КИІМГЕ ҚАТЫСТЫ ТЫЙЫМДАР МЕН ЫРЫМДАР
- Киімді оң қолдан бастап киіп, сол қолдан бастап шешеді. Оң қолдан бастап киім кию жақсы ырым саналады.
- Киімді желбегей жамылмайды, өйткені екі қолы жоқ адам ғана киімді желбегей жамылып жүреді.
- Тозбаған киімді тастауға болмайды. Қазақ халқында тозбаған киімді тастау – жаман ырым. Егер адам оны кигісі келмесе, біреуге сыйлау керек.
- Кір киімді киюге болмайды. Киімді әрқашан таза және ұқыпты ұстаған жөн.
- Көпшіліктің алдында жалаңаш-жалпы жүруге болмайды. Бұл әдепсіздік болып саналады.
- Өте ұзын немесе қысқа киім киюге болмайды. Бұлай киіну адам жұмыс істеген кезде қолайсыздық тудырады.
- Киімді сілкіп киген жөн, өйткені киімге жабысқан улы жәндіктер болса ұшып түседі.
- Қыздарға ер баланың киімін киюге болмайды. Ер баланың киімін кию жаман ырым саналады.
- Шалбар мен етікті тұрып киюге болмайды. Оларды соғыс кезінде ғана тұрып киетін болған.
- Киімнің жағасын басуға болмайды. Киім жағасын басу жаман ырым саналады.
- Жастық орнына шалбарды жастамайды. Шалбарды жастану настықтың белгісі болып саналады.
- Бас киімді тебуге, лақтыруға, теріс киюге болмайды. Жақсылықтың бәрі адамның маңдайына жазылады, сондықтан да бас киімнің орны ерекше. Бас киімді әрқашан таза, ұқыпты ұстап, босағаға емес, төрге ілу керек.
- Аяқ киімді төңкеріп қоюға, теріс киюге болмайды. Өйтсе, адамның жолы болмайды, жаманшылыққа ұшырайды.
- Қыз басына ақ, қара орамал тартпайды. Ақ – жаулықтың, қара – қайғының белгісі болып саналады.
- Бөтен адамға бас киім бермейді және айырбастамайды. Адам басы кемиді деп санайды.
- Садақаға киім берсе, оның түймесін қиып алады.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|