13:22 Қазақ әдебиеті әлемінен |
«ЕР БӨЛЕК» – дастан. Ауыз әдебиетін жинаушы С.Бекболатов жырлаған дастанда Маңғыстау өңірінен шыққан Ер Бөлек пен Дәуітбатыр бастаған қазақ сарбаздарының қалмақтарға қарсы ерлік күресі баяндалады. Шығарма 11 буынды қара өлең және 7-8 буынды жыр үлгісімен аралас жазылған. Дастан қолжазба нұсқасы Орталық ғылыми кітапхананың қолжазба қорында сақтаулы.
«ЕРГЕНЕҚОН» – дастан; ғұндар мемлекеттік бірлестігі ыдырап, көк түріктердің алғашқы мемлекеті – Түрік қағанаты салтанат құрған (552-745) кезеңге дейінгі 450 жыл ішінде болған түрлі оқиғаларды қамтитын, түркі халықтарының ата тегін тарихи деректер бойынша жыр еткен ауыз әдебиеті үлгілерінің бірі. «Ергенеқон» дастаны толық күйінде сақталмаған, тек жекелеген үзінділері мен жалпы сюжеттік желісі ғана бізге жеткен. «Ергенеқон» дастанына алғаш назар аударғандар Түркияның түркітанушы ғалымдары – М.Ф.Күпрулу (1896-1966), А.Нихал (1905-1975) болды. Түрік зерттеушілері «Ергенеқон» дастанына қатысты бірқатар деректерді б.з.б. 1 ғасырда өмір сүрген Қытай тарихшысы Сыма Цянның «Цянь хань Шу» («Бірінші хан дәуірінің тарихы») атты кітабынан алғанын, сондай-ақ ежелгі грек тарихшылары Полиэн, Ктезий, Геродот (б.з.б. 490/80-425) жазбаларынан тапқанын айтады. Көне түркі жазба әдебиетінің сюжеттік желісіне енген кейбір тарихи оқиғалар «Ергенеқон» дастанында ұшырасып қалады. Дастан мазмұны бойынша: баяғы өткен заманда көк түріктердің елін Иль деген хан басқарыпты. Ол уақытта түркі елі аса қуатты екен. Бір кездері көрші елмен соғысып жеңіліп қалады. Иль ханның Каян мен Тоғуз деген балалары ғана аман қалып, қашып шығады. Олар енді шөбі шүйгін, өмір сүруге қолайлы қоныс іздеп табады. Ол жерді «Ергенеқон» деп атайды. Сол жерде төрт жүз жыл өмір сүріп, өніп-өсіп тұтас бір халыққа айналады. Сөйтіп ата-бабасының жеріне оралып жауынан кек алады. «Ергенеқон» дастанына өзек болған идея халыққа тұтас қоныс, жерұйық, бақытты өмір іздеу сарыны араға сан ғасырлар салып, Асан қайғы жырау толғауларында қайталанады. «Ергенеқон» дастаны – түркі халықтарының шығу тегін, түрлі тайпалық топтарға бірігуін, көне кәсібін, өмір сүру салтын, аңыздарын тарихи деректер бойынша жыр еткен, бізге толық күйінде жетпеген ауыз әдебиеті үлгілерінің бірі.
«ЕРДЕН БАТЫР» – хикая. Ерден деген батыр жігіттің ерлік істері, шешендігі баяндалады. Шығарма жеті әңгімеден тұрады. Алғашқы екі әңгіме Ерден батырдың қалай батыр атанып, найзагерлікпен көзге түскенін сипаттаса, үшінші әңгімеде батырдың Қоқан хандығын шабуы, төртінші әңгімеде Ерден батырдың Сағымсары деген атының дауы, бесінші әңгімеде Ерден батырдың Дүтбай батырды абақтыдан босатып алуы, алтыншы әңгімеде батырдың Аққошқармен ерегісі және губернатордан айыпсыз құтылуы, жетінші әңгімеде батырдың атақты Шорманның алдында сыннан өтіп аға сұлтан, болыс болуы суреттеледі. Қара сөзбен баяндалған бұл хикаяны жазушы С.Шәріпов ауыз әдебиетін жинаушы жезқазғандық Ә.Наурызбаевтан жазып алып, «Жаңа әдебиет» журналының 1929 ж. №1 санында жариялаған. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |