14:05 Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз... |
* * * Дінмұхаммед Қонаевтың қазақ жерін өркендету жолы қалай қалыптасты? Ұлы тұлғаның ұлы жолының қалыптасуы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда Верныйда мемлекеттік қызметкердің отбасында дүниеге келген. Әкесі Меңліахмет Жұмабайұлы Алматы облысында ауылшаруашылық, сауда мекемелерінде жұмыскер болып істеген. Қазақ, орыс тілдерінде жаза, оқи білетін сауатты болған. Анасы Зәуре Баирқызы Чилик ауданында үй шаруасында бала тәрбиесімен айналысқан. Қонаев кеңестік мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы болды. Сонымен қатар Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы (1960–1962 және 1964–1986) және КОКП ОК саяси бюросының мүшесі (1971–1987) лауазымдарының ие. 1930 жылы – Алматыдағы №14 орта мектепті бітіргеннен кейін, 1931-1936 жылдары – Қазақстан Өлкелік комсомол комитеті Дінмұхамед Қонаевты Мәскеудің Түсті металл институтына оқуға жібереді. Бірнеше мәрте КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. КОКП-ның XIX-съезінен бастап, кейінгі съездерінің бәріне делегат болды. Парламент және партия делегациясын басқарып, әлденеше рет шетелдерде болып қайтты. 1956 жылдан бастап СОКП-ның Орталық Комитетінің мүшесі. Партияның XXIII-съезінде ол КОКП-ның Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшелігіне кандидат, ал XXIV-съезде мүше болып сайланды. Д. Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ол билік басында болған уақыт қайшылықты күрделі, қарама-қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Дінмұхамед Ахметұлы ел басқарған жылдары кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кентімен 43 қала пайда болды. Оның ішінде, өнеркәсіп орталығы болып саналған Рудный, Екібастұз, Шевченко (қазіргі Ақтау), Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық қалалары салынды. Ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, тың және тыңайған жерлер игерілді. Кеңшарлар мен ұжымшарлар салынды. Мал саны көбейіп, ауыл шаруашылығының өнімдері жыл сайын артып отырды. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ғылым саласында орасан зор қызмет етті. 100-ден аса ғылыми еңбектермен зерттеулер жазды. Қазақ өнерін жоғары бағалаған Дінмұхамед Ахметұлы өнерде жүрген жандарды жан-жақты қолдап, қазақ мәдениетінің дамуына ықпал етті. ️Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың бастамасы бойынша қазақ жерінің сол кездегі астанасы Алматы қаласында Үкімет үйі, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің ғимараты, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының ғимараты тұрғызылды. Қала көшелерінің саны артып, жаңа тұрғын үйлер салынып, 12 ықшам аудан ашылды. * * * Артық ойдан арылуға көмектесетін ең тиімді әдіс. Бүгінде адамдар түрлі ақпарат ағынымен бетпе-бет келуде. Бұл сәйкесінше адамды уайымға салып, түрлі сұрақтың туындуына алып келеді. Осы тұста фрирайтинг әдісі мидағы ақпаратты ретке келтіріп, кез келеген мәселенің шешімін табуға көмектеседі. Фрирайтинг қазақ тіліне аударғанда “еркін хат жазу” деген мағынаны білдіреді. Яғни, бұл әдісті орындайтын кезде қағаз-қаламмен дос боласыз. Ең алдымен бұл әдіс кімдерге қажет деген сұрақққа тоқталып өтейік.
▪️Бір іске кірісуге батылы жетпей жүргендерге; ▪️Мәселенің шешімін таба алмай жүргендерге; ▪️Жаңа идея іздегендерге; ▪️Іштей өзін бұғып, ойын сыртқа шығара алмай жүргендерге; ▪️Шығармашылық еркіндікке қол жеткізгісі келетіндерге; ▪️Мидағы ауыр ойдан арылғысы келгендерге арналады. ✍ Фрирайтинг әдісін қалай жазамыз? Таза парақ пен қалам алып, оятқыш таймерін 20-30 минутқа қойыңыз. Осылайша сұрағыңызды анықтап алыңыз. Мәселен, “Мен қай бағытқа бет бұрғым келеді?” немесе “Менің миссиям қандай?” деген сұраққа байланысты басыңызға келген барлық ойды қағазға түсіріңіз. Оятар шырылдағанша жазуды тоқтатпайсыз. Жұмысты аяқтаған соң асықпай қағазды қайта қолға алып, дауыстап оқып шығыңыз. Ішінен маңызды ой тапсаңыз, астын сызып, түртіп қойыңыз. Бұл сізді мазалап жүрген ойдың жауабы болуы мүмкін. Фрирайтинг ережесі ▪️Жазғаныңызды оқымайсыз. Тоқтаусыз жаза бересіз. Ойлануға болмайды. Оятар шырылдағанда ғана тәмамдайсыз. Ойыңызға ештеңе келмей жатса ойыма ештеңе келмей жатыр деп жазыңыз. ▪️Жазу барысында біреудің пікіріне тәуелді болмаңыз. Өзіңізбен шынайы әрі еркін болыңыз. Ойыңыз басқа жаққа ауып бара жатса, тоқтап қалуға тырыспаңыз. Өзіңізге ұнамайтын ойларды толықтай шығарып тастауға тырысыңыз. ▪️Қатеге мән бермеңіз. Ойыңыз тек жазуда болсын. Стиль мен логикаға да мән бермеңіз ▪️Сөз ретінде емес сөйлем түрінде жазыңыз. * * * Ежелгі Қазақстанның миллионер қалалары Қазақстанда ежелгі қалалардың мәдениеті VІ – ІХ ғасырда Оңтүстік Қазақстан мен Оңтүстік-Батыс Жетісуда жақсы дамыды. Саяси жағынан бұл аймақтар түрік әулеттеріне бағынышты болды. Нақтырақ айтсақ, реті бойынша Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ қағандықтарының құрамына енді. Бұл кезеңде көшіп жүретін жер аумағы шектеліп, көш жолдары қалыптасты. Тұрақты қыстаулар мен жайлаулар орнығып, егіншілік пайда болды, отырықшы кедейлер тобы бөлініп, жекелеген рулық топтар отырықшылыққа көшті. Мемлекеттік төрешілік орын құрылып, ортақ тіл мен жазу қалыптасты, сауда және дипломаттық байланыстар дамыды. Осы кезеңде әкімшілік және қолөнер, сауда, мәдениет орталығы ретінде қалалар салына бастады. Оңтүстік Қазақстанда ең ірі қала Испиджаб екені бәрімізге мәлім. Аталмыш қала 629 ж. Сюань-Цзянның жылнамасында алғаш рет “Ақ өзендегі қала” деп аталады. Кейін Махмұт Қашқари Сайрам – ақ қаланың аты (әл-Мединат әл-Байда), ол Испиджаб, ал кейде Сайрам деп те аталғанын жазады. Сайрамнан Шашқа баратын жол бойында 8 – 10 ғасырларда Газгирд (Қазығұрт) болған. Исфиджабтың шығыс жағында Шарап, Будухкет, Тамтаж, Абараж, Жувикат қалалары мен елді мекендері орналасқан. Шарапқа – Төрткөл Балықшы, Будухкетке Қазатлық қалаларының жұрты сай келеді. Тамтаж, Абараж – керуен сарайлары іспетті. Арыстың төменгі ағысында орталығы Отырар қаласы болған Фараб (Отырар) өңірі жатты. Отырар аты (Отырарбенд) 8 – 9 ғасырларда жазба деректерде аталады. Оның Фараб, Тарбанд секілді атаулары да бар. Отырардан төменірек Сырдария бойындағы Шауғар өңірінде сол аттас орталығы болған. Шауғар қаласы(соғды тілінен аударғанда “Қара тау”) Түркістанның оңтүстік-шығысында 8 км жерде орналасқан Шойтөбе қаласының орнында болған. ☝Оңтүстік-Батыс Жетісуда қалалардың өркендеуіне, қолөнері мен егіншіліктің және құрылыс техникасының дамуына Соғды ұрпақтарының елеулі әсері болды. VІІІ ғасырдың екінші жартысында олар Шу, Талас жазықтарына көптеп қоныстана бастады. Соғдылық саудагерлер Иран мен Византияны Шығыс Түркістанмен жалғастыратын Ұлы Жібек жолы бойына сауда қоныстарын салды. Осындағы Тараз және Суяб қалалары Қазақстаннан тыс жерлерге де мәлім болды. Жазба деректерге қарағанда 7 – 13 ғасырда осы жол бойындағы Аспара, Шігілбалық, Атын, Семекина, Талхиз, Мерке, Құлан, Испиджаб, Усбаникет және басқа қалалар да маңызды рөл атқарды. Бұл қалаларда ұсталық, зергерлік, былғары өңдеу, қыштан ыдыс жасау кәсібі өркендеді. Тұрғындары егін шаруашылығымен айналысып, бидай, тары егіп, бақ, жүзім өсірген. 9 – 10 ғасырларда солтүстік-шығыс Жетісуда да қалалар салына бастаған. Іле өз. бойындағы көшпелілер қоныстарының орнына пайда болған бұл қалалар тез арада-ақ қолөнері мен сауда орталығына айналды. 9-ғасырларда және 10-ғасырдың бірінші жартысында Жетісуда билік қарлұқтар қолына өтуіне байланысты көшпелі халықтар отырықшылыққа жедел көше бастады. Көшпелі тайпалардың ақсүйектері құнарлы жайылымдарды басып алу, соғыс жорықтары және сауда арқылы байыды. Қоғамның қарапайым мүшелері топ-тобымен отырықшылыққа көшіп, егіншілердің, қолөнершілердің қатарын толықтырды. Осыдан барып үлкенді-кішілі елді мекендер мен қалалар көбейе бастады. 9 – 12 ғасырларда қоғамның өндіргіш күштері үлкен қарқынмен өсті. Орта Азия мен Қазақстандағы саяси билікті басып алған Қарахан әулеті феод. қатынастардың қалыптасуына ықпал жасады. Осы кезде қалаларда діни орындарға арналған құрылыстар, ақсүйектердің сарайлары, су құбырлары, тазалық жүйелері салынды. Жаңа қалалар пайда болды. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстанда қалалар көркейе түсті. Бұрын 5 – 7 га-дан аспаған Отырар рабадының аумағы 170 га-ға дейін жетті. Кең көлемдегі қазба жұмыстары Оңтүстік Қазақстандағы қала мәдениеті ескерткіштерінің типологиясын жасауға мүмкіндік береді. Аумағы 30 га-дан асатын қала жұрттарына Сайрам (Исфиджаб), Шортөбе немесе Қараспан-1 (Осбаникет), Отырартөбе (Отырар), Құйрықтөбе (Кедер), Шойтөбе (Шауғар), Жанқала (Жанкент, Янгикент), Сунақ-Ата (Сығанақ), Құмкент жатады. Аумағы 15 га-дан 30 га-ға дейін жететін қалалар – Бурух, Хурлуг, Жумишлағу, т.б. * * * Ақша жинауға көмектесетін ТОП-3 телефон қосымшасы Қазіргі таңда көпшілігімізге ақшаны сақтау мен оны есептеудің бірнеше жолы белгілі. Алайда ақпарат ағынының көп болуына байланысты оқырмандардың басым көпшілігі ненің тиімді екенінен бейхабар болып жатады. Ендеше бүгін ақша жинауға жол ашатын үш қосымшаны назарларыңызға ұсынамыз. 1️⃣ Monefy Қаржыны есептеуге арналған қосымшалардың ішінде ең ыңғайлысы әрі танымалы - Monefy. Мұнда шығындарыңыз бен кірістеріңізді бақылауға мүмкіндік бар. Қала берді бюджет құруға, несие картасы мен шот бойынша берешек туралы хабарландырулар алуға болады. Сонымен қатар қаржылық әдеттеріңізді талдауға да жағдай жасалған. Қосымшада қаржылық мақсатыңызға жетуге көмектесетін түрлі ұсыныстар да айтылады. Monefy қолданбасының интерфейсі өте ыңғайлы. Шығындарды санат немесе уақыт кезеңі бойынша бөлуге болады. Кірістірілген калькулятордың көмегімен статистиканы талдап, бюджетті есептеу ге тиімді. 2️⃣ CoinKeeper Талмыш қосымшада кірістер мен шығыстарды бақылап отыра аласыз. Бір ерекшелігі көп функционалды болып келеді. Тегін нұсқасында шығыстар мен кірістерді қолмен енгізесіз. Ал ақылы нұсқасында уақыт үнемдеуге болады. Сонымен қатар шығындардың белгілі бір санаттарына шектеулер қоюға, әртүрлі валюталарды есепке алуға, төлемдерді жоспарлауға және қолданбаны басқа телефондармен, планшеттермен және компьютерлермен синхрондауға болады. 3️⃣ Wallet Wallet – ақша, бюджет, қаржы және шығыс есебі ұзақ мерзімді жоспарлау мүмкіндігі бар қаржылық есеп бағдарламасы. Бұл - халықаралық бағдарлама. Себебі әлем бойынша 4000 банкпен синхрондалады. Ең үлкен артықшылығы банктерден ақпаратты импорттайды. Мәліметтерді кестелерге экспорттайды. Бағдарлама қаржыны дәл бақылауға мүмкіндік беретін толық есеп береді. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |