21:56 Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз... |
* * * Қаржылық сауаттылық: Ақша үнемдеудің 5 жолы Қаржылық сауаттылық бойынша кіріс пен шығысты есептеп отырудың маңызы жоғары. Атап айтатын болсақ, біріншіден - қаржылық сауаттылықты тұрақты түрде бақылауға аласың. Екіншіден - қажетсіз шығындарды азайтасың. Үшіншіден - діттеген мақсаттарыңа тез жете аласың. Мәселен, саяхаттауға көңіл бөліп, ойыңда жүрген бағалы затты алуға мүмкіндік туады. Ақшаны басқару әрі оны дұрыс бағытта жұмсау - қиын емес. Мұны кез келген жастағы адам меңгере алады. Тек қарапайым әдісін үйреніп, нақты әрекетке көшсең жеткілікті. Ал нәтижесін бір айдан кейін байқайсың. Сонымен табыстар мен шығыстардың есебін күнделікті жүргізіп отыру үшін арнайы дәптер баста. Егер дәптер ыңғайсыз болса, электронды түрде жүргізуіңе де болады. Мысалы, IOS AppStore және Android PlayMarket платформаларында кіріс пен шығысты есепке алу бойынша көптеген қосымша бар. Ақшаны дұрыс басқару үшін табыс көзі мен шығыстарды дұрыс бөлуіміз керек. Кіріс Тұрақты түрде түсіп отыратын – жалақы, зейнетақы, шәкіртақы; Күтпеген жерден түсетін – сыйақы, бір рет берілетін табыстар; Шығын Тұрақты шығын - яғни, азық-түлік, шаруашылық тауарларын сатып алу, коммуналдық қызметтерді, жолақы, оқу ақысын төлеу; Жеке кәсіпке немесе білімге арналған инвестиция. Мәселен, курсқа қатысу, тауарларды сатып алу, орынды жалға алу; Жоспарланған шығын немесе күтпеген жерден орын алған оқиғалар. Мысалы, көңіл көтеретін іс-шара шығындары немесе киімге кететін шығын; Ай сайын төленетін несие. Кесте дайын болғаннан кейін айлық табысыңның шығындарға жетіп-жетпейтіндігін байқай аласың. Егер кіріс шығындарды жабуға жетпей жатса, қажеттіліктерімізді маңыздылығы мен жеделдігіне қарай ретпен тізіп жазамыз. Содан соң тізім бойынша ақшаны жұмсаймыз. Сонымен қатар, күтпеген жағдайлар үшін ақша бөліп қойғанымыз жөн. Бұл қор күтпеген қиындықтар туындаған жағдайда үлкен көмегін тигізеді. Егер шығынға бөлінген қаражат артылып жатса, оны келесі айға қосуға, басқа маңызды бір қажеттілікті жабуға немесе арнайы қорға қосып қоюға болады. Ал қандай да бір бағалы зат немесе ақылы білім алғың келсе, сол мақсаттарыңа жету мерзімін белгіле. Содан соң әрбір мақсатыңа жету үшін айына қанша ақша жинай алатыныңды бағала. Бұл жалпы табыстан барлық шығысты алғаннан кейін қалатын сома болуы тиіс. Мақсаттарыңа жету үшін жеткілікті соманы қандай мерзімде жинай алатыныңды есепте. 1. Қанша сома қажет екенін анықтау; 2. Мақсатқа жету мерзімін білу; 3. Белгілі бір соманы ай сайын жинау. * * * Көшпелі шаруашылықтың ел экономикасына әсері Археологиялық және этнографиялық материалдар Қазақстан жерінде ежелден бастап XX ғасырдың басына дейін мал шаруашылығының үш түрі қалыптасқанын көрсетеді.
Көшпелі мал шаруашылығы Маңғыстау, Батыс, Орталық Қазақстан аймағында басым болған. Бұл аймақтарда қыстаусыз көшпелілермен қатар қыстауы бар көшпелілер де болған. XIX ғасыр мен XX ғасырдың басындағы деректерге қарағанда, көшпелілік Маңғыстау, Темір уездеріндегі адайларда, Атбасар уезін жайлаған бағаналыларда, Қазалы, Ырғыз, Торғай, Қапал уездерін мекендеген кейбір руларда жақсы сақталған. Батыс, Орталық Қазақстанның кейбір жерлерінде тастан, балшықтан, ағаштан салынған қыстауы болмаса да, қыста ұзақ уақыт көшпей, бір жерді паналап отыратын көшпеліліктің түрі болған. Орта ғасырларда Ертіс бойы мен Жетісудағы отырықшы қоныстарда, кішігірім қалаларда суармалы егіншілік болған. Жартылай көшпелілерде егіншілік, отырықшылықтың белгілі бір нышаны болғанымен, негізгі шаруашылығы — мал бағу, ал тұрмысы көшпелілікке бейім болды. Отырықшы мал шаруашылығы Оңтүстік Қазақстандағы, Сыр, Шу, Талас, Арыс өзендері бойында, Қаратаудың оңтүстік беткейінде қалыптасып, таралды. Оларда мал шаруашылығымен қатар суармалы егіс, жауын суымен шығатын егіншілік жақсы дамыды. Соғды мен Ферғананың отырықшы мәдениетіне бұл елдердің көршілес жатуы оларда ертеде-ақ отырықшы мәдениеттің пайда болуына әсерін тигізді. Сақ заманының өзінде Оңтүстікте Шырық-Рабат, Бәбіш-Молда, Баланды сияқты бекіністі қалашықтар қалыптасты. Отырықшы мал шаруашылығының қалыптасуы, әсіресе б.