20:25
Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз...

* * *

Мұхтар Әуезов: Кімде-кім қазіргі уақытта ана тілін, өзінің әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды.

Мұхтар Әуезов — қазақ кеңес жазушысы, қоғам қайраткері, әдебиет және филологиясы саласындағы ғалым, Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш академигі, филология ғылымдарының докторы мен  профессоры.

Мұхтардың атасы Әуез ескіше сауаты бар, араб, парсы, ортазиялық түркі әдебиетімен таныс болған. Мұхтар бала кезінде атасының үйретуімен арабша хат таныды.

Әуезов 20жылдардың өзінде проза мен драматургияда келелі туындылар беріп, қазақ әдебиетінің классигіне айналды. Отызыншы жылдары бір топ әңгіме («Қасеннің құбылыстары», «Іздер», «Шатқалаң», «Құм мен Асқар», «Бүркітші»), пьесалар («Айман–Шолпан», «Тас түлек», «Шекарада», «Түнгі сарын») жазады.

Ендеше, Мұхтар Әуезовтің ең танымал нақыл сөздерін назарларыңызға ұсынамыз.

 

Өз топшылауым бойынша, адамның қай мінезі қасиетті болса, сол мінезі міні де болады.

 

Төзім тамаша сипат. Бірақ шексіз ұзақ төзуге өмір тым қысқа ғой.

 

Халық деген бейшара ғой, сойыл соғысқанда бiрге соғысады, үлеске келгенде құм асайды.

 

Кімде-кім қазіргі уақытта ана тілін, өзінің әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды.

 

Жаза баспас қадам жоқ, жаңылмайтын адам жоқ.

 

Еккенің тікен болса, орғаның балауса болмас.

 

Не аңсағанда аларсың, не қақсағанда аларсың.

 

Тумай жатып толдым деме, толмай жатып болдым деме.

 

Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаның қайсы?!

 

Әзілде кек, өсекте шек жоқ.

 

Қызғаныш — құрт ауру. Ол мыс қазандай қайнайтын азап оты.

 

Осы күнгі біздің көп мақтанышымыздың ең ірісі — ғылым.

 

Жігітті жылы сөз ширатпайды, қатты сын ширатады.

* * *

Әр дәуірде көшпелі мал шаруашылығы қалай дамыды?

Қола дәуірінің ортаңғы, соңғы кездерінде Қазақстан жерін мекендеген тайпалар шаруашылығында қой түлігі сан жағынан басым болды. Сақ дәуірінде жерімізде осы күнгі құйрықты қазақы қой сияқты қой тұқымы тараған.

Ерте темір дәуірі заманында кәдімгі қойлармен қатар биязы жүнді қой, ешкі де өсірілген екен. Алтайдан, Жетісудан табылған ерте темір дәуіріне жататын киіздер осындай биязы жүннен басылған.

Ерте заманнан-ақ көшпелілерде қойдан кейінгі саны жағынан екінші түлік — жылқы. Жылқы мөлшермен б. з. д. 2-мыңжылдықтан бастап мінуге, жүк артуға, жегуге үйретілген. Арпаөзен, Қойбағар, Берікбай, Хантаудағы тасқа салынған суреттерде жеңіл күймелерге, ауыр арбаларға жегілген аттар бейнеленген.

Сақ дәуірінде Қазақстан жерінде басы үлкен, аяғы қысқалау, тұрқы ұзын, түгі қалың жылқы тұқымы кең таралған. Бұл жылқылар тебіндеп жайылуға үйренген қазақтың қазіргі жабы жылқысы тұқымына жақын. Сонымен қатар сол заманның ақсүйектері, қолбасшы батырлары жерленген үлкен қорымдардан (Пазырық, Берел) тұрқы биік аттардың да сүйегі табылған. Сақ дәуірінде жабы сияқты төзімді, жекпе-жекке, үлкен ұрыстарға мінетін қазанаттармен қатар осы екі тұқымның араласуынан шыққан тұрқы орташа жылқы тұқымдары да болған.

Олардың сүйектері Шығыс Қазақстан жеріндегі Кіші Красноярка қонысынан, Орталық Қазақстандағы Тасмола зиратынан табылған. Бұл деректер сақтардың жылқының әр түрлі тұқымдарын өздері сұрыптап шығара алғандығының белгісі.

