АДАМНЫҢ ІС-ӘРЕКЕТІНЕ ҚАТЫСТЫ ТЫЙЫМДАР МЕН ЫРЫМДАР
Тыйымдар
- Белді таянбайды. Себебі жақын адамы қайтыс болғандажоқтау айтып жылаған әйел ғана белін таянады.
- Жақты таянбайды. Қайғы-қасіреттен әбден қажыған адам ғана жағын демеу етіп, таянады.
- Жер таянып отырмайды. Жақынынан айырылған адам ғана жер таянады.
- Бетті басуға болмайды. Қайғы-қасіреттен қажыған адам ғана бетін басады.
- Қолды тарақтауға, артқа қусырып жүруге болмайды. Бұл – қолы байланған тұтқынды еске салатын жаман ырым.
- Белді босқа буынбайды. Өмірінде перзент көрмеген адам ғана белін босқа буынады.
- Тізені, табанды тартуға болмайды. Ауруға шалдыққанда ғана тізе мен табанды тартады.
- Тізені құшақтамайды. Бұл – «Ұрпақсыз қалдым», «Қу тіземнен басқа құшақтар қалмады» деген жаман ырымды білдіреді.
- Жуған қолды сіліксе, ырыс-несібе кетеді.
- Адамға қарап қолды шошайту әдепсіздік болып саналады.
- Саусақты, қолды орынсыз ауызға салуға болмайды, бұл да әдепсіздік белгісі.
- Екі қолды төбеге қойып отыруға болмайды. Басына қайғы-қасірет түскен адам ғана екі қолын төбесіне қойып отырады.
- Аяқ-қолды жіппен байлауға болмайды. Себебі бұл қол-аяғы байланған тұтқынды еске салады.
- Басты шайқауға, тісті қайрай беруге болмайды. Жүйке ауруына шалдыққан адам ғана осылай істейді.
- Таңдай қағуға болмайды. Үй ішінде таңдай қаға беру – жаманшылық (өлім-жітім) шақыру белгісі.
- Біреуге қарап ерін шығаруға, үлкен адам алдында аяқты созып отыруға, адамға қарай түшкіруге, түкіруге, үлкен кісінің жолын кесіп өтуге болмайды: бұл қылықтардың бәрі де әдепсіздік болып саналады.
- Құран оқығанда күлуге болмайды. Құранды жерге тастауға болмайды. Өйткені ол киелі нәрсе.
- Кісіге қарап бейберекет күлуге болмайды. Жүйке ауруына шалдыққан адам ғана бейберекет күле береді.
- Адамға қарап керілмейді, әдепсіздік болып саналады.
- Жатқан кісінің үстінен аттамайды.
- Кемтар адамға күлуге болмайды. Кемтар адамға күлсең, өз басыңа келеді.
- Екі езуді керуге болмайды. Жаманшылық шақыру белгісі болып саналады.
- Ішекті тартуға болмайды. Жаманшылық шақыру белгісі болып саналады.
- Құдайға тіл тигізуге болмайды.
- Тырнақты тістесе, ырыс-несібе кетеді.
- Тырнақ пен бастың шашын бейсенбі мен жұмадан басқа күндері алады.
- Сейсенбі күні үлкен іске кіріспейді, түнгі қонаққа мал сойылмайды, жаңа мекенге көшпейді, тіпті малды да санамайды. Қазақ халқында сәрсенбі сәтті күн болып есептеледі. Сондықтан барлық істі сәрсенбі күні бастайды.
- Түнде айнаға қарамайды. Адам түнде айнаға қарағанда қатты шошынуы мүмкін.
- Итті, мысықты тебуге болмайды. Өйткені әрбір жан-жануардың киесі болады.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|