з.д. 1-мыңжылдықтың бас кезіне дәл келеді, осы кезде бұрынғы көшпелі, жартылай көшпелі мал бағушы қауымдастық біртіндеп отырықшылыққа көшуге айналды. Осы кезден бастап, бұдан кейінгі ерте орта ғасырлар дәуірінде бұл аймақтарда үлкен отырықшы қоныстар мен қалалар қалыптаса бастады. Дегенмен осы қоныстар мен қалалардың сыртында, маңайында жартылай көшпелі, отырықшы малшы қауымдар аз болған жоқ. * * * Уақытты тиімді басқаруға арналған ТОП-6 қосымша Уақытты тиімді басқарудың кез келген әдісі маңызды 3 бөлімнен тұрады. Атап айтатын болсақ, бірінші - жұмыстың маңыздысын анықтау, екінші - жоспарлау, үшінші - бақылау. Жұмыстың маңыздысын қалай анықтаймыз? Тапсырманы орындауға кіріспес бұрын оның қаншалықты шұғыл, күрделі және маңызды екенін анықтап алған жөн. Осыдан соң әрекетке көшу жеңіл болады. Жоспарлау. Аталмыш бөлімбе міндеттерді орындауға кірісеміз. Нақтырақ айтсақ, тапсырмалардың уақытын белгілеп, арнайы дедлайнмен жұмыс істейміз. Қадағалау. Бұл жерде тапсырманың орындалу процессі мен нәтижесін бақылаймыз. Осылайша жұмыс өнімділігімізді арттырамыз. Ал енді уақытты басқаруға арналған ТОП-6 қосымшаға тоқталайық. Бұл қосымшалар тапсырмаларды уақытымен орындауға көмектеседі. Focus To-Do Қосымшада Pomodoro таймері мен таск-менеджер бір мезетте жұмыс істейді. Яғни, мұнда уақыт 30 минутқа жоспарланған. Помодоро әдісі бойынша 25 минут тоқтаусыз жұмыс істеп, 5 минут демаласыз. Дәл осылай 4 айналым жасап отырасыз. Trello Бұл жеке қажеттіліктер мен топтық жұмыстарға арналған канбан-тақта. Оның бір бағанына істелу керек тапсырмалар жазылады. Екінші бағанына орындап жатқан тапсырмаларыңызды белгілейсіз. Ал үшінші бағанға аяқтаған жұмыс нәтижесін көрсетесіз. Forest Forest - телефонға арналған таймер. Тапсырманы орындауға кіріспей тұрып, таймерді қосасыз. Белгіленген уақыт аралағында телефонға қол тигізбеуіңіз қажет. Себебі экран бетінде ағаш өседі. Егер сіз оны уақыты аяқталмай жатып құлыптан босатсаңыз, ағаш өледі. Осылайша оны қайта өсіруіңізге тура келеді. Notion Бұл кез келген жаңа ақпаратты сақтауға және оны жүйелеуге арналған мәліметтер базасы. Todoist Жоспарлаудың әртүрлі әдісіне арналған қосымша. SingularityApp Электронды поштадан тапсырмаларды орындауға мүмкіндік беретін таск-менеджері. * * * Кеңес дәуіріндегі қазақтың кино жұлдыз актрисалары кімдер? Қай заманда болмасын актрисалар әсемдіктің нышаны болып, мыңдаған табынушылар арасында мінсіз сұлулық иесі атанды. Меруерт Өтекешева – "Қыз Жібек" фильмінде басты рөлді сомдаған. Меруерт Өтекешева мен Құман Тастанбеков экранға алып шыққан ғашықтық хикаясы көрермендер жүрегінен ерекше орын алды. Торғын Тасыбекова - Кеңес дәуіріндегі ең танымал актрисалардың бірі. Сонымен қатар Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі. Ол "Ән қанаты" фильмінде сомдаған Сәбираның рөлімен көпшілікке танымал болды. Ал бұл Қазақстан киносының алтын қорына енген айшықты образдардың бірі. Баян Әділова – "Алдар көсе" картинасындағы рөлімен есте қалды. Кино режиссері – Шәкен Айманов. Шолпан Алтайбаева - Қазақ кинематографының жұлдызы. Ол бірнеше рөлді сомдау арқылы танымал болды. Осылайша сұлулықтың символына айналды. Ең танымал фильмдері: "Ата-бабалар жері", "Ән қанаты", "Тақиялы періште". Гүлфайруз Ысмайылова – танымал суретші. Алайда ол бірнеше фильмге түсіп, отандық кинематографқа үлкен үлес қосып, тарихта есімі қалды. Абдола Қарсақбаевтың "Даладағы қуғын" (1979 жыл) фильмінде Айгерім есімді жас қыздың рөлі Гүлнара Досматованың актрисалық мансабындағы алғашқы баспалдақ болды. "Тоғысқан тағдырлар" және "Қара шегіртке" телехикаяларындағы бейнесін көрермен жылы қабылдады. Раиса Мұхамедиярова - "Менің атым Қожа" фильміндегі сүйкімді мұғалима болып көптің есінде қалды. Театр және кино актрисасы сұлулығының арқасында халықтың қошеметіне бөленді. Данагүл Темірсұлтанова "Асу" фильмінен соң танымал жұлдызға айналды. Дарынды актриса Мұхтар Әуезов атындағы театр сахнасында алуан туралы әйел бейнесін сомдады. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |