19:19 Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз... |
* * * Несие тарихы: Оны жақсартуға бола ма? Әрбір қазақстандыққа несие тарихы жақсы таныс. Елімізде 3,5 миллионнан астам азаматтың несие тарихы бүлінгенін ескерсек, бәріміздің несие тарихын түзеу жөнінде арагідік ойланатынымыз рас. Ендеше көптің сұрауы бойынша бүгін осы тақырыпты талқылаймыз. Несие тарихы дегеніміз не және оны қалай түзеуге болады?
Түзелмейді, тек жақсартуға болады Мамандардың айтуынша, несие тарихын түзеу мүмкін емес. Егер сіз кезінде несиені уақытылы төлемеген болсаңыз, ол ақпараттың барлығы сіздің несие тарихыңызда жазылып тұрады. Оны сіз өшіре алмайсыз. Бірақ несие тарихын жақсартуға болады. Әр адамның кредиттік рейтингі бар. Бұл несиені уақытылы жауып отыруыңызға байланысты қойылады. Сондықтан, егер тарихыңыз бүлініп қалса, бірнеше шағын несиелер алып, оны уақытылы жауып, өз рейтингіңізді көтеріп алсаңыз болады.
Өмірлік мәні Шағын тауар алып, оны төлемей қойып, есесіне өз өмірі үшін маңызды заттардан айрылып жататын азаматтар да бар. Мәселен, ипотека. Сіздің оның алдындағы болмашы несиені қайтармай қоюыңыз, ипотека алуға кедергі болуы мүмкін. Сондықтан қаржы кеңесшілері, банк алдындағы міндеттеріңізге жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Несие тарихын қалай тексереміз? Әрбір азамат несие тарихын тексеріп, бағалай алады. Оның бірнеше жолы бар. Қазір елімізде екі несие бюросы жұмыс істейді, бірі мемлекеттік, екіншісі жекеменшік. Мемлекеттік несие есебін электронды үкімет арқылы үйден шықпай-ақ алуға болады. Ол үшін www.egov.kz порталына кіріп, «Салық пен қаржы» бөліміндегі «Экономика мен қаржы» парақшасына өту керек. Онда «Жеке кредиттік есеп алу» батырмасын басып, электронды-сандық қолтаңбамен растап, анықтама ала аласыз. Жекеменшік компания – Бірінші кредиттік бюро жылына бір рет тегін несиелік есеп алуға мүмкіндік береді. Ол үшін ұйым сайтына кіріп, ондағы нұсқаулықтарды орындау арқылы есеппен танысуға болады. Оған да электронды-сандық қолтаңба қажет екенін ескертеміз.
Несие тарихы жоқ болса ше? Өмірінде ешқашан несие алмаған адамға банк қомақты несие бермей қоюы әбден мүмкін. Өйткені банк үшін оның қандай адам екені белгісіз. Себебі азаматтың несие тарихы жоқ. Сондықтан қомақты несие (ипотека, автонесие) алатын ойыңыз болса, алдын ала несие тарихын құру бойынша қамданғаныңыз жөн. Ол үшін бірнеше шағын несие алып, уақытылы жауып тастасаңыз болады. Ең бастысы, банк сіздің адал және жауапты клиент екеніңізге көз жеткізуі керек. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |