ТАМАҚҚА ҚАТЫСТЫ ТЫЙЫМДАР МЕН ЫРЫМДАР
- Қолды жумай тамақ жеуге болмайды. Тамақ жеудің алдында және соңында қонақтардың қолына жылы су құйылады. Қолға су құю оң жақтан солға қарай орындалады. Қол жуғанда қолдың әрбір саусағын жеке-жеке жуады.
- Дастарқан басында адамдар жасына қарай отырады. Тамақ әуелі үлкен кісінің алдынан бастап қойылады.
- Тамақты асықпай ішеді. Тамақ ішер алдында «Бимиллаһи рахмани рахим» деп нанды сындырып, ауыз тигеннен кейін басқа тағамды жейді. Бұл сөз «Мейірімді Алланың атымен бастаймын» дегенді білдіреді.
- Тамақты оң қолдың үш саусағымен алады және әркім өз алдынан жейді.
- Ыстық тамақты, шайды үрлеп суытпайды. Тамақтың құты кетеді.
- Тамақты және шайды өте ыстық немесе салқын күйінде ішуге болмайды. Тамақты аз-аздан алып, асықпай шайнап жейді.
- «Нан қатты екен», «шала піскен», «күйіп кеткен», «езіліп кеткен» т.б. сөздерді айтып нанды, тамақты сынамайды. Нанды, тамақты сынау – ашаршылықты шақыратын жаман ырым.
- Тамақты шынтақтап жатып, түрегеп тұрып немесе тым еңкейіп отырып жеуге болмайды. Тамақты отырып жеген дұрыс.
- Дастарқан басында мағынасыз әңгімелер айтуға болмайды. Тамақтану кезінде әрбір адам өзін-өзі ұстай білуі, мүмкіндігінше аз сөйлеуі тиіс.
- Бейіт басында немесе жанында тамақ жеуге болмайды. Ал көшеде, базарда, көлікте мүмкіндігінше көпшіліктің назарын аудартпай тамақтанған дұрыс.
- Жуылмаған көкөніс пен жеміс-жидектерді жеуге болмайды. Өйткені жуылмаған тамақтан адам ауруға ұшырайды.
- Тамақ жеп отырған адамды орнынан қозғаған әдепсіздік болып саналады.
- Қонақ адам тамақты тәбетіне орай, өз қалауынша жегені дұрыс. Оған тамақты зорлықпен алдыру әдепсіздік болып саналады.
- Тамақты, нанды қалдырмай, тауысып жеп қою керек. «Жаманнан жарты аяқ ас қалар» деген сөз бекер айтылмаған.
- Тамақ ішіп болғаннан соң тұрып кетуге болмайды. Өйткені тамақтану соңында ас қайырылып, бата беріледі. Үй иесіне жақсы тілек айтылады.
- Ас ішіп болған соң, «тойдым» демейді, «қанағат» деген жөн.
- Дастарқан басында отырған қонақты санамайды. Қонақты санац жаман ырым саналады.
- Әкесі тірі бала бас ұстамайды. Егер бала бас ұстаса, әкесі өліп қалады деген ырым бар.
- Тамаққа қарай түшкіру әдепсіздік болып саналады.
- Тамақ пісіргенде асқа шаш түсіп кетпес үшін шашты орамалмен байлап алу керек.
- Балаға ми жегізбейді. Ми жеген бала мидай былжыр, ынжық болады деп саналады.
- Жас балаға бұғана ұстатпайды. Бұғана ұстаса, бойы өспей қалады деп жорыған.
- Қызға кәрі жілік ұстатпайды. Кәрі жілік ұстаса, күйеуге шықпай, оң жақта көп отырып қалады.
- Ішіп отырған шайға сама (сәме) түссе, қонақ келеді.
- Шашалған адамға «май қап» дейді.
- Ет турағанда бір кесек ет қалып қалса, ет тураушыға өтірік айтатының бар екен дейді.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|