Сақ дәуірінде қалыптаса бастаған осы жылқылардың тұқымы ғұн, сармат, үйсін дәуірінде, одан соң көне түркілер заманында кең таралып, өз жалғасын тапты.

Ұзақ жорықтарға төзімді, аса күй талғамайтын осындай жылқыларды қыпшақтар да өсірген. Қыпшақ жерін аралаған ибн Баттута деген араб саяхатшысының пікірінше, Үнді жерінде жорыққа мінуге арналған қыпшақ жылқыларына сұраныс өте күшті болған.

Қазақстан жерінде қола дәуірінен бері ірі қара мал өсірілген. Қола, ерте темір дәуірі ескерткіштерінен табылған сиыр сүйектері де ірі, орташа, ұсақ сиыр тұқымдарының болғандығын көрсетеді.

Көшпелілер малының құрамында ірі қара аз болды. Қола дәуіріне қарағанда көшпелілік пайда болған ерте темір дәуірінде сиыр малы азайды. Тек қана үлкен өзен-көлдердің (Сыр, Ертіс, Жетісу аймақтары) маңын мекендеген жартылай көшпелі тайпалар сиыр өсірген.

Ортағасырлық монғол көшпелілерінде қысы-жазы өз аяғымен жайылуға бейімделген, жүні қалыңдау сиыр тұқымы өсірілген. Далалы, шөлейтті аймақтарды мекендеген көшпелілерде сиырдың осындай тұқымы кеңірек таралған болуы керек.

Қазақтың ежелден қолға үйреткен төрт түлігінің бірі — түйе. Қазақстан, Орталық Азия жері қосөркешті түйенің қолға үйретілген аймағы болып есептеледі. Түйені қолға үйрету Арал, Маңғыстау өңірінде мөлшермен бұдан үш жарым мың жыл бұрын, яғни б.з.д. 2-мыңжылдықтың ортасында іске асқан. Үй түйесі Қазақстанның көптеген аймақтарында жабайы түйе — қаптағайды қолға үйретуден пайда болған.

* * *

Парето ережесі: 20/80 қағидасын өмірде қалай қолдану керек?

Парето заңы бойынша “20% әрекет 80% нәтижеге алып келеді, ал 80% күш тек 20 % нәтиже береді” деп тұжырымдалады. Бұл экономист әрі әлеуметтанушы Вилфредо Паретоның тайм-менеджментке байланысты құраған ережесі.

Кез келген жан аталған заңды егжей-тегжейлі меңгеріп, назарын маңызды жұмысқа қойып үйренсе, айтарлықтай жетістікке жете алады. Себебі әрекеттің 20%-ын анықтап алмасаң, уақытыңның 80%-ы бос өтіп кететінін түсінуің керек. Сондықтан қазірден бастап әрекеттің 20%-ын қандай іске арнайтыныңды нақтылап ал.

Бұл заңдылықтың мақсаты барлық күшті жұмысқа салу емес, оны қажетті бағытта жұмсау.

 

Парето принципін күнделікті өмірде қалай қолданамыз?

80/20 ережесі бойынша тиімділікті арттыру үшін саған күш, тәртіп және мотивация қажет.

 

Парето заңын қолданудың қарапайым алгоритмі бар:

Мақсат қой және оған жетудің соңғы мерзімін анықта.

 

Өзге адамдар мен өз тәжірибеңе сүйене отырып, мақсатқа жету жолын тексеріп ал.

 

Тақырып бойынша барлық ақпаратты жинақта.

 

Ақпаратты оқып, жүйелегенен кейін артық деректерден бас тарт.

 

Қажет емес ақпаратты алып тастағаннан кейін, нақты әрекеттер тізімін жаса.

 

Құрастырылған тізімді тағы бір рет оқып шық. Оның ішінен басты нәтижеге әсер етпейтін, алайда көп уақыт пен күш жұмсалатын әрекеттерді алып таста.

 

Содан соң нәтижеге алып келетін әрекеттерге сүйене отырып, мақсатың мен оның нақты мерзімін анықта.

 

Жоспарларыңды іске асыруды жалғастыра бер. Жеткен нәтижені өз уақытымен талдап отыр. Қажет болған жағдайда мақсаттарыңа өзгеріс енгізуіңе болады.

 

Енді мына сұрақтарға жауап бер.

1. Уақытыңның 80%-ын қайда жұмсайсың? Кітап оқуға немесе әлеуметтік желіге ме? Есіңде болсын, олар сағае пайданың 20%-ын ғана алып келеді.

 

2. Уақытыңның 20%-ын ғана жұмсап, 80% рахатты неден аласың?

 

3. Қоршаған ортаңдағы қай адамдар сені бақытты етеді?

 

4. Қандай 20% киімдерді аптаның 80%-да киесің?

 

5. Тамақтану режиміңде 80% құрайтын азық-түліктің 20%-ы қандай?

 

Сұрақтарға жауап берген соң, талдау жүргіз. Мәселен, егер уақытыңның 80%-ын сені тек 20% бақытты ететін жандарға арнасаң, ортаңды өзгерткенің дұрыс.

* * *

Ақша үнемдеудің 5 жолы

Қаржылық сауаттылық бойынша кіріс пен шығысты есептеп отырудың маңызы жоғары.

1. Атап айтатын болсақ, біріншіден - қаржылық сауаттылықты тұрақты түрде бақылауға аласың.

2. Екіншіден - қажетсіз шығындарды азайтасың.

3. Үшіншіден - діттеген мақсаттарыңа тез жете аласың. Мәселен, саяхаттауға көңіл бөліп, ойыңда жүрген бағалы затты алуға мүмкіндік туады.

Ақшаны басқару әрі оны дұрыс бағытта жұмсау - қиын емес. Мұны кез келген жастағы адам меңгере алады. Тек қарапайым әдісін үйреніп, нақты әрекетке көшсең жеткілікті. Ал нәтижесін бір айдан кейін байқайсың.

Сонымен табыстар мен шығыстардың есебін күнделікті жүргізіп отыру үшін арнайы дәптер баста. Егер дәптер ыңғайсыз болса, электронды түрде жүргізуіңе де болады. Мысалы, IOS AppStore және Android PlayMarket платформаларында кіріс пен шығысты есепке алу бойынша көптеген қосымша бар.

Ақшаны дұрыс басқару үшін табыс көзі мен шығыстарды дұрыс бөлуіміз керек.

Кіріс

Тұрақты түрде түсіп отыратын – жалақы, зейнетақы, шәкіртақы;

Күтпеген жерден түсетін – сыйақы, бір рет берілетін табыстар;

 

 Шығын

Тұрақты шығын - яғни, азық-түлік, шаруашылық тауарларын сатып алу, коммуналдық қызметтерді, жолақы, оқу ақысын төлеу;

Жеке кәсіпке немесе білімге арналған инвестиция. Мәселен, курсқа қатысу, тауарларды сатып алу, орынды жалға алу;

Жоспарланған шығын немесе күтпеген жерден орын алған оқиғалар. Мысалы, көңіл көтеретін іс-шара шығындары немесе киімге кететін шығын;

Ай сайын төленетін несие.

 

Кесте дайын болғаннан кейін айлық табысыңның шығындарға жетіп-жетпейтіндігін байқай аласың. Егер кіріс шығындарды жабуға жетпей жатса, қажеттіліктерімізді маңыздылығы мен жеделдігіне қарай ретпен тізіп жазамыз. Содан соң тізім бойынша ақшаны жұмсаймыз.

Сонымен қатар, күтпеген жағдайлар үшін ақша бөліп қойғанымыз жөн. Бұл қор күтпеген қиындықтар туындаған жағдайда үлкен көмегін тигізеді.

Егер шығынға бөлінген қаражат артылып жатса, оны келесі айға қосуға, басқа маңызды бір қажеттілікті жабуға немесе арнайы қорға қосып қоюға болады.

Ал қандай да бір бағалы зат немесе ақылы білім алғың келсе, сол мақсаттарыңа жету мерзімін белгіле. Содан соң әрбір мақсатыңа жету үшін айына қанша ақша жинай алатыныңды бағала. Бұл жалпы табыстан барлық шығысты алғаннан кейін қалатын сома болуы тиіс.

Мақсаттарыңа жету үшін жеткілікті соманы қандай мерзімде жинай алатыныңды есепте.

1. Қанша сома қажет екенін анықтау;

2. Мақсатқа жету мерзімін білу;

3. Белгілі бір соманы ай сайын жинау.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 69 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: