15:48 Қазақ әдебиеті әлемінен |
«ЕР ТАРҒЫН» – батырлық жыр. Ноғайлы дәуірінің тарихи оқиғаларын бейнелейтін жырдың негізгі идеясы – ел бірлігін сақтау, батырлықты дәріптеу. Ер Тарғын жырының бірнеше нұсқалары болған. Бірақ ғалымдардың негізгі нұсқа деп танитын нұсқасы – 1862 ж. Қазанда басылып шыққан «Ер Тарғын» жыры. Жырды Марабай ақыннан жазып алып бастырған – н.Ильминский (1859). Одан кейін бұл жыр В.Радлов (1870), Д.Саркин (1904), Ә.Диваев (1922) жинақтарында жарияланған. Орталық ғылыми кітапхана мен әдебиет және өнер институтының мәтінтану жәе қолжазба бөлімінде жырдың 8 нұсқасы сақтаулы. Мазмұны, сюжет желісі және композициялық құрылысы жағынан Н.Ильминский бастырған нұсқасы – оқиғасы мол, ең көркемі. В.Радлов нұсқасы – түгелімен дерлік қара сөз. Ал Д.Саркин бастырған нұсқа Н.Ильминский жариялаған Марабай нұсқасынан көркемдік деңгейі төмен. Сондықтан қазақ фольклортану ғылымы «Ер Тарғын» жырының осы екі нұсқасын негізгі деп біледі. Ол – Н.Ильминский жарыққа шығарған Марабай нұсқасы және В.Радлов Қырым елінен жинап, өзінің 9 томдығының 7-томына енгізген «Ер Тарғын» атты аңыз әңгімесі. «Ер Тарғын» жырының негізгі кейіпкері – Тарғын мен Ақжүніс, Тарғын – асқан батыр, ел қорғаушы. Ал Ақжүніс жырда батыр мінезді, көркіне ақылы сай әйел ретінде беріледі. «Ер Тарғын» жырының композициясы өте тартымды, шебер құрылған. Кейбір эпизодтар көркем монологтермен беріледі. «Ер Тарғын» жырында классикалық эпоста кездесетін көркемдік тәсілдердің бәрі бар. Жырдың көркемдік ерекшеліктері, сюжеттік желісі, образдары хақында М.Әуезов, М.Ғабдуллин, Қ.Жұмалиев, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Марғұлан, С.Мұқанов, т.б. ғалымдар зерттеулер жазды. «Ер Тарғын» жыры мен қазақтың халық әндері негізінде композитор Е.Г.Брусиловский «Ер Тарғын» операсын жазды. Осы аттас жыр башқұрт халқында да бар. Негізгі сюжетте айтарлықтай алшақтық жоқ. Алайда негізгі кейіпкерлерді бағалауда айырмашылық бар.
«ЕР ТОҚЫМБЕТ» – жыр. Жыр оқиғасы Тоқымбет деген жігіттің махаббат жолындағы ерлік күресін баяндауға құрылған. Дастанның кісі аттарындағы өзгешеліктері болмаса, мазмұндары бірдей бес нұсқасы бар. Торғайлық халық ақыны Файзолла Сатыбалдыұлы ел аузынан естіп жазған «Тоқымбет» атты поэмада Тоқымбеттің Гүләйім деген бай қызына ғашық болып, өмірде болған адам, аға сұлтан Ерден батырдың олардың отау тігуіне қол ұшын беруі көркем суреттеледі. Файзолла ақынның осы поэмасының Ж.Ыбыраев ел аузынан жинаған нұсқасы толық та, Р.Шәріпұлы жинаған нұсқасы толық емес. екеуі де он бір буынды қара өлеңмен жазылған. Осы жырдың қарағандылық А.Ахметов қара сөзбен баяндаған нұсқасы екі бөлімнен тұрады: 1-бөлімде Тоқымбеттің нағашысы Сүлеймен оқиғасы баяндалса, 2-бөлім бас кейіпкердің әңгімесі арқылы өрбиді. Халық ақыны Б.Қожабаев жырлаған осы дастанның бесінші нұсқасы да толық, өлең құрылысы жыр үлгісінде құрылған. Дастанның барлық нұсқасы Орталық ғылыми кітапхана қоры мен Әдебиет және өнер институты Қолжазба және мәтінтану бөлімінде сақтаулы.
«ЕР ТӨСТІК» – қазақ батырлық ертегілерінің ішіндегі ежелгі үлгісі. Мазмұны мен сюжеттік құрылысының, кейіпкерлері мен іс-әрекеттердің сипатынан «Ер Төстік» ертегісі архаикалық мифтің, хикаяның, қиял-ғажайып ертегілердің қасиеттерін бойына молынан сіңірген. «Ер Төстікте» алғашқы қауым адамдарының ырымдары мен әдет-ғұрыптары да кездеседі. Мысалы, Төстіктің жер астына түсіп, үстіне шығуы, оның Шойынқұлақпен айқасуы шамандық көзқарасқа тән түсінікті бейнелейді. «Ер Төстікте» классикалық батырлық ертегіге тән белгілердің бәрі бар. Сайыста кейіпкердің өз күшімен емес, керемет достарының арқасында жеңуі – батырлықтан гөрі қиял-ғажайып ертегінің заңдылығы. Көркемдік жағынан «Ер Төстік» қиял-ғажайып ертегі мен батырлық жырдың элементтерін кең пайдаланған. Төстіктің көмекшілері де ескі діни сенімдер шеңберінде туып, кейін көркем бейнеге айналған. Мысалы, Шалқұйрық – тек жүйрік ат қана емес, алдағыны божай алатын қабілеті бар, неше түрлі сиқырды білетін, адамша сөйлеп, адамша іс-әрекет қылатын қасиетті жануар, Төстіктің көмекшісі, ақылшысы. Ал жер астында Төстікке дос болатын Желаяқ, Таусоғар, Көлтаусар сияқты кейіпкерлер – мифтік танымның сипаты. Ертедегі адамдардың мифтік түсінігі бойынша, желдің, таудың, судың «иелері» болған. Кейінгі замандарда олар көркемдік сипатталып, «достар осындай болса екен» деген адам арманын жүзеге асырушы бейнелер ретінде қабылданған. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |