ҮЙ ТҰРМЫСЫНА ҚАТЫСТЫ ТЫЙЫМДАР МЕН ЫРЫМДАР
Тыйымдар
- Киіз үйге кіргізілген отынның артығын шығарып тастамайды. Өйткені бұл – үйден өлік шығады деген ырым. Қазақтың киіз үйінде бір жағдайда ғана – үйде өлік болғанда от жағылмайды, отын сыртқа шығарылады.
- Түнде сандықты ашпайды, ашса, әулеттен біреу-міреу өледі деп жорамалдайды. Ал өте қажет болған жағдайда, «оған жылан кіріп кетті» деп ашады.
- Есіктің киізін үйдің үстіне қарай лақтырмайды, орап қояды. Әйтпеген жағдайда жау найзасымен ашып кіреді, яғни жауласқан адам үй қожасын жеңіп кетеді.
- Ауа райы жақсы болса, түндікті бақанмен тіреп қоюға болмайды. Бұл – жау шақыру деген жаман ырым.
- Жанып тұрған шырақты үрлемейді, өйткені бұлай сөндірсе, адам ұмытшақ болады.
- Есіктің босағасын керуге, табалдырығында тұруға болмайды. Бұл – жамандық шақырма деген мағынадағы тыйым. Себебі жау шапқанда ғана үй иелері босағаны керіп, табалдырықта тұрған.
- Есікті тебуге болмайды. Жау келгенде ғана есікті теуіп кіреді.
- Үйді айналып жүруге, жүгіруге болмайды. Бұл – жамандық шақырма деген мағынадағы тыйым. Себебі жау келе жатқанда ғана үй иелері үйді айналып жүрген.
- Біреуден қайрақ сұрамайды.
- Жастық басқа жасталатындықтан, оны аяқпен баспайды.
- Арқанды, бақанды аттаса, шаңырақтың құты кетеді.
- Шәугім мен аққұманның шүмегін есікке қаратып қойса, ырыс-несібе кемиді.
- Итке ожаумен ас құймайды – үйдің берекесі кетеді.
- Біреу келгенде үйді сыпырмайды – әдепсіздік болып саналады.
- Сыпырғымен адамды ұрмайды.
- Сыпырғыш, күрек, айырдың басын жоғары қаратып қоймайды. Бұл – «ұстайтын кісі жоқ» деген жаман ырымды білдіреді.
- Сыпырғышты төрге қоймайды. Бұл – үй ішіндегі жаманшылық, ауру-сырқау сыпырғышпен босағадан шықсын, төрге жоламасын деген ниеттен туған ырым.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|