ӨЛІККЕ ҚАТЫСТЫ ТЫЙЫМДАР МЕН ЫРЫМДАР
Тыйымдар
- Әл үстіндегі адам о дүниеге аттанар алдында қатты қиналып жатса, дауыс көтеріп жылауға болмайды. Ол тірілерді қия алмай қиналады.
- Мәйіттің кебінін жиі тікпейді, үйден өлік шығуы жиілеп кетеді.
- Баласы қайтыс болған әйелдің көп жыламағаны жөн. Ол о дүниеге әке-шешесін күтіп алуға кетеді. Ал әке-шешесі көп жылай берсе, көз жасынан пайда болған көлге батып кетіп, әке-шешесін күтіп ала алмайды.
- Өлік жатқан жерді қырық күнге дейін басуға болмайды. Бұл күндері өлік жатқан жерде қайтқан адамның иесі жүреді.
- Өлік шығарылып әкетілісімен үй жинаса, аруағы риза болмайды.
- Адам өлімі туралы хабарлап (естірітп емес) жүрген хабаршы табалдырықтан айтып қана кетеді, үйге кіріп, тамақ ішпейді. Бұл «үйге жаманшылық кірмесін» деген ырым.
- Өлік иесіне көңіл айтып келе жатып, жолда басқа үйге кіріп тамақ ішуге болмайды. Бұл да «үйге жаманшылық кірмесін» деген ырымнан туған, Жаназа шығарылып жатқанда жалаңбас отырса, аруақтар риза болмайды.
- Өлген адамға дауыс көтеріп жоқтап жылағаннан кейін бет-қолды жумай тамақтан дәм тату күнә болып саналады.
- Өлген адам тірі кезінде пендешілікпен істеген жамандықтарын еске алып, ауыр сөздер айтса, о дүниеде жаны қиналады.
- Қабірдің топырағын үйгенде топырақ тастаушылар күректі аяқпен баспайды және бірінің қолынан бірі күректі алмайды, тек жерден ғана көтеріп алады. Бұ «өлім-жітім аз болсын» деген ырым.
- Көзі тірісінде өзіне көр қазуға болмайды. Бұл жаман ырымға жатады.
- Кісісі қайтқан үй көңіл айтуға келген адамдарды қарсы алмайды, шығарып та салмайды. Өліктің артын күтеді.
- Қаралы үйде дауыс көтеріп күлмейді. Бұл аруақты қорлау болып саналады.
- Өлген кісінің қабірін баспайды. Себебі аруағы риза болмайды.
- Молада дәрет сындыруға, мал жаюға болмайды. Бұл аруақтарды қорлау болып саналады.
- Моланың басында жүрелеп емес, малдас құрып отырады.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|