастады? 1993 жылдың соңында Безос онлайн-кітап дүкенін бастау туралы шешім қабылдайды. Осылайша 1994 жылы Amazon-ды бастапқыда кітап саудалайтын ғаламтор дүкені ретінде ашқан. Оның барлық жұмысы сол баяғы қағида бойынша гараждан басталған. Алғашында Безос жаңа компаниясын Cadabra деп атады, бірақ кейінірек Оңтүстік Американың Амазон өзеніне арнап, Amazon атауына өзгертеді. Себебі оның аты әліпбидің басында тұрған А әрпінен басталады. Ол ата-анасынан шамамен 300 000 АҚШ доллар алып, Amazon-ға инвестиция салады. Амазон бастапқыда онлайн-кітап дүкені болғанымен, Безос әрқашан басқа өнімдерді де қосып, дүкенін кеңейтуді жоспарлаған. Безос Amazon негізін қалағаннан үш жыл өткен соң, компанияның акцияларын IPO-ға шығарды. * * * Кәсіп бастаймын деген жандар шағын несие жайлы нені білуі керек? Соңғы уақытта кәсіп ашып, қаржылай еркіндікке қол жеткізгісі келетін жандарға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Соның бірі - шағын несие. Мәселен, 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 2023 жылы бөлінген қаражат есебінен жастарға кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін 5 658 микрокредит берілген. Ендеше несиенің шартымен танысып өтіңіз. Кредитті қандай мақсатта алуға болады? 2,5%-дық микрокредит жастардың кәсіпкерлік бастамаларына жәрдемдесу мақсатында беріледі. Конкурстық комиссияның шешімімен үздік деп танылған жас кәсіпкерлердің бизнес-жобалары микрокредит ала алады. ◼️ Микрокредит шарты қандай? * Несие бағдарламасына тіркелгеніне әлі 5 жыл толмаған жеке кәсібі бар, 35 жасқа толмаған жастар қатыса алады. Үміткердің жасы құжат тапсыру сәтінде ескеріледі. * Несиенің ең жоғары сомасы – 5 млн теңге (кепіл қою міндетті). * Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды. * Кредиттеу мерзімі мал шаруашылығына – 7 жыл, өзге кез-келген мақсат үшін – 5 жыл. Кұжаттарды қайда өткізеді? * Микрокредит алуға ниетті адам құжат қабылдау науқаны басталған соң "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ның жергілікті филиалдарының біріне жүгінуі керек. Үміткер оған қажет құжаттарды (құжаттар тізімі – келесі бөлімде) ұсынады. * Аграрлық несие корпорациясы құжаттарды өтініш тіркелген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде тексереді. Құжаттар мен ондағы мәліметтер микрокредиттеу шарттарына сай келмесе, себебін көрсете отырып құжаттарды иесіне қайтарады. * Өтініш тіркелген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде құжаттар мен бизнес жобаға бағалау жүргізіледі. * Бизнес жобаны бағалаудан кейін 3 жұмыс күні ішінде нәтижесін конкурс комиссиясына ұсыну үшін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға жібереді. * Бизнес жобаларды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияның отырысы айына ең кемі бір рет өткізіледі. * Үздік бизнес жоба иелері халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органмен және Аграрлық несие корпорациясымен микрокредит беру туралы шартқа және кепіл шартына қол қояды. * Кепіл шартын уәкілетті орган тіркегеннен кейін Аграрлық несие корпорациясы 5 жұмыс күні ішінде үміткердің шотына микрокредит сомасын аударады. Қандай құжаттар талап етіледі? Микрокредит алуға үміткер келесі құжаттарды Аграрлық несие корпорациясына ұсынады: 1. Микрокредит алуға сауалнама-өтініш; 2. Жеке басты куәландыратын құжат; 3. Кредиттік тарих субъектісінің ол туралы ақпаратты кредиттік бюроға беруге, сондай-ақ кредиттік есепті алушыға кредиттік есепті беруге келісімі; 4. Субъектінің мемлекеттік (оның ішінде құқық қорғау)/мемлекеттік емес органдарға, БАҚ-қа берілген микрокредит туралы ақпаратты, мәліметтерді және кредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелердің орындалу-орындалмауы туралы барлық мәліметті беруге және алуға келісімі; 5. Бизнес-жоспар; 6. Қарыз алушының микрокредит алу, мүлікті кепілге беру жөніндегі мәмілені мақұлдау туралы шешімі; 7. Агенттің ішкі құжаттарына сәйкес ресімделген мүлікті кепілге беру жөніндегі кепіл берушілердің келісімі; 8. Қызмет көрсететін банктен шоттың бар екені туралы анықтама; 9. Несиелік берешектің, оның ішінде қаржы ұйымдарынан мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтама (кредиттер болса); 10. Қарыз алушының жалақысын, өзге де кірістерін растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорының үзінді көшірмесі); 11. Бағалау туралы есеп; 12. Кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар. 1, 3 және 4-нөмірдегі құжаттар кредитордың қатысуымен толтырылады. Бюджеттен қанша қаржы бөлінген? 2023-2025 жылдары 90,5 млрд теңге сомасына 18,2 мың микрокредит беру жоспарланған. Оның ішінде: * 2023 жылы – 28,9 млрд теңге сомасына 5,8 мың микрокредит; * 2024 жылы – 30,3 млрд теңге сомасына 6,1 мың микрокредит; * 2025 жылы – 31,3 млрд теңге сомасына 6,3 мың микрокредит.
|
|
Всего комментариев: 0 | |