18:48 Қазақ әдебиеті әлемінен |
«ЕСІМ-ЗЫЛИХА» – дастан. Халық ақыны Нұрқан ахметбековтің төл шығармасы. 1923 ж. Ел аузындағы аңыз-әңгімені дастан етіп жазып, 1936 ж. Қолжазбасын Қазақ ұлт мәдениеті институтына (қазіргі Әдебиет және өнер институты) тапсырған. Дастанда ер көңілді, қайсар Есім серінің Зылиха деген қызға ғашықтығы, екі жастың махаббат жолындағы әрекеті жырланады. Шығарма мазмұны Нұрқан ақынның «Есім-Қадиша» атты екінші дастанымен ұқсас. Мұндағы өзгешелік қыз есімі Қадиша деп алынған. Дастан нұсқасы толық, 11 буынды қара өлеңмен ақынның «Тосын толғау» атты жыр жинағында (1958) жарық көрген. Қолжазба нұсқасы әдебиет және өнер институты мәтінтану және қолжазбалар бөлімінде сақтаулы.
ЖАЗБА АЙТЫС – ерте заманда Шығыс поэзиясында, атап айтқанда, араб, парсы, моңғол әдебиеттерінде болған үрдіс. Шығыс елдерінде көне заманнан келе жатқан осы айтыс дәстүрі 20-ғасырдың бас кезінде қазақ арасында кең тарады. Жазба айтыс ауызша айтыстың жалғасы іспетті. Жазба айтыс сауаттылыққа, тапқырлыққа, көркем бейнелеуге, ой ұшқырлығына тәрбиелейді. Сауатты ақындар жұрт алдына шықпай, хат арқылы сөз айтысына түсті. Бұл айтыс Қазақстанның оңтүстік өңіріне кеңінен тараған. Егер ауызша айтысқа екі адам қатысса, жазба айтысқа кейде бірнеше ақын араласады, айтыс ұзап кетсе, сырттан біреу тоқтау сөз салып, төрелік айтады. Мысалы, Т.Ізтілеуұлы Кете Жүсіп пен Даңмұрынның, Қаңлы Жүсіп пен Кете Жүсіптің айтыстарына аралық сөз айтып, тоқтау салған. Жұмбақтап жазып айтысу әдісі де бар. Оған Ізтілеуовтің Ш.Жәңгіровке он бір буынмен жазған жұмбақ өлеңін айтуға болады. Ал, Ырысты мен он алты ақынның айтысы да жазу түрінде хатқа түскен айтыс. Мұнда қара өлең формасы мен ғазал араласып келеді.
ЖАЛАҢАШ АТА – қазақ халқының аңыз әңгімелерінде кездесетін жел киесі. Әрбір құбылыста құдірет бар деп сенетін халық желдің киесін желбір-желексіз, жеңіл жүретін бейнеге теңейді. Табиғат құбылысындағы мазасыз әрекеттің жебеушісі Жалаңаш ата деп білген. Ол үнемі жортып жүретіндіктен, үстіне киім кимейді, аптапқа күймейді, суыққа тоңбайды. Қыста ақ қарды оранып жатса, жазда ағаш пен шөптің саясында тыныстайды. Сонда жел де тына қалады. Қырман сыпырып, тары ұшырып жатқан қырманшылар Жалаңаш атаға ысқырып хабар беріп, жел шақырады. Мұны естіген Жалаңаш ата қарғып тұрып желді жұмысқа жегеді деп ойлаған. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |