20:06 Қазақ әдебиеті әлемінен |
«ЖАЛАҢТӨС БАТЫР» – хикая. Онда Жалаңтөс баһадүрдің ерлік істері баяндалады. Хикая нұсқасы толық емес, қара сөз үлгісімен жазылған. Ел аузынан жазып алған Шайхы Ғалихайдарұлы. Хикаяның қолжазбасы Орталық ғылыми кітапхана қорында сақтаулы.
«ЖАЛБЫР БАТЫР» – хикая. Б.Құрманбаев 1955 ж. Қызылорда қаласының тұрғындарынан жазып алған. Аңызда 19-ғасырда Сыр өңірінде өмір сүрген Жалбыр батырдың ерлігі баяндалады. «Ақайдар қарияның аңыз-әңгімесі», «Бекберген қарттың әңгімесі», «Жалбырдың қызы Сүліктің әңгімесі», «Қара деген қартты әңгімесі», «Сумұрын Жаппас Ораз жыраудың өлеңі», «Кеншінбай ақынның Жалбырдың ата-тегін өлеңмен сипаттап айтқаны» деген бөлімдерден тұрады. Қолжазба әдебиет және өнер институтының Қолжазба және мәтінтану бөлімінде сақтаулы.
ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР – қазақ ертегілеріндегі жағымсыз бейне. Ол кейде жеті басты, қарға тұмсық, қол-аяғының тырнақтары сояудай, адам қанын соратын қорқынышты кейіпкер ретінде суреттеледі. Жалмауыз кемпір бейнесінің тарихи негізі бар. Матриархат дәуірінде руды қария әйелдер басқаратын болған. Жас балаға ат қою, жетімқалған балаларға қамқорлық жасау, шеттен келген адамды руға қабылдау, жастарды үйлендіру, рулық заңдарды қатал сақтау т.с.с. осы ананың әмірінде болған, керек кезде ол бақсы да, әскербасы да болған. Осының нәтижесінде қарт анаға табынушылық пайда болған. Ол керемет күш иесі. Қолынан келмейтіні жоқ сиқыршы, рудың жауларын, жын-шайтанды да жеңе алатын күш деп танылған. Патриархаттың тууына байланысты бұл бейне құлдырап бұрынғы маңызын жойды. Оның атқаратын қызметі кейіннен аталық рубасыға ауысты. Рубасы ананың бейнесі мифтік аңыздарда ғана қалды, бара-бара ол жалпы атпен жағымсыз кейіпкер сипатын алды. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |