ӘЙЕЛГЕ ҚАТЫСТЫ ТЫЙЫМДАР МЕН ЫРЫМДАР
- Әйелге бүйірін таянып тұруға болмайды, өйткені күйеуін жоқтаған әйелдер ғана солай істейді.
- Әйелге түнде суға баруға болмайды, өйткені қорқып, шошыма ауруына ұшырауы мүмкін.
- Екіқабат әйелге түйе етін жеуге болмайды, әйтпесе ол баланы 12 ай көтереді. Егер ол 12 айда да тумайтын болса, бураның мойнына ақ мата салып, содан аттап өтуі керек.
- Жүкті әйел жеңіл босану үшін толғатқан кезде оған тиісті барлық сандықтар ашылып қойылады.
- Жаңа босанған әйел киіз үйге кірген итті қумайды, егер қуса, тістері түсіп қалады.
- Әйел отынды ошақтың үш бұтының үстінен асырып жинап қойса, күйеуі басқаға үйленеді.
- Қонақ қыз босағаға емес, қарттар отыратын құрметті орынға отырады. Әйтпесе үй иесі бақытсыздыққа ұшырайды.
- Екіқабат әйел керілген арқаннан аттап өтпейді, өйткені босанған кезде баланың кіндігі мойнына оратылып, тұншығуы мүмкін.
- Әйел аттылы ер адамның жолын, үлкендердің алдын кесіп өтсе, бақытсыз жағдайға душар болады.
- Әйелге шашын отқа тастауына болмайды. О дүниеде Құдай әйелдер мен қыздардан «саған берген шашымды қайда тастадың» деп сұрайды. Әйел тарақ жүзіндегі шашты жинап, аяқ баспайтын жерге қоюы керек.
- Кір жуғанда кірдің суын жолға, аяқ астына төгуге болмайды. Кірдің суын басқан адам жаманшылыққа ұшырайды.
- Түн ішінде кір жаймайды. Өйткені әйел қорқып, шошыма ауруына шалдығуы мүмкін.
- Әйел шашын жайып жүруіне болмайды. Өйткені қаралы әйел ғана шашын жайып жіберетін болған.
- Жұма күні кір жууға болмайды. Жұма күні кір жуылса – аруақтар риза болмайды.
- Айт мейрамы кезінде кір жууға болмайды. Өйткені айт – қазақ халқының діни мейрамы, қасиетті мерекесі.
- Қызға құйымшақ жегізбейді. Құйымшақ жесе, жеңілтек болады деп санайды.
- Түсік тастамасын деп жас әйелдің етегін бүріп қояды.
- Екіқабат әйелге ара, қайшы ұстатпайды. Ұстаса, мерзімінен бұрын босанады.
- Екіқабат әйел қоян етін жесе, баласы қоянжырық болып туады.
- Жас келіннің емшегі, малдың желіні іссе, қайтыс болған адамды жуған қолғаппен аптайды.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|