13:28 Қазақ әдебиеті әлемінен |
«ЕРМЕК БАТЫР» – жыр. Еңлік пен Кебектен қалған бала Ермектің ер жеткен соң ата-анасының кегін қалай алғаны жайлы халық қиялынан туған оқиғаға құрылған. Бірнеше нұсқасы бар. Жырдың барлық нұсқаларының мазмұны ұқсас, кіріспе бөлімі, көбінесе батырлық жырлардағыдай, Ермектің балалармен ойнап жүріп, тентектік жасаумен, ата-анасының зұлымдықпен өлтірілгендігі жайлы естіп, кек алуға аттанғандығымен басталады да, жас батырдың әке-шешесін өлтірген жақты қырғынға ұшыратып, дастан соңында батыр мақсатына жетеді. Ермек бұл жерде ата-ана кегін алу үшін ғана күрес жүргізеді. Дастанда негізгі сюжеттік желі – ру таласынан туған зұлымдық әшкереленуге құрылған. Жыр нұсқалары Орталық ғылыми кітапхананың қолжазба қоры мен Әдебиет және өнер институты қолжазба және мәтінтану бөлімінде сақтаулы.
«ЕР ОЛЖАБАЙ» – батырлық жыр. Жырда 18-ғасырда Абылай хан тұсында өмір сүрген қазақтың атақты батырларының бірі Олжабай Толыбайұлының ерлігі баяндалады. Ел аузынан белгісіз бұл шығарма қазір Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорында сақтаулы. Дастанда жырланатын батыр Орта жүз ішіндегі Арғынның Сүйіндік руынан шыққан. Шын аты – алажақы, халық қойған лақап аты – Олжабай. Оның жорыққа шыққанда мінетін Тайкөк дейтін тұлпары болған. Алжақы жау шебін бұзарда «Олжабайлап» шабады екен. Сондықтан алжақының лақап аты да, ұраны да «Олжабай» болып, бүкіл Орта жүзге жайылған. Бұл дастанмен бірге атақты батыр өмірінің әр кезеңін бейнелейтін аңыз-әңгімелер, жеке жыр-өлеңдер де бар. Мысалы, «Олжабайдың батыр атануы» атты аңыз-әңгімеде Олжабайдың қалмақ батырын жекпе-жекте өлтіріп, алғаш батыр атануы суреттелсе, «Абылай ханның Сарыарқаны алғаны» атты аңыз-әңгімеде қалмақ ханы Қалдан Цереннің әскерін жеңіп, қырғынға ұшыратқаны баяндалады.
«ЕР САЙЫН» – батырлық жыр. Көлемі 3000 тармақ. Жырда ноғайлы дәуіріндегі батырлар жорықтары баяндалады. Жыр ауызекі тараған. Оны 1870 ж. В.Радлов өз жинағында жариялаған «Образцы народной литературы тюркских племен, живущих в Южной Сибири и Джунгарской степи» (СПб, 1870). 1910 ж. Орынбор мұрағат комиссиясының ғылыми еңбектерінде «Бозманай» деген атпен басылды. Кеңес дәуірінде Ташкент (1922) жеке кітап болып шықты. С.Сейфуллин құрастырған «Батырлар жыры» жинағында басылды (1933). Кейін «Ер Сайын» эпостық жыры екі рет баспа бетін көрген В.В.Радлов жинағында жарияланды («Алтын сандық», А., 1993; «Ел қазынасы – ескі сөз», А., 1994). Эпостың ықшамдалған нұсқасы А.Пеньковскийдің аударуымен «Литературный Казахстан» журналында жарияланған (1938). Мәшһүр Жүсіп Көпеев, т.б. ауыз әдебиеті мұраларын жинаушылар жазып алған «Ер Сайын» жырының нұсқалары Орталық ғылыми кітапхана қорында сақтаулы. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |