13:38
Қазақ әдебиеті әлемінен

«ЕДІЛ-ЖАЙЫҚ» – эпостық жыр. Оқиға сарыны халық арасына кең тараған ертегі сюжетінен алынған. Шығармада Еділ, Жайық атты батырлардың ерлік істері баяндалады. Екі батырдың бірін-бірі іздеп шығып, халықты жаудан азат етуі, әкесі Еділді баласы Бөртештің іздеу жолындағы ерлігі эпостық сарында суреттеледі. Ел қорғаны батырлардың, адамға дұшпан күштердің мінездемесі эпикалық әсірелеу дәстүрінде берілген. Бұрын еш жерде жарияланбаған, тақырып, тарауларға бөлінбеген. Бұл жырдың ауыз әдебиетін жинаушы Б.Тұрсынбаевтың 1951 ж. Жамбыл облысында тұрған Мұса деген қарт ақыннан жазып алған нұсқасы толық, 7-8 буынды жыр үлгісіне құрылған. Ал осы Б.тұрсынбаевтың ел аузындағы аңыз негізінде өңдеп жырлаған «Еділ мен Жайық батыр» атты дастандарының Мұса нұсқаларынан сәл өзгешелігі бар. Б.Тұрсынбаевтың нұсқаларында екі батыр қалмаққа қарсы соғысып, жау қолынан қаза табады. Бұл нұсқа да бұрын баспа бетін көрмеген, мәтіні толық, 7-8 буынды жыр үлгісіне құрылған. Мұса нұсқасы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар және мәтінтану бөлімінде, ал Б.тұрсынбаев нұсқасы Орталық ғылыми кітапхана қорында сақтаулы.

 

«ЕҢСЕГЕЙ БОЙЛЫ ЕР ЕСІМ»  – тарихи жыр. Көлемі – 7000 жол. Дәстүрлі эпикалық жанр арнасында жазылған. Жырдың 1938 ж. Қазанғап Бай болұлынан жазып алынған бір нұсқасы «Есім хан туралы» жыр деп аталады. Ақын мұны ел есінде қалған тарихи аңыз-деректерге сүйене отырып жырлаған. Жырдың алғашқы «Шыңғыс хан», «Тәуекел хан» деп аталатын тараулары Шыңғыстың, Тәуекелдің өмірге келуі және хан тағына көтерілуі туралы аңыз сарындарымен басталады да, олардан бергі қазақ хандарының тарихына қысша шолу жасайды. Шығарманың бұдан кейінгі тараулары Есім ханның ер жетуі мен жорықтарына, оның заманындағы тарихи оқиғалар мен ел басқару үлгісін баяндауға арналған. Есім хан туралы өлеңмен жазылған жыр-аңыздар Шығыс Түркістан қазақтары арасында да ұшырасады. К.Байболұлынан жазылып алынған жырдың бұлардан ерекшелігі Тараз, Шымкент, Сайрам, Ташкент, Түркістан жерінде болып өткен мол кездің тарихи оқиғалары мол қамтылуында. Аталған жырдың қолжазбасы Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорында сақтаулы. Авторы белгісіз. Жырда 7-8 буынды шұбыртпалы ұйқас пен 11 буынды қара өлең үлгісі ауысып келіп отырады. Жырдың шағын үзіндісі «Ана тілі» газетінің 1990 жылғы 31 мамырдағы санында жарияланған.

 

«ЕРАҒЫБАЙ» – 19-ғасырда өмір сүрген Ағыбай батыр туралы жазылған дастан. Ел арасына кең тараған бұл жырда ағыбайдың сыртқы жауға қарсы күресте ерліктері, тапқырлығы, шешендігі жайлы әңгімеленеді. Ылғи жеңіске жетіп, жолы болып жүретіндіктен, халық оны ардақтап «Ақжолды», «Ақжолтай», «Ағыбай батыр» деп атаған. Ел арасында Ағыбай туралы аңыз-әңгімелер, өлең-жырлар көп кездеседі. Батыр жөнінде бірнеше жыр нұсқалары сақталған. Соның ішінде көркемдігі мен мазмұны жағынан құндысы – халық ақыны Ж.Мәдиевтің 1949 жылы Н.Бейсеновтен жазып алған жыры. Бұдан басқа Т.Айнатасов, Тәттімбетұлы, М.Жиреншин, қ.Нұрғалиев, Қ.Қартаңбаевтар жинаған жырлар да бар. Бұл дастандарда ел қорғау жорығына қатысып, ерлік жасаған Ағыбай батырдың бейнесі жырланады. «Ер Ағыбай» туралы жырлар Орталық ғылыми кітапхананың қолжазба қорында сақтаулы.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 194 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: